• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Алматы 17 Сәуір, 2023

Зерттеу университеті және цифрлық медиа

421 рет
көрсетілді

Әлемдік журналистика жә­не отандық медианың даму барысы, ақпарат тарату жыл­дамдығы, интернет ба­сы­лымдардың бүгінгі бе­та­лы­сына қатысты мәсе­ле­лер Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­­ситетінде өткен «Зер­ттеу университеті моделі: цифрлық медиадағы ғы­лым мен инновация» VI халық­аралық журналистика форумы аясында талқы­ланды.

Журналистика саласында білім беруді бірлесіп шешуге арналған кездесуді БҰҰ Жаһан­дық комму­никациялар депар­таментінің өкілі, БҰҰ Қазақ­стандағы Ақпа­рат бюросы­ның басшысы Влас­тимил Самек ашып, заманауи жур­налисти­ка­ның қай бағытта дамитыны өте маңызды мәселе екенін айтты.

– Бүгінде сапалы білім бе­ру, тұрақты даму үшін жур­на­листік білім беру жөнін­дегі жаһандық бастамаларды қол­дай отырып, журналистика пәні оқытылатын барлық уни­верситеттің бұр­ма­лан­ған ақпа­ратқа жол бер­меуі, жауап­кер­шілігін арттыру, ақ­паратты жылдам әрі шынайы жеткізу цифрлы ғасырдағы маңыз­ды мәселенің бірі. Осы орайда Қазақ­станда да журналис­тика ма­мандығы бойынша өзара бір­лес­е отырып, білім беруді жетіл­­діру үшін кәсіби әріптестік бай­ланыс орнату маңызды, – деді В.Самек.

Жоғары білім беруді бұқара­ландыру және журналистика мамандығы бойынша білім беру, дүние жүзі халықтары арасындағы байланыс пен мәдениетаралық құндылықтар жайындағы зерттеулер мен ұсыныс-пікірлерді ортаға салған сарапшылар Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан Орталық Азия университеттері аясында құрылған журналистика қауымдастығы, Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия ға­лым­дарының арасындағы ық­пал­дастықтың маңызды екенін тілге тиек етті. Цифрлы кеңістікте ғылым мен инновацияның дамуы, ақпараттың дәлдігіне көз жеткізу, журналистика ғылымын дамыту, қашықтан ақпарат алудың техникалық мүмкіндіктеріне қа­тысты айтылған сарапшылар ұсынысы қызу пікірталасқа ұла­сып, мәселелер ортаға салынды.

Қазақстандағы журналист ғалымдардың бастамасы­мен 2019 жылы Ташкент қала­сында Орталық Азия универ­си­тет­тері журналистика қауым­дас­тығы құрылған бола­тын. Осы ық­пал­дастық аясын­да жал­­­­ғасын тапқан форумда не­­гіз­­гі баян­дамашылардың бірі, Ариэль ун­виерситетінің (Из­раиль) Ком­муникация және жур­­­на­­­листика мектебінің профессоры Дмитрий Стровский журна­листиканың жаһандық миссия­сына ерекше тоқтала келіп, қазір­гі басты құндылық қоғамның шын­дық пен әділдікке деген сенімін ояту екенін атап өтті.

Қырғызстан Онлайн универ­ситетінің президенті, медиасыншы, PhD Элира Турдубаеваның айтуынша, Орталық Азияда күн сайын өзгеріп отырған бұқаралық ақпарат құралдары, журналистика және бұқаралық-цифрлы коммуникация туралы зерттеулер мен ғылыми мақалалар тапшы. Форум барысында Э.Турдубаева мен Жаңа Зеландиядағы Окленд университетінің профессоры, PhD Евангелия Папоутсакидің редакторлығымен АҚШ-тың «Lexington Books» баспасынан жарыққа шыққан «Mapping the Media and Communication Landscape of Central Asia An Anthology of Emerging and Contem­porary Issues» кітабы та­ныс­­тырылды. Аталған антоло­гияны Орталық Азиядағы зерт­т­еу­шілер мен жоғары оқу орында­рының оқытушылары пайдалана алады.

Сонымен қатар форумда Ор­талық Азия журналистика уни­верситеттері қауымдастығы ғалымдарының ғылыми еңбектері академиялық қауымға таныс­тырылды. ҚазҰУ журналистика факультетінің профессоры Гүлмира Сұлтанбаева, ғалымдар Ольга Ложникова мен Анастасия Горбунованың авторлығымен жарық көрген «Инфодемия через призму медиапрофилактики» ұжымдық монографиясы әлеуметтік медиа білім беру саласындағы инфодемияның алдын алу мәселелеріне қатысты зерттеулерді қамтиды.

Медиафорумда Орталық Азия университеттері журналис­тика қауымдастығының қарары қа­былданды. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда өңірдің акаде­миялық ықпалын арттыруды көздейтін диалог алаңы ББҰ-ның коммуникация саласындағы «Ғаламшар мүддесі, теңсіздік пен жалған ақпаратпен күрес үшін жұмылу» бастамасы аясында қабылданған қарарды қабылдаумен жалғасын тауып, адамзат дамуына кедергі болатын жалған әрі шиеленіс туғызатын ақпарат көздеріне тосқауылдың маңыздылығын күн тәртібіне қойды. Осы құжат негізінде «Орталық Азия елдеріндегі журналистика зерттеулері: Тұрақты даму мақсаттарындағы прогресс» атты ІV журналистика семинарын Ташкентте өткізу жоспарланды.

 

АЛМАТЫ