Астанада өтіп жатқан классикалық шахматтан әлем чемпионатының алтыншы партиясы қытайлық гроссмейстер Дин Лижэньнің айқын жеңісімен аяқталды. Сөйтіп, жарыстың алтыншы күнінен кейін қос шахматшы арасындағы бәсекеде есеп қайта теңесті – 3:3.
Бұл нәтижемен олар әлем чемпионатының рекордын орнатты. Яғни бұған дейін ұйымдастырылған жаһандық біріншіліктің бірде-бірінде алты партиядан кейін төрт жеңіс тіркелмеген екен. Мәселен, 2016 жылғы бәсекеде шахматшылар алты турда тек екі мәрте жеңіске жеткен болса, 2018 жылы барлық партия тең нәтижемен аяқталған. Ал елордадағы турнирде әзірше екі гроссмейстер бір-бір мәрте ғана тең ойнады.
Дин Лижэнь кейінгі партияларда сауатты ойын өргенін көрсетіп, шахмат сарапшыларының назарын өзіне аударта білді. Екінші партияда ақ тастармен ойнаса да, ресейлік Ян Непомнящийге жол берген қытайлық шахматшы кейінгі бәсекелерінде қарсыласына лайықты қарсылық көрсетіп келеді. Диннің алғашқы жеңілісінен кейін көпшілік «енді қытайлық шахматшы Янның қарқынына төтеп бере алмайды. Тіпті бәсеке мерзімінен бұрын аяқталып қалуы ғажап емес», деген пікірде еді. Алайда ФИДЕ-нің қазақ тіліндегі комментаторы әрі шахматшы Олжас Меңғали екінші партиядан кейін Дин Лижэнь алғашқы партияларда сәтсіз ойнағанымен, бірте-бірте өз ойынын тауап, бабына енеді деген болатын. Міне, сарапшымыздың айтқаны дәл келіп, қытайлық шахматшы әзірге Ян Непомнящийге дес берер емес.
Сонымен қатар кейінгі партияларда Дин Лижэньнің командасы өте жақсы жұмыс істеп жатқанын да айта кеткеніміз жөн болар. Осы жарыс алдында командасын түгелдей өзгерткен ресейлік шахматшы Динді айқын басымдықпен жеңу үшін ешқандай айла-амал таба алмай, пұшайман болып жатыр.
Алтыншы партияға тоқталар болсақ, ойынды ақ тастармен бастаған Дин Лижэнь кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол алғашқы жүрісінде лондондық позицияны таңдап, қара тастарға қысым көрсетуге тырысты. Матчтың бел ортасына дейін екі ойыншы жүрісінен жаңылмай, тең нәтижені ұстап тұрды. Бірақ бәрібір ақ тастардың басымдығы байқала бастады. Мұны сезген Непомнящий де көп уақытын шаршы тақтаның алдында емес, өз бөлмесінде өткізді. Ал бұл жайтты мамандар ресейлік шахматшы өзінің жүрісіне көңілі толмай жатқандықтан деп түсіндірді.
Нәтижесінде, 40-жүрістен кейін ақ тас ойынды толық өз бақылауына алып, кезекті жеңісіне бір табан жақындай түсті. Ал 44-жүрістен кейін Ян Непомнящий де жеңілгенін мойындаудан басқа амал қалмады. Сөйтіп, төрт сағатқа жалғасқан алтыншы партия 44 жүріспен өз мәресіне жетті.