Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы мамыр айында Латвия мен Финляндияда жалауы желбірейтін әлем чемпионатына дайындық жұмысын бастады. Ғалым Мәмбеталиев жетекшілік ететін құрама жаһандық дода алдында оқу-жаттығу жиынын елордадағы «Барыс Арена» мұзайдынында өткізіп жатыр. Өткен сенбі күні Қазақстан ұлттық құрамасы Оңтүстік Корея хоккейшілерімен жолдастық кездесу өткізіп, алғашқы ойында ірі есеппен жеңіске жетті.
Бәсеке басталған бетте жерлестеріміз белсенді ойынымен көзге түсіп, кедесуді өз бақылауында ұстауға тырысты. Ал кореялық хоккейшілер керісінше дөрекі ойнап, жиі-жиі ереже бұзды. Салдарынан бірнеше ойыншысы мұзайдыннан қуылды. Ойынның бірінші кезеңі ел құрамасының айқын басымдығымен өтсе де, жерлестеріміз алғашқы кезеңде бір ғана шайба соғуға мүмкіндік алды. Голдың авторы – Роман Старченко.
Үзілістен кейін ел хоккейшілері қарқынын арттырып, Корея құрамасының қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Алдымен 31-минутта Тамерлан Гайтамиров мергендік танытса, араға үш минут салып Аркадий Шестаков өз атын таблоға жаздырды. Үшінші кезеңде де жерлестеріміз жанкүйерлерін қуантып, қарсыластар қақпасына тағы екі шайба енгізді. Бұл жолы Дмитрий Гренц (51-минут) пен Кирилл Полохов (59) нысананы дәл көздеді. Осылайша, Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореямен өткен бірінші жолдастық кездесуде 5:0 есебімен басым түсті. Екі құрама өкілдері бүгін екінші жолдастық кездесуін өткізеді.
Статистикаға көз жүгіртер болсақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея құрамалары мұзайдында бұған дейін алты мәрте кездескен екен. Оның бесеуінде жерлестеріміз басым түскен болса, 2017 жылдың 23 сәуірінде бірінші дивизионның А тобында Оңтүстік Корея тұңғыш мәрте Қазақстан хоккейшілерін 5:2 есебімен сүріндірген еді.
Латвия мен Финляндияда өтетін әлем чемпионатында ел құрамасы «В» тобында Канада, Чехия, Швейцария, Латвия, Словакия, Норвегия және Словения құрамаларымен сынға түседі. Ал 29 сәуір мен 5 мамыр аралығында Ұлыбританияның Ноттингем қаласында алауы тұтанатын бірінші дивизионның «А» тобында Оңтүстік Корея хоккейшілері Италия, Ұлыбритания, Литва, Польша, Румыниямен топ-дивизионның жалғыз жолдамасын сарапқа салады.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Мәмбеталиев әлем чемпионатының алдындағы оқу-жаттығу жиынына шақырту алған хоккейшілердің тізімін жариялаған жоқ. Алайда шайбалы хоккей федерациясы Оңтүстік Кореямен өтетін екі жолдастық матчтың хаттамасына енген ойыншылардың тізімін жариялады. Бір қуанарлығы, осы екі матчта шақырылған хоккейшілердің арасында бірде-бір легионер жоқ. Барлығы Қазақстан хоккей мектебінің түлегі.
Қақпашылар: Джелал-Ад-Дин Әмірбеков, Никита Бояркин, Андрей Шутов (бәрі – «Барыс»), Максим Павленко («Номад»).
Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Тамирлан Гайтамиров, Эмиль Нұрғалиев (бәрі – «Барыс»), Данил Бутенко, Мәди Диханбек, Артем Королев, Абылайхан Сүлейменов (бәрі – «Номад») Кирилл Полохов («Арлан»), Валерий Орехов («Металлург», Магнитогорск).
Шабуылшылар: Әлихан Әсетов, Александр Борисевич, Дмитрий Гурков, Дінмұхамед Қайыржан, Никита Михайлис, Батырлан Мұратов, Михаил Рахманов, Кирилл Савицкий, Аңсар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков (бәрі – «Барыс»), Станислав Александров, Олег Бойко, Абай Маңғысбаев, Максим Мухаметов, Әлихан Өмірбеков (бәрі – «Номад»), Саян Данияр («Сарыарқа»), Дмитрий Гренц («Арлан»), Хақназар Кеңесбай («Алматы»), Роман Старченко («Спартак», Москва), Евгений Рымарев («АКМ», ЖХЛ).