• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Кәсіпкер 19 Сәуір, 2023

Алматы кәсіпкерлерін не мазалайды?

322 рет
көрсетілді

«Атамекен» ҰКП алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңесте Алматы қаласында кәсіпкерлік қызмет дамуының мәселелері қаралды.

Кеңес төрағасы Алматы қаласында кә­сіп­керлікті дамыту, соның ішінде мемле­кет­тік реттеуші институттар мен бизнесті қар­жылай және қаржылай емес қолдау опе­ра­тор­ларының қызметі есебінен кешенді жағдай жасалғандығын және «Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» негізінде бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламасы аясында өткен жылы қала әкімдігімен бірлескен түрде бизнесті жетілдіруде 131,5 млрд теңгеге 3 448 жобаға қаржылай қолдау көрсетіл­ген­ді­гін атап өтті.

Алайда заңнамада көзделген кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау әлі толық көлемде пайдаланылмай, барлық кәсіпкер үшін қолжетімді болмай тұр. Ал практикалық қызметте құқық­тық нормаларды іске асырудың жүйелі проб­лемалары салдарынан қолдаудың жекелеген түрі мүлдем қолжетімсіз.

«Ірі қалаларда кәсіпкерліктің дамуына әмбебап базарларды жаңарту да елеулі әсер етеді. Сонымен қатар әмбебап базарларды жаңарту жөніндегі науқанды мем­ле­­кеттік қаржылай қолдаудың болмауы мега­­полистің де, бүкіл республиканың да сауда саласындағы көптеген кәсіпкердің қыз­метін тоқтату қаупін тудырады. Мұндай жағдай сауда қызметін реттеу және бизнесті қолдау жөніндегі жергілікті басқару туралы заңдардың қағидаларын іске асыру ме­ханизмінің жоқтығына байланысты орын алып отыр», деді «Атамекен» ҰКП жанын­дағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңе­сі­нің хатшысы Батыржан Ашитов.

Спикердің айтуынша, кәсіпкерлерді олар­дың қалыптасу кезеңінде бизнес-инкубаторлар қолдаудың маңызды құралы саналады. Бұл институт Америка құрлығында және Еуро­пада жақсы қолданыс тапқан.

«Алайда елімізде бизнес-инкубациялауды енгізу кең көлемде емес, өйткені заңнамада оларды дамыту шараларын қолдану әлі де шектеулі», деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, оңтүстік астанада былтырғы Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген залалдың орны толғанымен, ірі бизнес субъектілері шығынын өтеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бағалау деректері бойынша 162 ірі бизнес субъектіне келтірілген залал 34 млрд теңгені құрайды. Бұл көлемнен Алматы қаласына 31,5 млрд теңге келеді екен.

«2022 жылғы қаңтарда болған қылмыстар салдарынан келтірілген залалды зардап шеккен барлық бизнес субъектілерге, оның ішінде ірі кәсіпорындарға өтеу жекеменшікке қол сұғылмау және қорғаудың конституциялық кепілдіктерінен туындайды», деп атап өтті Қайырбек Шошанұлы.

Кәсіпкерлердің құқығын бұзу мемлекеттік сатып алу саласында да орын алған. Өткен жылы мемлекеттік сатып алу туралы заң­на­ма­ны бұзғаны үшін 300-ге тарта әкімшілік іс қозғалып, мемлекеттік қызметкерлерге 24 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң­­наманы бұзушылықтар мен бизнеске қа­­тысты заңсыз талаптардың жиынтығы кәсі­п­керлік қызметті айтарлықтай шектеп отыр. Мегаполисте кәсіпкерлерді қыл­мыс­тық процестің орбитасына негізсіз тарту жағдайлары орын алғандығы, бұл жеке кә­сіп­керлік субъектілерінің құқығы мен заңды мүддесін бұзуға алғышарттар жасайды. Был­тыр экономикалық қызмет саласындағы қыл­мыс­тық құқық бұзушылық бойынша 200-ден аса қылмыстық іс тіркелген. Қылмыстық істердің арасында оңалту негіздері бойынша 60 іс тоқтатылып, қылмыстық істердің 29,7 пайызы негізсіз қозғалған.

«Егер тергеу органдарында қылмыстық іс қарау сатысына дейін кәсіпкердің іс-әрекетінде қылмыстық әрекеттің бар-жоғын объективті бағалауға мүмкіндік беретін тер­геу тексерісін жүргізу мүмкіндігі болса, кәсіпкерлерді қылмыстық-құқықтық қатынастар саласына негізсіз тартуды алдын алуға болар еді. Қалада кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді шаралар жүргізілгенімен, заңнамада көзделген бизнесті қолдау шаралары белсенді пайдалануда инновациялық қызметтер мақсатты түрде ілгерілеуде. Алайда кәсіпкерлердің құқығын бұзудың жекелеген фактілері өңірдің кәсіпкерлік бастамасын неғұрлым тиімді іске асыруға мүмкіндік бермейді», деді Кеңес төрағасы.