• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Сәуір, 2023

Даудың басы – шаңғының майы

458 рет
көрсетілді

Шаңғымен жарысатын спорт түрлерінде кейінгі жылдары түрлі рекордтар жаңарып жатыр. Бірақ көп ұзамай-ақ бұған тоқтам болатын секілді. Өйткені Еуропада осы бәсекелерде қолданылатын кейбір химиялық заттарға шектеу қойылмақ.

Мәселенің бәрі шаңғыны майлайтын пер-полифторалкильді заттан (PFAS) туындап отыр. Экологтардың айтуынша, мұндай химиялық өнім көп жылдар бойы табиғи түрде тарамай, қоршаған ортаға да, адам денсаулығына да зиян тигізуі мүмкін. Әсіресе бедеулікке, қатерлі ісікке және бауыр жұмысының бұзылуына әкелуі ықтималдығы жоғары.

Жалпы, шаңғы спорттарында, әсіресе шаңғымен жарыста және биатлонда бірнеше секундтың өзі үлкен рөл ойнайды. Ал фторланған майды жағу шаңғымен тез сырғанауға жол ашады. Сондықтан спортшылар оны қолдануға жаны құмар. Қазіргі таңда Еуропада осы мәселе қызу талқыланып жатыр. Қарт құрлықтың бес мемлекеті, атап айтқанда, Германия, Нидерланд, Швеция, Дания және Нор­вегия Еуропалық одақты көптеген хи­мия­лық өнімге шектеу қоюға үндеп отыр. Тыйым салынуы керек тауарлар қатарында косметика түрлері, азық-түлік қамтамалары және шаңғы балауызы бар. Қазірдің өзінде бірқатар халықаралық ұйым фторы көп PFAS балауызымен шаңғы майлауға тыйым салған.

Экологтардың дабыл көтеретіндей жөні бар. Өйткені фтор – өте улы химия­лық элемент. Алда-жалда оны шекті мөл­шерден көп қолданса, ағзаға зиян келтіреді. Ал мұндай элемент артығымен қосылған өнімдер көп жағдайда денсаулыққа зиян. Ендеше, биатлон, сноуборд секілді шаңғы бәсекесі өтетін аймақтардағы қоршаған орта да, халық та зардап тартады.

«Экологиялық тұрғыдан алғанда, бас­ты мәселе – фтор қосылған майлардың ұзақ уақыт таралмауы. Ондай өнімдер ғасырлар бойы жойылмауы мүмкін. Меніңше, тау шаңғысы курорттарына таяу маңда PFAS концентрациясы айтар­лықтай артады», дейді эколог Кейт Кроуфорд. Ол тау шаңғысы мен сноубордта қолданылатын PFAS балауызының әсерін жан-жақты зерттеген.

Бірнеше ғылыми-зерттеуде таулы курорттарда PFAS концентрациясының жоғарылағаны анықталған. Сондық­тан мұндай химиялық заттар адам денсау­лығына әсер етеді деген алаңдаушы­лық туып отыр. Келесі зерттеуде Норве­гияда қысқы спортпен кәсіби айналыса­тындардың қанында PFAS деңгейі артып кеткенін байқаған. Яғни қарапайым халыққа қарағанда 25 есе көп болған. Сонымен қатар Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы белгілеген межеден 10 есе жоғары. Тағы бір зерттеу Норвегиядағы ең ірі спорт дүкендердегі танымал шаңғы балауызында PFAS концентрациясы Еуропалық одақ рұқсат еткен мөлшерден 1 215 есе артық екенін көрсетіп берді.

«Егер PFAS топыраққа сіңіп, содан кейін жерасты суларына араласса, содан кейін оны шаңғы курортына жақын маңдағы адамдар тұтынса, өте қауіпті. Алда-жалда мұндай химиялық өнімнің шаңын жұту да ағзаға өте зиян», дейді Кроуфорд.

Қарт құрлықта фторланған бала­уыз майға қатысты дау туындағаннан кейін Халықаралық шаңғы федерация­сы мен Халықаралық биатлон одағы ондай өнімді қолдануға тыйым салатынын хабарлаған. Бірақ толыққанды дәлелдің жоқтығынан, оны қабылдауға асығар емес. Мұның себебі мынада, PFAS өнімдерінің қоршаған ортаға зиянын дәлелдеу – күрделі мәселе. Ал бүкіл қадамын ғылыми ортаның нақты шешіміне қарап қабылдайтын Еуропада науқаншылдыққа салынып кету деген атымен жоқ. Сондықтан қазір халықаралық ұйымдар ғалымдардың нәтижесін тосып отыр. Оның үстіне, кей сарапшылар фтордың көп мөлшері жаңбырдан да, мұхиттан да, тіпті, жұмыртқа мен ана сүтінен де анықталғанын алға тартады.

Айтпақшы, фторға қатысты мәселе Қазақстанда да аз кездеспейді. Былтыр әлеуметтік желіде пәтерлерде ағатын суға фтор қосады екен деген алып-қашпа әңгіме желдей ескен. Тіпті, халықты әдейі улау үшін осындай қадамға барады деп қаңқу әңгімені одан сайын үрлей түсті. Бірақ көп ұзамай-ақ мұндай ақпараттың жалған екені анықталды. Мамандар алып-қашпа әңгімеде дәлелдер толығымен негізсіз деген ұстанымда.