Жыл басында Екібастұз пен Риддердің жылу орталықтарындағы болған апатты жағдай алматылықтарды да алаңдатып қойды. Өйткені алып шаһарда да жағдай аса мәз емес. Осыған дейінгі баспасөз жиындарында «Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамына қарайтын стансаларында негізгі жабдықтардың тозу дәрежесі 78 пайызға жеткені туралы сан мәрте айтылған-ды. Енді соның бәрін көзбен көрудің, 60 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан желілердің қазіргі жағдайымен танысудың сәті түсті.
Апта басында Алматыдағы №3 жылу орталығында журналистердің басын қосқан «Алматы электр станциялары» АҚ өкілдері өткен күз-қыс мезгілі олар үшін біршама ауыр болғанын, күрделі төтенше жағдайлар мен сәтсіздіктердің алдын алғандықтарын айтты. 3-ЖЭО орнында газ турбиналық стансасын салу тығырықтан шығатын жалғыз жол екенін де жасырмады. Техникалық-экономикалық негіздеме дайын, болжамды мерзімдері нақтыланды.
«Біздің кәсіпорын жылыту маусымын сәтті аяқтап жатыр. Жылыту маусымында біз электр және жылу энергиясын өндіру бойынша барлық келісімшарттық міндеттемелерімізді орындадық. Технологиялық кідірістер болғанмен, электр және жылу энергиясына шектеу қойылған жоқ. Бүкіл жылу беру маусымында температуралық кесте толық сақталды», дейді стансаның бас инженері Ғазиз Ізмұхамбетов.
Бас инженердің айтуынша, жылыту маусымы басталған қара күзден бастап сәуір айының жартысына дейін 20 қазандық агрегаты, 13 бу турбинасы үздіксіз жұмыс істеген. Осы кезеңде 2,9 млрд квт*сағ электр энергиясы және шамамен 4,7 млн Гкал жылу энергиясы өндіріліп, ұзындығы 2 мың шақырымнан асатын әуе және кабель желілерінде жұмыстар жүргізілген. 900 бірліктен астам күштік трансформаторлар мен қосалқы стансалардың жабдықтарына жөндеу жүргізілді, энергия шаруашылығындағы 70-тен астам нысанды жөндеді.
Ғ.Ізмұхамбетовтың айтуынша, жаңа стансаның құрылысы кезінде тұтынушылар жылусыз қалмайды, және олар үшін ешқандай өзгеріс болмайды. Бірақ ЖЭО газға көшкеннен кейін тарифтер қандай болады деген сұрақтың әлі басы ашық.
Сарапшылар да жаһандық бағаның шарықтауынан емес, жылу электр орталықтарын жаңғыртуды кейінге қалдырудан қорқу керектігін жиі айтады. Алматыдағы орталықтандырылған жылу жүйесі энергияны өндірудің басқа жолы болмаған жылдары салынған. Ол кезде қаладағы көмірмен жұмыс істейтін көптеген қазандық, құбырлар желісінің орналасуы экология, өндіріс тұрғысынан өте тиімді жүйе болды. Тұрғылықты халқы 2 миллионнан асып кеткен Алматыға заман талабын көтере алатын жаңа жылу орталығы керек. «1960 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық сол жылдардағы «Москвич» автокөлігі тәрізді. Оған қанша ақша салсаңыз да, мүмкіндігінен асып жұмыс істей алмайды. Біздің стансада да солай, ескірген.
Жабдықтары 1960 жылдардың деңгейінде жұмыс істейді. ЖЭО-3 көмірмен, мазутпен жұмыс істеп жатыр, 2026 жылға қарай газға көшу жоспарлануда. Нақтырақ айтсақ, ЖЭО орнында олар газтурбиналық технологияларды қолданатын жаңа маневрлік станса салуды бастайды. Стансада аралас циклді қондырғыларды енгізу отынды пайдалану тиімділігін арттырып қана қоймай, қаланың экологиялық жағдайын жақсартады» деп атап өтті бас инженер.
Бас инженер айтып өткендей, бұл жобада тұтынушыларды ақаусыз және сенімді энергиямен жабдықтауға әкелетін көршілес электр тарату желісінің схемасын күшейту мүмкіндігі де қарастырылған. Техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп, мердігерді таңдау рәсімдері жүріп жатыр. Жоба іске қосылған соң Алматы қаласы мен Алматы облысын ғана емес, Қазақстанның оңтүстігін де электр энергиясымен қамтамасыз етеді деген үміт бар.
Жаңа орталық пайдалануға берілген соң жылу мен жарықтың тарифтері қандай болатыны әзірге белгісіз. Жылу орталықтары квазисектор болғандықтан, тарифті мемлекеттің демеу қаржысы арқылы жеңілдету жағы қарастырылмаған. Тарифтер деңгейі жобаның құны анықталған соң белгілі болады. Нақтыласақ, бензин, дизельді отын бағасына қарай белгіленуі де әбден мүмкін. Жаңа станса іске қосылғаннан кейін ескісі демонтаждалады. Себебі №3 ЖЭО-ның әу бастағы жоспарда көрсетілген жарамдылық мерзімі де 2026 жылы аяқталады екен.
Қазір жылу орталығында 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Техниканың біразы жөндеуге шығарылды, кейбірі жөнделді де. Дегенмен жағдайдың мәз емес екенін жылу орталығын аралап жүргенде байқап қалдық. Бейнелеп айтқанда ХХI ғасырдың жаңа технологиясы біздің жылу орталығына жетпеген екен.
