Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы әлемдік рейтингте алғаш рет үздік жеті елдің қатарына қосылды.
Ярослава Шведова жетекшілік ететін ұлттық құрама қыздары жуырда ғана Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңі аясында Польша теннисшілерін 3:1 есебімен тізе бүктіріп, қатарынан екінші мәрте командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алған болатын. Осынау айтулы жеңісінен кейін Қазақстан ұлттық құрамасы әлемдік рейтингте бірден төрт орынға жоғарылап, 10-сатыдан 7-орынға көтерілді. Бір айта кетерлігі, ұлттық құрама рейтингте теннисі қарқынды дамыған алпауыт мемлекет саналатын АҚШ, Германия, Италия, Румыния, Бельгия, Ұлыбритания секілді командаларды артта қалдырды.
Ал үздіктер көшін әйелдер арасындағы былтырғы Билли Джин Кинг кубогінің жеңімпазы – Швейцария құрамасы бастап тұр. Екінші орынға Аустралия қыздары жайғасса, үшінші орын Испания құрамасына тиесілі. Кейінгі орындарға Франция, Чехия және Канада теннисшілері жайғасқан. Қазақстан құрамасының қатысуымен өтетін биылғы Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңі 7-12 қараша аралығына жоспарланған.