Таяуда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жаңа Салық кодексіне байланысты жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Онда бизнес өкілдері қосымша құн салығының мөлшерлемесі мәселесін қарастырып, салықтың бірыңғай мөлшерлемесін сақтау немесе сараланған мөлшерлемені енгізуді талқылады.
«Салық мөлшерлемесін белгілеу – барлық кәсіпкерге қатысы бар маңызды да түйткілді мәселе. Шешімі оңай көрінгенімен, мемлекеттік органдар шешім қабылдаған кезде бюджеттік толықтыруға сүйенетінін, сондықтан мөлшерлемелерді бәріне бірдей төмендету тәсілі қарастырылмайтынын түсіну қажет. Кәсібін адал жүргізетін бизнесті дамытуға ықпал ететін, бизнестің көлеңкеден шығуын ынталандыратын, шағын, микробизнестің орта, ал орта бизнестің ірі бизнеске көшуін ынталандыратын теңдестірілген шешімдер қажет», деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
Талқылау барысында қатысушылар Еуропа елдерінде қосымша құн салығының сараланған мөлшерлемелерін қолдану тәжірибесі кең таралғанын, бірақ бұл ретте ел экономикасының ерекшелігі мен даму деңгейін ескеру маңыздылығын, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімінде COVID-19 пандемиясы кезінде ҚҚС төмендетілген мөлшерлемесінен мысал келтірілді.
«Еліміздің экономикасы үшін салық салу жүйесі барынша қарапайым және барынша қолжетімді болуға тиіс. Салық саясатында да осындай қағидаттарды қолданған Гонконгтің тәжірибесінде салықтың түрлі мөлшерлемесі бухгалтердің жұмысын, кәсіпкер мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды қиындатып, ал белгілі бір салада немесе өңірлерде кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет «салық кэшбегі» деп аталатын механизмді енгізе алады», дейді «Учет» компаниялар тобының жетекшісі Максим Барышев.
Жиында салық салудың мақсатын түсіну, егер бюджетті толықтыру қажет болса, онда кез келген салық мөлшерлемесін көтеруге немесе жаңа салық енгізуге болатындығын, экономикалық саясатты реттеу болса, онда түрлі құрал қарастырылуы керек дегенді жеткізді қатысушылар.
«Қолданыстағы қосымша құн салығын салу жүйесін сақтауда, шикізат өңдеушілер үшін ҚҚС сомасын қайтару мәселесінің маңыздылығына назар аударып, сараланған қосымша құн салығы бойынша ұсынысымызды қайтаруды жасайық. Өйткені біз шикізат державасына айналып жатырмыз. Бүгінгі таңда шикізатты ел ішінде өңдеуден гөрі, оны сатып алу және экспорттау тиімді. Бұл отандық экономика мен өндірісті дамыту үшін өте маңызды әрі күшті қадам болар еді», деп есептейді Астық өңдеушілер одағының президенті Әлихан Талғатбек.
Ол сондай-ақ ТМД елдерінің тәжірибесін келтіре отырып, импортталған және экспортталған өнімдерге түрлі мөлшерлеме қолданылатындығына тоқталды.
«Жергілікті өндіруші импортпен қатар ҚҚС төлеген кезде, дистрибьюторлар үшін импорттық тауарларды сатып алу тиімдірек болады», деген ойын жеткізді фармакология саласының өкілі Гүлдария Манақбаева.
Талқылау барысында кәсіпкерлер ҚҚС-тың сараланған мөлшерлемесіне көшу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді де, оң тұстарды да қарастырды. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан неғұрлым егжей-тегжей позиция ұсынылғаннан кейін ҚҚС мөлшерлемесі бойынша мәселені талқылауды жалғастыру қажеттігі де айтылды.