Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екі ғасырдың ұрпағына да белгілі талант иесі, ақын Қадыр Мырза Әлінің өлеңдері ел аузында жиі айтылатын афоризмге айналғанын бәріміз білеміз. «Өлеңге айтып қойыппын, Өмірдің айтпа дегенін» деп, бар болмысын поэзиясына сыйдыра білген Қадыр ағамыздың «көзі кеткеннен» кейін шығармаларына қиянат жасап жүрген жайымыз бар.
Қазақтың киелі домбырасын, құдіретті күйін сөз етерде екінің бірі Қадыр ақынның «Домбыра» өлеңінің алғашқы шумағынсыз бастамайтын болды. Әсіресе 2018 жылғы 13 маусымдағы «Домбыра күнін» белгілеу туралы Жарлығынан кейін ақынның бұл шумағынсыз мереке өткізілмейтін деңгейге жетті. Қадыр ақынның «Домбыра» өлеңі қазақ пен киелі домбыраның егіз ұғымынан басталады:
Екі ішектің бірін қатты,
бірін сәл-сәл кем бұра.
Қазақ – нағыз қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!
(Қадыр Мырза Әлі. Көкейкесті. Өлеңдер мен толғаулар. – Алматы: Атамұра, 2003. 154-бет).
Өлеңнің түпнұсқасындағы үзінді дәл осылай берілген. Ал біз 2018 жылғы шілденің алғашқы жексенбісінде өтетін «Домбыра қүні» мерекесін телеарналарда белгілі күйші Секен Тұрысбек пен белгілі әнші Бекболат Тілеуханға «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп жарнамалаттық. Еліміздегі бірқатар басылым да «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» екенін (тыныс белгісі өзгертілмей берілді) есімізге салды. Содан бері Қадыр ақынның бұрмаланған өлең жолдары ақпарат жүйесінде жалғасын тауып келеді. Таңғалатынымыз – мәдени іс-шараны ұйымдастыратын тұлғалардың ешқайсысының түпнұсқаға бір рет назар аудармайтындығы, Қазақ – нағыз қазақ емес тіркесі мен нағыз қазақ – қазақ емес тіркестеріндегі ой айырмашылығын саралай алмайтындығы. «Егер ол нағыз қазақ болып алса, қалай қазақ бола алмайды?» деген ұйғарым жасауға білім деңгейлерінің жетпегені ғой. Бұны қайталанбас талант иесі Қадыр Мырза Әлінің поэзиясынан хабары жоқтардың жалпы әдебиетімізге қиянат жасағаны деп білемін. Олардың өз бетінше еркінсігені сонша, «Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп «сәл-сәл» қос сөзін сыңар мәнді «сәл-пәлге» өзгертуден де тайынбады («Хабар-24», 05.07.2020). Осы үрдісті «Елбасы кітапханасы» циклінен интернетке жарияланған мақала да айна-қатесіз қайталады (03.07.2020). Жоғары деңгейдегі ақпарат көздерінен алған үлгісі болуы керек, Қазалы аудандық газеті: «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деген Қадыр Мырза Әлінің сөзін ұран еткен халқымыздың көңіл төрінде домбыраның орны ерекше», деп, дүйім қазақ жұртын шатастырып қойды. (04.07.2021). Биыл да «Домбыра күні» мерекесінде талай белсенді жылдағы кемшілікті жалғастырды.
2018 жылдан бері не мәдениет, не ақпарат, не білім саласына қатысты құзыретті орындардағы «Домбыра күні» мерекесін ұйымдастырушылардың Қадыр ақынның бір ғана «Домбыра» өлеңін оқып шықпағаны – өкінетін жайт. Өмірінің соңына дейін мүшесі болған Жазушылар одағынан да бір әдебиет қызметкерінің үн қатпауы «Өзі жоқтың көзі жоққа» саяды. «Онсыз да ғаламторға жүгінген жастарымызға барлық ақпарат көздері «бұрмаланған» өлең жолдарын ұсынып жатса, «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген ақын ағамыздың аманатын орындау оңайға соқпайтын секілді. Әрине, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтыны» рас десек те, келешекте нағыз талант Қадыр ақынның поэзиясы дұрыс насихатталуына назар аударғанымыз жөн шығар.
Қайсар ҚАДЫРҚҰЛОВ