Қостанайдағы жанармай бекеттерінде 98-маркалы бензин – 275, 95-тің литрі – 228 теңге. Қарапайым халық көп тұтынатын 92-нің бағасы 187 теңгеден сатылып жатыр. Жазғы дизелді отынның литрі 260 теңге болып тұр, ал қысқы дизелді отынның бір литрін 637 теңгеден аласыз.
Таяуда Энергетика министрлігі фермерлер үшін дизель отынының бағасы өзгеріссіз қалады деп мәлімдеген. Бізге облыс әкімдігі арқылы жеткен ресми ақпаратта жанармай бекеттерінде 1 тонна дизелді отынның бағасы 222 мың теңге немесе 1 литрі 184 теңге болатыны айтылған. Ауылшаруашылық тауарын өндірушілер операторларының шығынын қоса есептегенде, 1 литр дизель отынының бағасы орта есеппен 204 теңге болады.
Биыл Қостанай облысына мемлекет көктемгі алқап жұмыстарын ойдағыдай атқарып алу үшін 413 мың тонна жеңілдетілген жанармай бөліп отыр.
Министрліктің мәліметінше, жеңілдетілген жанармай АШТӨ операторларына белгіленген уақытқа сай жіберіліп жатыр. Мәселен, ақпан айында 82,1 мың тоннаның 77,4 тоннасы, наурызда 102,2 мың тоннаның 78,4 тоннасы жөнелтілген. Ең бастысы, өтінімдер мен төлемдер кешікпей, дер кезінде вагон-цистерналармен қамтамасыз ету отыру маңызды.
Өңір шаруашылықтарының біразы көктемгі егіс науқанына жететін жанармай қорын баға қымбаттамай тұрып жинап алған. Сондықтан шаруаларды көктемгі дән сіңіру жұмыстарынан гөрі, одан кейінгі алқапты өңдеу, шөп шабу кезіндегі, сондай-ақ күзгі жиын-терін науқанындағы жанармай бағасының қалай болатыны көбірек алаңдатады.
Өйткені бұдан кейін жеңілдетілген дизель отыны қазіргі нарықтағы бағасынан небәрі 5-10 теңге арзан берілуі мүмкін. Мұның сыртында, жанармайдан соң іле-шала техника, қосалқы бөлшектер, азық-түлік, электр энергиясы, өзге де ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты қызмет түрлері қымбаттап кетуі мүмкін.
Біртіндеп облысқа келіп жатқан жеңілдетілген жанармайға әлі қол жеткізе алмай отырған шаруашылықтар да бар.
– Бізге жанармай түгілі, әлі лимитті де берген жоқ. Жылда әр шаруашылықта қанша ылғал жабылады, неше гектарға егін егіледі, бәрін есептеп, соған орай лимит беретін. Сол лимитті әлі алған жоқпыз. Осының бәрі құдды әдейі істеліп жатқан сияқты көрінеді кейде. Неге осы бізде жанармай үнемі науқан әбден таяған кезде ғана қымбаттайды? Жазда немесе қыста неге қымбаттамайды? Жоқ, жұрттың бәрі тиын-тебенін әр нәрсеге зорға жеткізіп жатқанда қылғындырып, жығылғанға жұдырықтың керін келтіреді. Шерхан Мұртазаша айтсақ, «жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі, тасты жапалаққа ұрсаң да жапалақ өледінің» кебін киіп отырымыз. Шынымды айтсам, біздің шаруашылық мемлекеттің қоладауына мұқтаж емес. Біз осы арзан жанармайсыз да жер жыртып, егін еге аламыз. Мен техникасы ескі, қалтасы тақыл-тұқыл шағын шаруашылықтардың ертеңгі күні не болады деп алаңдаймын. Олар жарытып өнім алып жатпаса да, сол маңайдағы бірді-екілі ауылдарға ес болып отыр ғой, – дейді тәжірибелі диқан Ыбыраш Естаев.