• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Ұстаз 18 Сәуір, 2023

Үздіктер Хельсинкиге барады

196 рет
көрсетілді

Мұғалім беделін арттыру, кәсіби өсуіне ықпал ету мақсатында екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған «Almaty ustazy» байқауының бірінші кезеңіне тіркелу бас­талды.

Байқауға Алматы қаласының мемлекеттік білім беру ұйымдарындағы негізгі пәндерден 1-11-сыныптарға сабақ беретін 36 жасқа дейінгі мұғалімдер қатыса алады. Конкурс барысында мұғалімдер өз тәжірибелері және педагогикалық тұжырымдарымен бөлісіп, жетістіктерін көрсете алады. Биылғы байқаудың бас жүлде қоры 5 млн теңге. Сонымен қатар бес жеңімпаз Фин­лян­дияның Хельсинки қаласында тағы­лымдамадан өтіп, білім берудің тың әдістерін игерумен қатар, тәжірибе алмасып, озық мектептер жұмысымен танысып қайтады.

«Менің білім беру философиям» тақырыбында мультимедиялық мақала әзірлеу, «Мұғалім – кәсіби маман» байқау сабағын өткізу, «Мен – мұғалім-көшбасшымын» тақырыбында авторлық шеберлік сабақтарын өткізу (өзінің педагогикалық тәжірибесі және кәсіби шеберлігімен таныстыру) сияқты үш кезеңнен тұратын байқауға қатысу­шылар almatyustazy-2023.kz платформасында осы жылдың 14 сәуіріне дейін тіркелді. Ал 17-26 сәуір аралығында материалдар сараптама комис­сиясының іріктеуінен өтеді.

«Былтыр бастауыш сынып мұғалімдері байқауда белсенділік танытты. Байқау қаланың мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерінің деңгейін арттыруды көздейді. Алматы озық білім беру технологияларының орталығы ретінде дами отырып, қазіргі білім беру жүйесіндегі заманауи оқыту әдістеріне басымдық беріп келеді. Осы орайда жас мұғалімдер байқауға қатыса отырып, кәсіби тұрғыда өсуін қамтамасыз етіп, цифрлық дәуір жағдайында жұмыстың жаңа тәсілдерін игеруге қадам жасайтын болады», деді Алматы қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Байқау осы жылдың қазан айында аяқталады.