Футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финал матчтары аяқталып, турнирдің жартылай финалына жолдама алған ең үздік төрт клуб белгілі болды.
Ширек финалдың екінші күнінде Германияның «Бавариясы» өз алаңында Англияның «Манчестер Сити» клубын қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. Дегенмен Тұманды Альбионда өткен алғашқы матчта «Сити» қарсыластарын 3:0 есебімен жеңгенінің нәтижесінде жартылай финалдың үшінші жолдамасына иелік етті.
Ал «Интер» мен «Бенфика» арасындағы матчта командалар бір-бірінің қақпасына үш голдан соқса да (3:3), жартылай финалдың жолдамасын италиялық ұжым қанжығасына байлады. Өйткені Португалияда өткен бірінші ойында «Интер» клубы 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Сөйтіп, бірінші жартылай финалда «Манчестер Сити» мен «Реал», екінші матчта бір қаланың, яғни Миланның екі клубы – «Интер» мен «Милан» кездесетін болды. Бір айта кетерлігі, соңғы екі ұжым осыдан 20 жыл бұрын да Чемпиондар лигасының ½ финалында жолыққан екен. Жартылай финалдың алғашқы ойыны 9-10 мамырға, қарымта матчтар 16-17 мамырға жоспарланған.