Әлеуметтік желіде теңіз жағасында жүзіп жүрген қолтырауынның видеосы тарады. Көпшілік оны Каспий теңізі жағалауында түсірілген деп топшылады, деп хабарлайды Egemen.kz өңірдің қоғамдық коммуникациялар орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов бұл ақпараттың жалған екенін айтты.
«Видео Каспий теңізінде түсірілген болуы мүмкін емес. Өйткені қолтырауын тұщы суда өмір сүреді. Ол сондай-ақ ауа райы жылы болатын Африка сияқты тропикалық және субтропикалық аймақтарды мекендейді. Қолтырауындар біздің климатқа бейімделе алмайды. Сондықтан видеоны мұқият талдағаннан кейін ақпараттың жалған екеніне көз жеткіздік», деді Ғ. Досатов.