Қостанайда суретші Аңсаған Мұстафаның «Сөйле, сурет!» атты көрмесі ашылды. Облыстық сурет галлереясына қылқалам шеберінің 60 шақты туындысы ілінген. Ақ кенепке тамған қара бояудың бәрі сөйлеп тұр десе болады. Әр туындының өз үні, өз жүгі бар: бірі қазіргі қоғамды алаңдатып отырған сан алуан келеңсіз дүниелерді мінейді, енді бірі қоғам назарын бала тәрбиесінде кетіп жатқан кем-кетік мәселелерді меңзейді.
Суретшінің бірқатар туындылары әлеуметтік желілер мен ұялы телефонға тәуелді болып қалған балаларға арналған. Мысалы, бір суретте анасының құрсағында жатқан баланың гаджетке үңілген қалпы бейнеленіпті. Енді бір суретте жас ана сәбидің орнына «Facebook» белгісін құшақтап тұрса, екіншісінде смартфонның құшағындағы бала «TikTok» желісінен сүт еміп жатыр.
Суретшінің бүгінгі қоғамның өзекті мәселелеріне арналған туындыларының мазмұнын «Анаға хат», «Бұл күн қашан бітеді?», «Басқа жерде ойна», «Ұрмашы, әке, қорқамын», «Қуыршақ», «Махаббат па?», «Шақырылған абонентпен сөйлесу мүмкін емес», «Бала арманы», «Әліппе», «Менің анам» деген сияқты ықшам сөз тіркестері аша түседі.
Мысалы, кешкілік жұмыстан келісімен баласына бір ауық көңіл аударудың орнына, теледидарға телміріп жатып алатын әкелер бар. Қылқалам шеберінің қолынан шыққан әлеуметтік туындылардың бірінде жамаулы ойыншығын құшақтап алып, «Құдай, неге мені теледидар қылып жаратпадың? Әкем жұмыстан келгенде маған қарар еді!» деп жазып отырған кішкентай қыз бала бейнеленген. Суретші көз алдындағы әкесінен бірауыз жылы сөз ести алмай, жалғыздық тақсіретін тартқан сәби қиялындағы жазу арқылы бүтіндей қоғамға дабыл қаққандай көрінеді.
– Аңсаған Мұстафаның туындыларымен бұған дейін де әлеуметтік желі арқылы таныспын. Суретшінің шығармалары шынайылығымен ерекше, көбіне біз байқай бермейтін, бірақ айналамызда болып жатқан өзекті мәселелерді қозғайды. Бұл суреттер әркімге де ой салып, бәлкім көп маңызды дүниеге онша көңіл бөле бермейтін талай жандардың өз отбасына, әке-шешесіне, бала-шағасына деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуі мүмкін. Сондықтан мұндай туындылар көрмеде емес, көшелерде тұруы керек, – дейді сурет галереясына келген қала тұрғыны Мұратбай Жұмаш.
«Сөйле, сурет!» көрмесі бір ай бойы жұмыс істейді.
Қостанай облысы