Еліміздің сарапшылары су ресурстарын басқару бойынша шетелдік тәжірибеден өтті. Үш күнге жалғасқан семинар «Орталық Азиядағы жерасты суларын басқару және климаттың өзгеруі» жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шарада мамандар Францияда да, халықаралық деңгейде де белгілі бір аумақтағы су ресурстары туралы деректерді басқару мәселелерін, инновациялық технологияға негізделген жоспар жасаудың қыр-сырын меңгерді.
Елордада өткен іс-шараға Францияның Қазақстандағы елшілігі мұрындық болды. Басты мақсат – франциялық тәжірибенің мысалында жерасты сулары туралы мәліметтерді жинау, басқару және пайдалану мәселелерін кең аудиторияға оқыту және түсіндіру.
– Біз 2015 жылы қабылданған Париж климаттық келісімінің орындалу барысы үшін белгілі бір дәрежеде жауапкершілікті сезінеміз. Франция мен Қазақстан әртүрлі климаттық және географиялық жағдайларға тап болғанына қарамастан, екі елдің Үкіметтері су ресурстарын тұрақты басқаруды қамтамасыз етудің ортақ міндетіне ие. Бірнеше күн бұрын Франция президенті Э.Макрон климат өзгеруінің қиындықтарына бейімделу үшін суды басқару саясатын қайта қарауға бағытталған бірқатар шараны қамтитын жоспарды ұсынды. Бұл жоспарды әзірлеу кезінде инновациялық шешімдерді, әсіресе су ресурстарын басқару саласында ұсынатын франциялық тәжірибе пайдаланылды. Геологиялық және тау-кен зерттеулеріне маманданған BRGM мемлекеттік мекемесі жерасты ресурстарын басқаруда сарапшы ретінде танылған және халықаралық ынтымақтастықта мол тәжірибесі бар. Мен осы жоба аясында BRGM-ді (Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы) Қазақстандағы жаңа серіктес ретінде қарсы алатынымызға өте қуаныштымын, – деді Францияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Алекс Бортолан.
Геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы екі жыл бойы Қазақстаннан Францияға делегацияларды шақыру, оқыту мен зерттеуге гранттар беру, франциялық сарапшылардың Қазақстанға жұмыс сапарлары және біліктілікті арттыру бойынша тәжірибелік курс, сағаттар секілді кең ауқымды іс-шараларды ұйымдастырды. Бұл жобаны Еуропа тарапы және Франция Сыртқы істер министрлігі қаржыландырады. Осы орайда семинарда орталықтың Азия бойынша өкілі Бенуа Журдан жобаларды қаржыландыруды жүзеге асыруға көмектесетін жоба мен компанияның қызметі туралы таныстырды.
– Орталық Еуропалық одақ деңгейінде, көптеген жыл бойы BRGM зерттеу бағдарламаларына қатысады, мемлекеттік саясатты дамытуға және халықаралық ынтымақтастыққа қолдау көрсетеді, осылайша көптеген берік әріптестік қатынастарды қалыптастырамыз, – деді ол.
Жалпы су ресурстары – шектеулі табиғи байлық, оларды ұтымды басқару адамзат үшін маңыздылығын жылдан-жылға арттырмаса, кемімейді. Өйткені Қазақстан әлемде сапалы сумен қамтамасыз етудің қолжетімділігі бойынша 70-орында тұр. Еуразия құрлығында тіршілік көзі тапшы елдердің көш басында келеді. Ал Азияда 8-орында. Ел аумағының 2,8%-ында ғана ашық су қоры болса, үштен екі бөлігін құрғақ аймақтар құрайды. Яғни Қазақстан «суға тәуелді» елдердің тобына жатады. Тіпті Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2030 жылға қарай әлемдегі тоғызыншы территорияда су ресурстарының көлемі жылына 90-нан 76 текше метрге дейін, яғни 15%-ға азаяды. Бұған қоса БҰҰ-ның болжамы бойынша 20 жылда Қазақстанда су тұтыну 56 пайызға артады деп болжанып отыр. Демек қазір ресурстарды тиімді үйлестіру және жедел зерттеу су сарапшылары үшін маңызды деген сөз. Бұл ретте шетелдік объективті мәліметтер мен заманауи жоғары технологияларға негізделіп құрылған жоспарлар сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесін жүйелендіруге өз ықпалын тигізбек. Осылайша, Maqsut Narikbayev University атынан басқарма төрағасының орынбасары Айнұр Кәрібозова іс-шараны ұйымдастырудың маңыздылығын түсіндірді.
– Бүгінде су ресурстарын сәтті басқару біздің жауапкершілігіміз бен осы шектеулі табиғи ресурстарды пайдалануға деген саналы көзқарасымызға байланысты. Біз өскелең ұрпақты өмірдің маңызды көзі ретінде суға деген құрмет пен үнемді қарым-қатынасқа байланысты тәрбиелеуіміз керек. Франция елшілігіне осы маңызды жаһандық мәселедегі белсенді ұстанымы үшін алғыс айтамыз, – деп қорытты А.Кәрібозова.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде minirals.gov.kz ірі ақпараттық жүйе әзірленіп жатқан көрінеді. Онда пайдалы қазбалардың барлық түрі, соның ішінде жерасты сулары қамтылған. Бұл жүйенің басты миссиясы – жерасты суларына қатысты мәселелерді цифрландыру бойынша жұмысты жалғастыру, жерасты суларын ұтымды пайдалануда су пайдаланушыларға барынша қолайлы жағдайды қамтамасыз ету және суды пайдалану мониторингін жүзеге асыру.
– Қазақстан үшін халықаралық тәжірибені зерделеу қызықты. Республикада су өте өткір мәселелердің бір. Мысалы, трансшекаралық жерасты бассейндері бойынша бізде зерттелген 15 бассейн бар, бірақ одан да көп болуы мүмкін. Олардың бірі – Өзбекстан Республикасымен бірге Ташкент маңындағы су бассейні. Ол бойынша өткен жылы ЮНЕСКО-ның қаржыландыру аясында үлкен жұмыс аяқталды. Біздің жұмысымыздың қорытындысы бойынша жерасты суларының халықаралық трансшекаралық бассейндерін басқару мәселесі қаншалықты күрделі және осы мәселелерді шешуде халықаралық қолдаудың қаншалықты маңызды екендігі айқын болды. Бұл жерасты суларын пайдалануда әрқашан белгілі бір күрделілік пен теңгерімсіздік бар, сондықтан біз барлық қатысушы мен тыңдаушыны осы қиын, бірақ аса маңызды тақырыпқа тереңірек үңілуге шақырамыз, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Ғалиев.
Жалпы, болашақта елімізде ауыз су тапшылығын болдырмау үшін осындай тәжірибе алмасудан бөлек, сыртқы контурдағы белсенді дипломатиялық қызметті көздейтін жүйелі шараларды қолға алу қажет. Бұған қоса инвентаризация, экологиялық мониторинг, топырақты залалсыздандыру, су ресурстары мен нысандарының маңында қалыптасқан полигондарды рекультивациялау сияқты шараларды қолға алу керек.