• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Сәуір, 2023

Ұлттық қордың көлемі қайтсе артады?

372 рет
көрсетілді

Күні кеше өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор мәселесіне тағы назар аударды. Президент бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеуді тапсырды.

«Қазір жаңа Бюджет кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүл­тіксіз сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді. Мұндағы ең басты қағида – көрпеге қарай көсі­лу. Ұлттық қорға жармаса беру­ді доғару қажет. Ұлттық қор – бо­лашақ ұрпақтың қаражаты. Біз оның ресурстарын тек қажет­ті жағ­дайларда, дағдарыс кезең­де­рін­де пайдалануымыз керек», деді Қ.Тоқаев.

Кейінгі бірнеше жылда Ұлттық қордан 12 трил­лион теңге, яғни 30 мил­­лиард долларға жуық қаржы алы­нып, әртүрлі мақсаттарға, со­ның ішінде коронавирус пан­­де­мия­сының зардаптарын ең­серуге жұмсалды. Дегенмен биыл да Үкімет Ұлттық қор­ға саусақты то­лы­ғымен ба­тыр­мақ. «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық қоры­нан 2023-2025 жылдарға арналған ке­піл­ден­ді­рілген трансферт туралы» заңға сәйкес, респуб­ликалық бюджетке кепіл­дендірілген транс­ферт­тің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге көлемінде белгіленді. Ал 2024 жылы 2 трлн теңге және 2025 жылы 1,9 трлн теңге бөлінбек.

Экономист Айбар Олжайдың айтуынша, Ұлттық қорда «Оң қол, сол қол» парадоксы бай­қалады. С­ар­апшы бюджеттің шығыс бө­лі­гін себепсіз арттыра отырып, Үкімет инфляцияны екі есе­ге азайту тапсырмасын қалай орындайтыны түсініксіз екеніне назар аударады.

«Ұлттық қорға қатысты «Оң қол, сол қол» парадоксының орын алып отырғанын көріп отырмыз. Се­бебі оң қол сол қолдың қимылын біл­мей отыр. Стратегиялық мақсат – 2030 жылы Ұлттық қорды 100 мил­­лиард долларға толтыру керек­піз дейміз. Бірақ дәл сол кезде, бюджетте бекітілген көлемге қара­мастан, тағы да Ұлттық қордан трансфертті ұлғайтып отыр­мыз. Биылғы жылды кризисті деу­ге келмейді, экономикалық өсім тіркелді.

Контрциклді заңдылықпен қа­расақ, қазір Ұлттық қорға тиіс­пей, керісінше көбейтудің ке­зеңі. Бірақ біз Үкіметтің кері­сін­ше транс­ферттерді бюджетке кор­рек­ти­ровка ар­қылы көбейтіп отыр­ға­нын көріп отырмыз. Ұлттық қорды сақтау керектігін Президент те айтты, Жоғарғы аудиторлық палата да айтты. Бірақ Үкі­мет­тің өз жо­лы бар сияқты. Онда Үкімет осы ше­шімдердің логикасын түсіндіруі керек. Себебі оның басты KPI-інің бірі – инфляциямен күрес», дейді А.Олжай.

Былтыр Есеп комитеті Ұлт­тық қор қаражаты есебінен инвес­ти­ция­лық жобаларды іске асыруда орталық және жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың өзара іс-қимылы нашар, мұның өзі олардың тиімсіз жоспарлануына және пайдаланылуына әкеліп соғып отыр деген қорытынды жасаған. Мұның басты себебі ретінде қорға жүктелген міндеттер бір­неше мемлекеттік органға бөлініп берілген. Мысалы, жос­парлау – Ұлттық экономика министр­лігіне, кірістерді есепке алу – Қаржы министрлігіне, ак­тив­терді басқару – Ұлттық банкке, жалпы үйлестіру – Ұлт­тық қорды басқару жөніндегі кеңеске, бақылау Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылау жөніндегі комиссияға жүктелген.

Сарапшы Айбар Олжайдың сөзіне сүйенсек, Үкімет 2017-2018 жылдан бері Ұлттық қорды дағ­дарысқа қарсы әмиян ретінде қа­былдай бастаған. Сол кездегі мем­лекет басшыларының Ұлттық қор­ға қаражатты қиын кезеңге сақ­тадық деген сөзі әсер еткенін айтады.

