• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Шілде, 2014

Ықпалдастыққа ықыластылық

354 рет
көрсетілді

Кеше Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бай­ме­­нов елордаға арнайы сапармен келген Таиланд Король­дігінің Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі ко­мис­сия офисі бас хатшысының орынбасары Висоот Праситсиривонгсемен кездесті. Кездесу барысында та­рап­тар Қазақстан мен Таи­ланд арасындағы екіжақ­ты және көпжақты ынты­мақ­тастықтың қырларын талқыға салып, мемлекеттік қызмет сала­сындағы мәсе­лелер жайын сөз етті. Әсі­ресе, өзара іс-қи­мылды одан әрі нығайтуға  қызығушылық танытылды. Бұл бағыттағы әрекетті бел­сен­ділендіре түсу үшін Мем­лекеттік қыз­мет саласындағы ықпал­дастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум қабылданды. Қазақстан тарапынан оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төра­ғасының орынбасары Әли Көмекбаев, ал Таиланд Корольдігі тарапынан Мем­лекеттік қызмет істері жө­нін­дегі комиссия офисі бас хат­шы­сының орынбасары Висоот Праситсиривонгсе қол қойды. Аталған шараға қа­тыс­қан Ә.Бай­менов былай деді: «Мем­ле­кет­тік қызмет сала­сын­дағы Қазақ­станда жүргі­зіліп жатқан реформалар әлемде көптеген елдердің қы­зығушылығын туғызуда. Сол себептен де, Таиланд делегациясы арнайы келіп, бізбен меморандумға қол қойды. Бұл меморандум мемлекеттік қызмет саласында бірлескен зерттеулер жүргізуге, мемлекеттік қызметшілерді оқыту сала­сындағы ықпалдастық пен өзара ақпарат алмасу арқылы бір елдің тә­жі­рибесін екінші елде зерттеп пайдалануға мүм­кіндік береді». Ә.Байменов Таиландты өзіндік ерекшеліктері бар ел екенін айта келіп, олардың мемлекеттік қызметшілерге жалақы төлеу, әлеуметтік қолдау және жеке сектордан мамандарды тарту сияқты тәжірибелері қызығушылық тудырып отырғандығын атап көрсетті. Жалпы, Таиланд тарапы Ас­та­надағы Мемлекеттік қызмет сала­сындағы Өңірлік хабтың жұмысына ерекше қызығушылық танытуда екен. Тіпті, аталған хабтың жұмысына қатысу үшін өз өтініштерін де беріп үлгеріпті. Сонымен, Таиландты қоса алғанда, қазір Өңірлік хабтың жұмысына 29 мемлекет қатысатын болады. Өз кезегінде В.Прасит­си­ри­вонгсе 28 мүше-елдің реформасы әр деңгейде, олардың тәжіри­бе­лерін зерттеу аса қажетті екендігін алға тартты.  Әсіресе, ол өз елін Қазақстанда енгізілген «А» корпусы туралы бастама қатты қызықтырып отырғанын алға тартты. Бұл жүйе қалай құрылғандығы және оның қандай бағытта дамып жатқандығы ерекше назарға ие. Олай болса, екі ведомство арасында қол қойылған меморандум бірлесе ғылыми ізденістер мен мемлекеттік қызметшілерді оқыту жұмыстарын жүргізу, ақпарат, білім мен тәжірибе және де реформаны нәтижелі жүргізу үшін сарапшылар алмасу сияқты ынтымақтастықты қамтиды. Таиланд өкілі «А» корпусын құру жақсы үлгі бола аларын алға тартып, өз елінде мем­лекет­тік қызметшілерге деген талап жоғары екендігін де тілге тиек ете кетті. Оның айтуынша, мемле­кет­тік билікте тұрақтылық болма­ғанымен, мемлекеттік қызмет­ші­лер тұрақты жұмыс істеп келеді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».