Сала мамандарының айтуынша, жағдайды түзеп, техниканы ретке келтіру үшін қосымша қаржат керек. Күрделі жөндеу, күл үйінділерін салу, қайта құру және жаңғырту секілді жұмыстардың бәрі қаржыны қажет етеді. Жылу желілерінің құбырлары Ресей мен Украинадан тасымалданатын. Қазір логистикалық тізбек үзіліп, баға екі есе өсіп кетті. Инженердің айтуынша, қазір логистикалық тізбекті әртараптандыруға бағытталған келіссөздер жүріп жатыр.
Алматыдағы №3 ЖЭО директоры Серік Қалиевтың айтуынша, электр энергетикасы үшін ең маңыздысы – тұрақтылық пен сенімділік. Дей тұрғанмен, алматылықтар қыстың көзі қырауда, аязды күндерде сыналған Риддер мен екібастұздықтар сияқты жылусыз қалмайды деп уәде берді. Өңірлерде болған оқиғадан кейін Алматы ЖЭО-3 тексеріліп, кейбір қондырғылар ауыстырылды. «Мұндай апаттардың алдын алу үшін біз ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 1970 жылдан бері жүк тиеу стансасын бір тәулікке тоқтату тәжірибесі енгізілді. Барлық арматураны, нығыздағыштарды, су төгетін ағындарды ауыстырдық», дейді Серік Қалиев.
Алматыдағы №2 ЖЭО жыл сайын миллион тонна көмір жағады. Күл орталықтан 1 шақырым қашықтықтағы жасанды көлге (гидравликалық күл үйіндісі) құйылады. Мұндай қалдықтар целлюлоза деп аталады. Көлге қонған күлге эмульгаторлар жіберілген соң ғана құрғақ қойма күл қоймаға тасымалданып, беті топырақпен тегістеледі.
Осыған дейін АлЭС басшылары күл үйіндісі сақталған қойманың 70 пайызға толғанын, соңғы оншақты жылда 5,68 миллион текше метр күл-қож қалдықтары жиналғанын айтып дабыл қаққан болатын. Ал бұл дегеніміз, енді бірер жылда қойма болып, қоқысты шығаратын жер қалмай, кәсіпорынның апатты түрде тоқтап қалуы мүмкін еді. Басқаша айтқанда Алматыны түтінге бөктірді деген сынның астында қалған ЖЭО-ның өзі күлдің күлімсі иісіне тұншығып келді. Стансаны газға көшіру мәселесі әлі көтерілмеген кезде жер бөлінсін деген өтініштер айтылған. Енді ЖЭО-2 әлі де газға көшіру мәселесі оң шешімін тапса, бұл ұсыныс өзектілігін жояды. Ендігі мәселе жер бетінен бірнеше метр тереңдікте жатқан күлді қажеттілікке жұмсауға бағытталуы тиіс.
Газдың маңызды рөлі бүкіл әлемде мойындалған. Газдың пайда болуы көмірмен салыстырғанда СО2 шығарындыларының екі есе азаюын қамтамасыз етіп, көмірдің жануынан пайда болатын атмосферадағы РМ2,5 бөлшектерінің концентрациясының айтарлықтай төмендеуін қамтамасыз ететіні белгілі.
Бүгінгі таңдағы ең тиімді шешімдер – біріктірілген циклді қондырғыларға негізделген ЖЭС жабдықтары екенін мамандар ашық айтып отыр. Аралас циклді қондырғыларды салу қымбаттырақ, бірақ жабдықтың бүкіл өмірлік циклі бойына отын шығынын азайтуды қамтамасыз етіп, тұтынушылар үшін электр энергиясының төмен бағасын қалыптастыруға ықпал ететін көрінеді.
«Алатау Жарық Компаниясы» АҚ бас инженері Жақсылық Сағынбековтің айтуынша, 2022-2023 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде ауқымды апаттар болмаса да жабдықтардың тозуынан технологиялық кідірістер болған. Қазір желілердің тозу деңгейі 93,3 пайыздан асып отыр. Жабдықтың қызмет ету мерзімі 25 жылдан аспайды. «Біздің компания 70 жастан асқан. Ал бізде 50-60 жылдан астам пайдаланылған кабельдер бар. Қайта құру 2009-2011 жылдары басталды. Қазіргі уақытта біздің желілердің 30 мыңнан астам шақырымында электр қуаты бар. Қосалқы стансалар – 205. Біздің желілерді қайта жаңғырту мен жаңалауға біз бөлген бюджет жай ғана жетпейді. Амортизацияны 7 пайызға төмендету үшін 2023 жылдан бастап бес жылға шамамен 84 миллиард теңге қажет», дейді «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ бас инженері Жақсылық Сағынбеков.
Ол электр энергиясының тарифі көтеріле ме, жоқ па деген сұраққа жауап бере алмады, бірақ қазіргі жағдайда бұл қажет екенін атап өтті. Мұндай шешім желілерді қайта құру мен жаңғыртуға көбірек қаражат бөлуге мүмкіндік береді. Сайып келгенде Алматыдағы жылу электр орталығының проблемасы тариф деңгейімен түйінделіп тұр. «ЖЭО шығынсыз жұмыс істеу үшін тариф қанша пайызға көтерілу керек?» деген сауалымызға АлЭС басшылары жауап бере алмай кідіріп қалды. Бұл өздерінен де жоғары тұрған құзырлы орындардың қарауындағы мәселе екен.
Әзірге тарифтен түскен қаржының қомақты бөлігі ХХ ғасырдан қалған ескі желілерді жамауға ғана емес, көмір, мазут сатып алуға, содан кейінгі аз ғана бөлігі мамандардың жалақысын көтеруге жұмсалады. Жылу орталықтары қаншалықты газға көшкен күннің өзінде де тариф мәселесі халықтың қалтасына салмақ салуын азайтады дегенге сенім де аздау болып тұр.
АЛМАТЫ