«Басында антикризистік әре­кет ретінде басталып, кейіннен бюджеттің кәдімгі белгілі бір па­ра­метрлерін орындап отыратын құ­рал секілді болып қалды. Сол әдет санамыздан әлі кетер емес. Бюджеттің орындалуы, келесі жылға жоспарлау кезінде Ұлттық қордан ақша аламыз деген оймен трансферттер қарастырылады. Бұл Ұлттық қордың азайып ке­туіне ықпал етеді. Әсіресе пандемия кезінде өте көп қаражат алған­дық­тан, оның көлемі азайып кетті. Ша­мамен 10 миллиард доллардай жұм­­садық. Оның орны толмауы­на өз әсерін беріп отыр», дейді А.Олжай.

Тағы бір айта кетерлік мәсе­ле бар. Ұлттық қор есебі­нен қаржы­лан­­дырылатын жобалардың түп­кі нәтижесі туралы бірыңғай ақ­па­рат табу қиын. Оны жи­нақ­­тап, талдайтын мекеме жоқтың қасы. Экономист Сәбит Рыс­баев­тың айтуынша, Ұлттық қор­дың қаражатына қатысты есеп­тік ақпарат беруде ашықтық жетіс­пей­ді.

«Жауапты министрліктер есеп­ті бір парақ word құжатында сай­тына жүктейді. Одан нақты мәлі­мет алу қиын. Трансферттің жалпы көлемі секілді атүсті ақпарат беріледі. Ал Норвегия, Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттердің қорлары арнайы сайт ашқан. Сол жерден бүкіл мәліметті таба аласыз. Қолдануға да жеңіл», дейді С.Рысбаев.

Осы орайда айта кеткен жөн. Қазақ­станның халықаралық резерв­тері 94 млрд долларды құ­райды. Соның ішінде Ұлттық қор­дың активтері өткен жылдың басынан бері 3 млрд-қа өсіп, 58 млрд долларға жетті. Алайда жоспар бойынша Ұлттық қордың көлемін биыл 66,7 млрд долларға, одан әрі 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін арттыру жоспарланған. Бұған қол жеткізе аламыз ба, әлде жоқ па?

Сарапшы Айбар Олжай Ұлт­тық қорды көбейтудің екі-ақ жолы бар екенін айтады. Біріншісі – мұ­найдан түсетін кіріс. Яғни қар­жы ең әуелі Ұлттық қорға түсе­ді. Содан кейін ғана трансферт арқылы бюд­жетке барады. Мұнай ба­ға­сы өссе, 80 доллардан жо­ғарыласа, Ұлттық қордың қор­­жыны қампаяды. Екіншісі – ин­вестициялық параметр. Бұған дейін 80/20 принципі бойынша жұмыс істеп келдік. Яғни қаражаттың 80 пайыз облигацияға, қалған 20 пайыз акцияға салынды.

«Қысқа мерзімде инвес­ти­­ция­лық параметрден көп пайда табу үшін акциялардың үлесін көбейту керек. Әрине, оның да өте үлкен тәуекелі бар. Сондықтан тәуекелге көп бармадық. Небәрі 20 пайызын ғана акцияға салдық та, кейде тіпті зиян шегіп отырдық. Ал қалған 80 пайыз облигацияда болғандықтан, ол ешқашан минусқа кетпейді. Жылдық кірісі тұрақты, мысалға 1,5 пайыз деген секілді.

Енді Үкімет Ұлттық қор­ды бас­қару параметрін өзгерт­пек. Осы­лайша, 60 пайыз облигацияға, 30 пайыз акцияға, 5 пайыз алтынмен, қалған 5 пайыз баламалы қаржылық құралдарына, мысалы биткойн секілді, бөлінбек. Бұл Ұлт­тық қордың инвестициялық кірісін көтеруге жасалған қадам. Бас­қарушысы мықты компа­ния­ларға қаражат құйылса, 30 пайыздық акцияның өзімен табыс таба аламыз», дейді А.Олжай.