Ұрпақты елдікке, отаншылдыққа тәрбиелеуде, жұртшылыққа тарихи-танымдық, ағартушылық қызмет көрсетуде музейдің қызметі ерекше екені белгілі. Осыған орай Байзақ аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрі тағайындалған азаматтардың рухани байлығын арттырып, мәдени көзқарасын қалыптастыру мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде іс-шара ұйымдастырылды.
Халықаралық ескерткіштерді қорғау күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жаза түрі бойынша сотталғандар қатысты.
Іс-шара барысында тарихы ғасырлардан сыр шертетін, ауданның кешегісі мен бүгінін айшықтайтын «Археология», «Даңқ», «Аудан тарихы», «Этнография», «Мәдениет және спорт» залдары таныстырылды. Сонымен қатар аудан орталығы Сарыкемер ауылының басты көшесіндегі «Батырлар аллеясында» ауданнан шыққан 27 Социалистік Еңбек Ерінің және Кеңес Одағының Батыры Ағәділ Сухамбаевтың, бейбіт күнде ерлік жасаған Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолдарынан ақпарат алды.
Пробациялық бақылау белгіленген азаматтар шарадан жақсы әсер алып, рухани тұрғыдан бір байып, құнды ақпараттармен танысқанын айтып, ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.
Айнагүл МАМЫТБЕКОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Жамбыл облысы