Футболдан ел чемпионатының кезекті тур ойындарында жанкүйерлер бірқатар тартысты кездесудің куәсі болды. Атап айтқанда, футбол сүйер қауым екі күнге жалғасқан матчтарда ел арасында «Ел-Класико» деп аталып кеткен «Астана» мен «Қайрат», биылғы чемпиондықтан негізгі үміткерлер – «Ордабасы» мен «Тобыл» секілді клубтардың бәсекелерін тамашалады.
Алтыншы турдың орталық ойыны «Астана» мен «Қайрат» арасындағы матч болса да, жанкүйерлердің назары Павлодардағы жергілікті «Ақсу» мен Петропавлдың «Қызылжар» клубтарының ойынына ауды. Өйткені Әли Әлиев жаттықтыратын «Қызылжар» командасы кейінгі бес турда футбол мамандарын таңғалдырып, 100 пайыздық нәтижемен турнир кестесінде көш басында келеді. Петропавлдың командасы бұл турда да ұпайдан шашау шығармай, жақын бәсекелестерінен тағы да алшақтап кетті. Кездесудің 78-минутына дейін матчтың есебін аша алмаған «Қызылжар» футболшылары айналдырған төрт минуттың ішінде қарсыластарының қақпасына екі гол соғып, алтыншы жеңісіне қол жеткізді. Бұл матчта қонақтар сапынан Хосе Витор Родригес мергендік танытса, Марат Шахметов екінші голдың авторы атанды.
Ал елордада өткен «Астана» мен «Қайрат» арасындағы «Ел-Класикода» алматылық ұжымның мерейі үстем болды. Бес мыңнан аса жанкүйер тамашалаған «Астана Аренадағы» тартысты матчта «Қайрат» футболшылары алаң иелерінен 3:0 есебімен басым түсіп, Астанадан үш ұпай арқалап қайтты. Кездесудің үшінші минутында «Қайраттың» бразилиялық шабуылшысы Жоао Пауло астаналықтардың қорғанысын бұзып-жарып, ойынның есебін ашты. Ал бірінші таймның орта тұсында Марин Томасовтың таразы басын теңестіретін тамаша мүмкіндігі болды. Бі-рақ хорватиялық сұрмерген екі метр жерден бос қақпаны көздей алмай, өз жанкүйерлерінің алдында ұятқа қалды. «Сен соқпасаң, саған соғады», дегендей екінші таймның 56-минутында Жоао Пауло дубльдің авторы атанып, қонақтарды 2:0 есебімен алға шығарды. Матчтың аяқталуына төрт минут қалғанда Дмитрий Сергеев мергендігімен көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды – 3:0. Бұл – ресейлік футболшының Қазақстан чемпионатындағы дебюттік голы болғанын айта кеткен жөн.
Алтыншы турға дейін турнир кестесінде 10 ұпаймен 4-5 орындарды бөлісіп тұрған «Ордабасы» мен «Тобыл» бұл турда жеңіс үшін барын салды. Өйткені үш ұпайды олжалаған клубтың үздік үштіктің қатарына қосылатыны белгілі еді. Сондықтан екі ұжымның футболшылары матч барысында аянып қалған жоқ. Командалар бірінші таймда бір-бір голдан соғып, үзіліске тең есеппен аттанды. Матчтың есебін алаң иелерінен Асхат Тағыберген айып добынан ашқан болса, «Тобыл» сапынан Серж Дебле мергендік танытты.
Үзілістен кейін қарқынын арттырған «Ордабасы» «Тобыл» қақпасына жауапсыз үш гол соқты. 72-минутта Бобир Абдихоликов шымкенттіктерді есепте алға шығарса, арада төрт минут өткенде Сергей Малый «Ордабасының» үшінші голын соқты. Ал 85-минутта Всеволод Садовский кездесудің нүктесін қойды – 4:1. Осылайша, маңызды үш ұпайына қол жеткізген «Ордабасы» турнир кестесінде үшінші орынға көтеріліп алды.
Турдағы айта кететін бір жаңалық – көш соңындағы «Каспий» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады. Ақтаудың командасы «Оқжетпесті» 2:1 есебімен тізе бүктіргеніне қарамастан, бұрынғыша ең соңғы орында келеді. Ал қалған ойындардың нәтижесі мынадай: «Ақтөбе» – «Атырау» – 4:0, «Жетісу» – «Қайсар» – 0:2, «Шахтер» – «Мақтаарал» – 3:0.
22-23 сәуірге (сенбі, жексенбі) жоспарланған VII турда «Тобыл» – «Ақтөбе», «Қайрат» – «Ордабасы», «Қайсар» – «Астана», «Мақтаарал» – «Жетісу», «Оқжетпес» – «Шахтер», «Қызылжар» – «Каспий» және «Атырау» – «Ақсу» командалары кездеседі.