• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 18 Сәуір, 2023

Жаңаөзендегі апат: Жұмыла көтерген жүк жеңіл

260 рет
көрсетілді

Жарасы жазылмаған Жаңаөзен жұрты тағы бір апатты бастан өткерді. Бұл жолы қаладағы екіқабатты тұрғын үйдің бірінде жарылыс болып, соның салдарынан төрт адам қаза тапты.

Маңғыстау облысы әкімі баспа­сөз қызметінің хабарлауынша, Жаңа­өзен­дегі жарылыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оқиғадан көп ұзамай-ақ облыс әкімі Нұрлан Ноғаев апаттық жағдайдан хабар беріп отырды.

«Сағат 10:45-тегі жағдай бойынша 13 адам медициналық көмекке жүгінді. Оның ішінде 8 бала бар. 6 адам ауруханаға жатқызылса, 7 адам үйге жіберілді. Жарылыс кезін­де 3 пәтер қирады. Апаттан кейін үй газ желісінен бірден ажыратылды. Бүгінде үйінділерді тазалау жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр. Жары­лыс дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы толық анықталады. Оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді», деді Нұрлан Ноғаев күндізгі баспасөз жиынының бірінде.

Өңір басшысы апат салдарынан көз жұмғандар­дың отбасына көңіл айтты. Сондай-ақ тұрғын үй газдан ажыратылғанын жеткізді. «Жарылыс болған жерден қоқыстар шығарылып жатыр. Оның себебін анықтауға кірістік. ТЖД жедел штабы мен сенім телефонын іске қосты», деді Нұрлан Ноғаев.

Оқиға орнында ТЖД күштері (1 түсіру тобы, 9 техника), жергілікті атқарушы органдар (13 адам және 6 техника), СМП (12 адам және 6 техника), ДП (150 жеке құрам және 10 техника) ІІМ Ұлттық ұлан (60 әскери қызметкер және 2 техника) жұмыс істеді.

Жарақат алып, ауруханаға жат­қы­­зыл­ғанның бәрі травматология бөлім­ше­сінде ем алып жатыр. Оқиға салдарынан 13 адам орталық ауруханаға жеткізілген. Оның жетеуі бала, олар жара­қатының жеңілдігіне байланысты үйлеріне қай­та­рылған.

Қалғандарына медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар травма­то­ло­гиялық бөлімге түскен орташа жағ­­дайда күйік алған 2 кішкентай қыз ем алды. Реанимация бөліміне түскен ер адамға операция жасалған. Жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне, бір пациент облыс­тық ауруханаға жедел авиациялық тік­ұшақ­пен жеткізілді.

«Қайтыс болған азаматтардың отба­сына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта барлық адам үйінділерден шығарылды», деді Нұрлан Ноғаев.

Ресми органдардың мәліметіне сүйенсек, тұрғын үйдегі газ жарылған. ТЖМ мәліметінше, оқиға орнында өрт шықпаған. Жарылыс салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қирап, 4 пәтер зардап шекті.

«Құтқарушылар үйінді астынан 4 адам мен 4 мүрде алып шықты. Қа­зіргі уақытта 6 адам ауруханада ем алып жатыр. Төтенше жағдайлар депар­та­мен­­тінде жедел штаб құрылып, жедел желі телефоны 8/7292/31-90-99 қызмет көрсетеді», деп хабарлады тиісті мекеме.

Үйінділерді талдау бойынша жедел жұмыстарға 40-қа жуық техни­ка мен 350-ге жуық адам, соның ішін­де кинологиялық есеп, Ұлттық ұлан­ның әскери қызметшілері, жер­гілікті атқарушы органдар, жедел меди­циналық көмек, полиция, еріктілер жұмылдырылды.

«Алдын ала себеп – газ-ауа қоспа­сы­ның жарылуы. Газ баллонының жарылуы туралы әңгіме дұрыс ақпарат емес. Газдың жойқын күшіне келсек, мәселе мынада. Расында, жарылыс болған кезде газ-ауа қоспасы күрт шашырауы, пәтер секілді жабық кеңістікте, әсіресе қабырғалары бос, темірбетон төбесі бар бөлмеде оның күші бірнеше есе артады», дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік өртке қарсы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Төрегелдиев.

Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісовтің болжауынша, газ түнде шыққан. Қазір Рамазан айы болғандықтан, адамдар ерте оянып, тамақ ішуге тұрып, жарықты қосқанда жарылыс болған.

Сағат 18.15-те барлық авариялық-құтқару және үйінділерді талдау жұ­мыс­та­ры аяқталды. Қазіргі таңда Жа­ңаөзен қаласының әкімдігі жанынан комиссия құрылған. Осы комиссия жа­рылыстың мән-жайын келтірілген залалды анықтайды.

Айта кетерлік жайт, жарылыс болған тұрғын үй 1977 жылы салын­ған. 12 пәтерлік үй бір кіреберіс орталық­тан­­дырылған газбен қамтылған. Үй апат­тық жағдайдағы тұрғын үй тізімінде емес. Үйдің жалпы ауданы 621 шаршы метрді құрайды. Қазір үйінділерді сұрыптап, тексеру жүріп жатыр. Содан кейін сараптама жүргізіліп, тұрғын үйді қаншалықты қалпына келтіруге болатыны анықталмақ.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы Жаңа­өзенде газ жарылысынан баспанасыз қалған тұрғындарға жаңа пәтер береді. Сондай-ақ зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. «Тұрғын үйсіз қалған отба­сыларға жаңа пәтер беріледі. Зардап шеккендерге орталық және жер­гілікті атқарушы органдармен бір­лесе отырып, барлық қажетті көмек көрсетіледі», деп хабарлады компания.

Ал «Өзенмұнайгаз» АҚ мұнай­шы­лары жарылыстан зардап шеккен отбасыларға бір күндік еңбекақыларын аударуға шешім қабылдады. «Өзен­мұнайгаз» АҚ-ның еңбек ұжымы ба­қилық болған азаматтардың қай­ғы­сына ортақтасып, отбасы, ағайын-туыстарына көңіл айтады. Компания өз кезегінде апат болған орында үйіндіні аршу, тазалауға қажетті техникамен қам­та­ма­сыз етті және қажеттілікке бай­­ла­нысты көмек көрсетуге дайын. Сон­дай-ақ мұ­найшылар ерікті түрде бір күндік еңбек­ақысын зардап шеккен адамдарға көмек ретінде арнайы шотқа аударатынын мәлімдейді», деп жа­зылған компания таратқан ақпаратта.