• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 17 Сәуір, 2023

Еліміз Ауғанстанда сауда үйін ашады

338 рет
көрсетілді

Ауғанстанға гуманитарлық көмектің кезекті легі жеткізілді. Оны Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Кабулға барған сапарында елдің билік өкілдеріне тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан Ауғанстанда сау­да үйін ашуға келісті. Енді Талибан билігі елімізде өз дипломаттарын қабылдауды сұрап отыр.

Ауғанстанға 5 403 тонна­лық негізгі гума­ни­тарлық жүк теміржол арқылы жеткізілді. 81 вагонға негізінен азық-түлік өнімдері, атап айтқанда, сүт консервілері, өсімдік майы, ұн, қарақұмық жармасы тиелді.

– Біз Президенттің тапсырмасымен Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмегін жеткізу үшін Ауған­станға арнайы келдік. Халық­аралық қоғамдастық, оның ішінде Қазақстан да ауған халқын қиын жағдайда көмексіз қалдыра алмайды. Біздің гуманитарлық мис­сиямыздың қасиетті Рамазан айында өтіп жатқаны оған ерекше сипат береді. Қасиетті айда барлығыңызға бейбіт өмір мен сабыр тілеймін, – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Жұмыс сапары кезінде Серік Жұман­ғарин Ауған­станның сауда және өнер­кәсіп министрінің мінде­тін атқарушы Нұриддин Азизи­мен, вице-премьер Абдул Ғани Барадармен, Сыртқы істер министрі Әмір Хан Муттакимен, Байланыс және телекоммуникация министрі Наджибулла Хакканимен кездесті.

– Қазақстан – Ауғанстанмен өзінің дипломатиялық қарым-қатынасын сақтай отырып,  көршілес елдермен бейбіт байланысын қолдайтын тұрақты және гүлденген мемлекет ретінде көргісі келетін санаулы елдердің бірі. Біз қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энер­гетикалық байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Премьер-министрдің сауда жөніндегі орынбасары ретінде елдеріміздің сауда саласындағы және өңір­лік ауқымдағы ынтымақтас­­тық­ты дамыту үшін зор әле­уеті бар екеніне сенімдімін. Біз сауда-экономикалық саладағы, оның ішінде гуманитар­лық көмек арқылы ынтымақтастықты дамыту жұмыстарын жал­ғастатыра дайынбыз. Қазақстанның Ауғанстанға экспорттық әлеуеті азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау, құрылыс және басқа салаларда 174 млн долларын құрайтын 46 тауар түрінен тұрады. Бұл тауарларды екіжақты сауда айналымына қосу екі елге де тиімді болады деп санаймын, – деді Серік Жұманғарин.

Статистикалық мәлімет келтіре кетсек, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 2 282,6 млн долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 94,6%-ға жоғары (145,2 млн доллар). Қазақстаннан Ауғанстанға экспорт 95 пайызға өсіп, 281,5 млн долларды, ал Ауғанстаннан Қазақстанға импорт көлемі 28,3 пайызға өсіп, 1,1 млн долларды құрады.

Талибан билігі еліміздің үкімет мүшелерін қабылдай отырып, Кабулда қазақ-ауған бизнес-форумын ұйым­дастырды. Оған Қазақ­станның тамақ өнер­кәсібі саласындағы 18 экспорттау­шы кәсіпорын қатысты. Олар ұн, макарон, кондитерлік және сүт өнімдерін, сусындарын ұсынды. Биз­нес-форумда кәсіпкерлер Ауғанстанға жалпы сомасы 4 млн долларды құрайтын ұн жеткізуге келісім жасасты.

Сондай-ақ Ауғанстанның Герат қала­сында Қазақстан сауда үйі ашылатын болды. Сауда үйі екі ел арасындағы сауда-эконо­ми­калық қатынастарды жан­дан­дыруға, тауар айналымын ұлғайтуға, сауда-экономикалық, теле­ком­муникациялық, көлік және логистикалық байланыстарды дамытуға, аймақ елдерімен сауда жасау үшін Ауғанстанның транзиттік және шекара маңын­да­ғы әлеуетін пайдалануға, Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға көмек береді. Жалпы алғанда Қазақстанның сауда үйі Қазақстан мен Ауғанстандағы «B2B» форматындағы іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алады.

Ал Ауғанстан Премьер-министрінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары Абдул Ғани Барадар Серік Жұманғарин бастаған делегациямен кездесу кезінде екіжақты қарым-қатынастарды нығайту үшін елімізде жаңа ауған дипломаттарын қабылдауды сұрады.

– Ауғанстан тарапы Қазақстанға гума­нитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді. Біз әрқашан жылы қарым-қатынас пен тығыз ын­тымақтастықты сақтап келе жатқан елдерміз. Сондай-ақ Ауғанстанда орталық үкімет құрылып, қауіпсіздік сақтау қамтамасыз етілгелі теміржол желілерін дамыту секілді ірі жобаларға инвестиция салуға мүмкіндік ашылды, – деді Абдул Ғани Барадар.

Өз кезегінде Серік Жұман­ғарин мұн­дай байланыстарды нығайту үшін жақын арада еліміз ауған дипломаттарын қабыл­дайтынын айтты. Негізі Қазақстанның үкі­мет мүшелері Ауғанстанға іскерлік байланыстар орнату, іскерлік мәселелерді жыл­дам шешу үшін командалар құру, ауғандық кәсіпкерлердің виза алуларына, екі елде банк бөлімшелерін ашу және Ауғанстанның «Afgan Trans» секілді маңызды жобасы бойынша ынтымақтастықты талқылау мақсатында ресми сапар жасады.