• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Сәуір, 2023

«Темір нарком» жұрт жадында

505 рет
көрсетілді

Биыл қысқа ғұмырында ұлтына адал қызмет етіп өткен қабырғалы қайраткер Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы 2023 жылды түркі әлеміндегі Темірбек Жүргенов жылы деп жариялады. Осының аясында Анкарада, Астанада ұлт рухын оятқан қайраткер туралы кітаптардың таныстырылымы өтті. Ал Қызылордада қазақ мәдениетіндегі талай қайраткерлерді тәрбиелеген тұлғаның 125 жылдығына арналған «Ұлт руханияты және Т.Жүргенов мұрасы: жасампаздығы мен зерттелу кеңістігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінде өткен конференцияға ғалым­дар, мемлекет қайраткерлері, облыс әкімінің орын­басары Нұрымбет Сақтағанов, халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысты.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Орталық Азияда құрылған республикалардың ұлттық-аумақ­тық межеленуіне үлкен үлес қосқан Темір­бек Қараұлы сол кезеңде айналасына зиялыларды топтастырған көрнекті тұлға болғандығын атап өтті. Жаc Жүргеновтің осыдан бір ғасыр бұрын «қазақстандық жо­ғары оқу орны ғылыми-зерттеушілік және ғылыми-практикалық орталық болуы тиіс» деген пікірі, өзге де қадау-қадау идеялары әлі өзектілігін жоя қойған жоқ.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевтың айтуынша, қазан айында Түркия көрермендері «Нарком Жүргенов» қойылымын көреді. Алда Өзбек­стан мен Қырғызстанда да ұлт қай­раткеріне ар­налған іс-шаралар өткізілмек.

Конференция барысында жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Темір наркомның» өмір жолы, өскен ортасы, қызметі, қайраткер мен әулетінің қуғын-сүргінде шеккен қасіретін баяндаған «Комиссар Жүргенов» кітабының тұсаукесері өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми кітап­ханасында «Қазақ руханиятының жарық жұлдызы» тақырыбында арнайы кітап көр­месі ұйымдастырылды.

Жиында Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев, «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Әнес Ғарифолла, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, «Ко­миссар Жүргенов» кітабының авторы, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев, Қ.А.Яcауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Хазіретәлі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің доценті, филология ғылым­да­ры­ның кандидаты Бауыржан Иманғалиев, Түркия Республикасы Мугла Сыткы Кочман университетінің профессоры Кенан Коч баяндама жасады. «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситеті, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жан­бершиева, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева да қайраткер өмірінің әр қырына тоқталып өтті.

Жалпы, Жүргеновті жұрт жадында қал­дыру жұмыстары Сырда оншақты жыл бұрын бастау алғанын айта кетуіміз керек. Қайраткер атындағы қоғамдық қор құ­рылып, рухын ұлықтау мақсатында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Қы­зылорда қаласында бой көтерген Шы­ғар­машылық үйіне Т.Жүргенов есімі берілді. Қор жетекшісі Сәби Аңсаттың тынымсыз ізденісінің арқасында қайраткер рухын құрметтеу бағытында біраз бастама жүзеге асты.

Отыз жетінің оқпанына жұтылған арыстардың өзі ғана емес әулеті де қуда­ла­нып, талай қиындықты бастан кеш­кені белгілі. Темірбектің жары Дәмеш Жүргенова да жазықсыз жалалы болып, «АЛЖИР» азабын тартты. Мерейтойлық іс-шаралар аясында Қызылорда қаласындағы көшелердің біріне Дәмеш Жүргенова есімі берілді.

Көшенің ашылуына орай өткен жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Дәмеш Әмірханқызы өмірін азаматының тарихтағы орнына қатысты әділеттілікті біржола қалпына келтіру, оның есімін ұлықтау мақсатындағы істерге ұйыт­қы болуға арнаған жан екендігін атап өтті.

– Қазақтың небір жайсаңдары мен марқас­қаларының басына қара бұлт үйірген 1937 жылғы қудалауда тек зиялы азаматтар ғана емес, сонымен қатар өмірлік жарлары, білімді, білікті аналар да зобалаң құрығынан құтыла алмады. Міне, сондай жандардың бірі – Қазақстан Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің зайыбы, Қазақ КСР еңбек сіңірген дәрігері Дәмеш Ермекова еді. Оның еңбегі мен өмір жолы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Осы күндері Нартай Бекежанов атын­дағы облыстық драма театры сахнасында Рақымжан Отарбаевтың «Нарком Жүр­генов» тарихи драмасы көрермен қа­уым­ға ұсынылды. Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темірдің ре­жис­серлік етуімен қойылған спектакльге Жүр­геновтің өмірі мен ел алдындағы еңбегі өзек болған.

«Жыр арқауы – Жүргенов» атты респуб­ликалық жыр мүшәйрасы да күллі Орта Азияның руханиятында өшпес із қалдырған қайраткер есімін жаңғырта түсті.

 

ҚЫЗЫЛОРДА