• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2023

Газблок зауыты іске қосылды

324 рет
көрсетілді

Қостанайда «RealtyKST» автоклавты газблок зауы­ты ашылды. 70-тен ас­там адамды жұмысқа ор­на­­ластырған кәсіпорын жылы­на құрылысқа қажет 75 мың текше метр өнім шығармақ.

Құрылысы қарқынды жү­ріп жатқан Тобыл өңіріне қабыр­ғатастар негізінен Ресейден әке­­­лінеді. Оған бәсеке бола ала­­­­­­тын­дай жергілікті өнім аз. Өйт­­­кені шағын цехтардан шы­ға­тын жергілікті газблоктың ар­за­нырақ болғанына қарамас­тан, жұрттың көбі сапасына қызығып, Ресейдің қымбат газблогын аттай қалап алып жатады. Ең өтімді тауар. Тіпті жаз ортасы – құрылыс маусымының нағыз қызған шағында қат болып кететіні де бар.

«RealtyKST» ЖШС енді ше­­телдік газблоктан арзан әрі сапалы өнім шығаруға бел буып отыр. Кәсіпорын басшысы Виктор Шастливыйдың айтуынша, жергілікті автоклавты газблок құм, цемент және әктің қоспасынан жасалады.

– Біз шығаратын блоктар экологиялық жағынан таза құ­рылыс материалдарына жатады. Егер өндіріс үдерісі туралы айтатын болсақ, қоспа үш сағаттың ішінде қатады. Содан кейін оны шикі күйінде кесуге апарады. Әрі қарай 12 сағатқа автоклавқа жіберіледі. Бағасы басқа газблоктардан төмен, себебі біз шикізатты өзімізден аламыз. Мысалы, гипс пен әк Павлодардан келеді, – дейді зауыт басшысы.

Жаңа зауыт орналасқан үл­кен ғимарат бұрын базальт­тан минералды жылытқыш мате­­риалдар жасап шығаратын «Тер­момастер» деп аталатын өндіріс орнына тиесілі болған. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған бұл жоба құтты болмады. Жұмысын бастамастан, сәтсіздікке ұшырап тоқырап қалды. Өйткені зауытқа деп арнайы сатып алынған өндірістік құрылғылар сапасыз болып шыққан. Осылайша, еңселі ғимарат он шақты жыл бойы қаңырап бос тұрды.

Жаңа кәсіпорынның басшылары ауданы 15 мың шаршы метр болатын алып ғимаратты жаңартып, қайта бейімдеп, өндірісті іске қосуға шамамен 2 млрд теңге қаржы жұмсаған.

«2021 жылы құрылыс-мон­таждау жұмыстары бас­талды. Ғимаратты қалпына кел­тіріп, құрал-жабдықтарды орнатып шықтық. Биыл қаңтар айында газ блоктарының ал­ғашқы легін құйып көрдік. Осылайша, өнім көлемін арттырып келе жатырмыз. Енді, міне, өндіріс толыққанды жұмыс істеп тұр. Қажет болса, аз ғана шығынмен өндіріс көлемін жылына 120 мың газблокқа дейін арттыруға мүмкіндік бар», дейді Виктор Шастливый.

Биыл өңірде 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 150 мың адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Оған қажет қабырғатастың 70 пайызын «RealtyKST» серіктестігі шы­ғаратын болады.

 

Қостанай облысы