Ұлттық тәрбиелік мәні зор «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ғашықтар күніне орай (15 сәуір) Аягөз ауданында ұйымдастырылған облыстық байқау жоғары деңгейде өтті. Шараның Аягөзде өтуінің де өзіндік мәнісі бар. Ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып жеткен Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарының Таңсық ауылынан көз тартып тұрғаны белгілі. Сол себептен де байқауға қатысушылар мен арнайы келген қонақтар алдымен қос ғашық мәңгілік мекен тапқан жерге барып, тағзым етті.
Аудандық Мәдениет сарайының да «Қозы Көрпеш Баян сұлу» аталуы да байқау мәнін арттыра түскеніне күмән жоқ. 7 аудан мен 2 қаладан бақ сынаған жас жұптардың отау құрғандары да, шаңырақ құруға ниеттеніп жүргендері де бар екен.
Бес кезеңнен бойынша өткізілген сайыста әдемілік, ғашықтықты сипаттау ғана емес, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудың да тамаша үлгілері көрініс тапты. «Жігітке жетпіс өнер де аз» дегендей сегіз қырлы, бір сырлы болуды мақсат еткен азаматтар күш-жігерінің мықтылығымен сыналса, қыз-келіншектер қазақтың ұлттық киім үлгілерімен көрерменді тәнті етті.
«Осы байқауды өткізу барысында бір байқалғаны қай ауданда болсын, жастар саясатының жүргізілуі жақсы үрдіс алған екен. Өйткені, қатысушы қыз-жігіттер қазақтың өткен тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын қастерлеуге өте зор жауапкершілікпен қарағаны қуантты. Алдағы уақытта да жастар өмірінің дұрыс жалғасып, алтын уақыттарын қоғамға пайдалы іспен айналысуға жұмсауына жете мән беруіміз керек деп ойлаймын», дейді қазылар алқасының мүшесі, М.Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің директоры Шағангүл Жанаева.
Қазылар алқасының бағалауы бойынша, сан қырлы ерекшеліктерімен дараланып, Ақсуат ауданынан сынға түскен Мерей Мейрамбеков пен Аяулым Баяхметова Бас жүлдеге лайық болып шықты. Өткен жылы ғана шаңырақ көтерген ерлі-зауыптылар «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу – 2023» атағының иегері атанды.
«Біз өткен жылдың тамыз айында отбасын құрдық. Мен Ойшілік ауылындағы Тоғас батыр атындағы мектепте музыка пәнінен сабақ беремін. Аяулым Ақсуат аудандық Мәдениет үйінде қызмет атқарады. Ол дәстүрлі әннен өткен байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы болды», дейді Мерей Мейрамбекұлы.
Абай ауданынан келген Бақытжан Зейнелов пен Жадыра Жұлдызбекқызы 1 орын иегері атанса, 2 орынды бородулихалық Ринат Хасенов пен Аяулым Асимоханова еншіледі. 3 орын жармалық жастар Әкежан Қасымбай мен Диана Ғалымбековаға бұйырды.