Астана қаласында халықаралық «EURASIAN BOOK FAIR - 2023» кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Көрмеге жыл сайын қатысып жүрген Иран елшілігі өз мәдениетін таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Иран елшілігі бұл көрмеге иран әдебиеті классиктерінің кітаптарын алып келген. Сондай-ақ адамдардың қызығушылығын тудырып жатқан қолөнер бұйымдары қойылған.
«Біз бұл көрмеге жыл сайын қатысамыз. Кітаптармен қоса иран мәдениетін таныстыратын қолөнер туындыларын көрсетеміз. Өткен жылы қатысқан кезде Қазақстан тарапынан қызығушылық өте жоғары болды. Сондықтан биыл Ираннан арнайы екі шеберді шақырдық. Бұл жолы көрмеге Иран классик ақындары кітаптары, авторлардың аудармалары қойылды», деді Иран елшілігінің мәдени бөлім қызметкері.
Сондай-ақ шеберлер қолөнер жұмыстарын таныстырды. Ерекше көзге түскен Иран каллиграфиясы туындылары болды. Шебер әртүрлі жазуларды парсы тілінде көркем туындыға айналдырып арнайы жазып береді.