• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
09 Шілде, 2014

Шаршы алаңның шаңын қағады

256 рет
көрсетілді

Кеше Алматыда бокстан ересектер арасында «Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы» жолындағы IV халықаралық турнир басталды. Биылғы турнирге қалыптасқан дәстүр бойынша әлемнің үздік боксшылары қатысып, бақ сынасады. Олардың арасында Олимпиада, Азия ойындары, Панамерика ойындары, әлем, Азия, Еуропа чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Естеріңізге сала кетсек, 2006 жылы біздің боксшыларымыз осы турнирде  8 алтын медаль, 2010 жылы 6 алтын медаль, 2012 жылы  7 алтын медальға ие болды. Енді биылғы додаға да боксшыларымыз тас-түйін дайын тұр. Бокстан Қазақстанның ұлттық құрама коман­дасының бас жаттықтырушысы  Мырзағали Айтжанов турнирге әлем чемпионы Біржан Жақыпов (49 кг), Ілияс Сүлейменов (52 кг), әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Қайрат Ералиев (56 кг) пен Берік Әдірахманов (60 кг), әлем чемпиондары Данияр Елеусінов (69 кг) пен Жәнібек Әлімханұлы  (75 кг), Олим­пия ойындарының және әлем чемпионатының фи­­налистері Әділбек Ниязымбетов (81 кг) және Ан­тон Пинчук (91 кг дейін), әлем чемпионатының фи­на­­лисі, Олимпия ойындарының қола жүлдегері Иван Дычко  (91 кг жоғары) сынды атлеттердің қатысатынын мәлімдеді. Осы бәсекеде Қазақстан, Әзербайжан, Ирак, Куба, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Таиланд, Өзбекстан, Украина, Филиппин елдерінің былғары қолғап шеберлері күш сынасады. Ал жалпы, турнирге 12 елден келген 104 боксшы атсалысады. Олардың арасында Олимпиада чемпионы Робейси Рамирес, әлем чемпионатының финалисі  Ариспойдиус Диспайн (Куба), әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері  Жасурбек Латипов (Өзбекстан), Олимпия ойындарының және әлем чемпионатының финалисі  Тугцогт Ниямбайяр (Моңғолия), әлем чемпионы Джавид Челебиев, Олимпия ойындарының және әлем чемпионатының жүлдегері Теймур Мамедов (Әзербайжан) бар.