• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Өндіріс 26 Сәуір, 2023

Цифрлық таңбалау: Аяқкиім бағасы қымбаттаған жоқ

209 рет
көрсетілді

2023 жылғы 1 сәуірден бастап аяқкиімді таңбалау және қада­ғалау ережелері толық күшіне енді. Осы кезеңде елімізде таңба­ланған аяқкиім көлемі 257 пайызға өсті. Кәсіпкерлер таңба­лаудың енгізілуі тауар бағасының өсуіне әсер етпегенін атап өтті.

Қазіргі уақытта таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйе­сінде аяқкиім саудасымен айналысатын 2 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. 2023 жылдың наурыз айында 6 145 348 аяқкиім таңбалау кодына тапсырыс берілді. Ал 2023 жылғы сәуірдің 1-21-і аралығында тапсырыс берілген аяқкиім кодының саны 15 853 844 жетті. Бір айға жетер-жетпес уақыт ішінде аталған көр­сеткіш 257 пайызға өскен. Бұл айналымның ашықтығын арт­тыруға бағытталған жүйеге биз­­нестің белсене атсалысып отыр­ғанын көрсетеді.

Жүйеде жұмыс істейтін және тауарды таңбалау бойын­ша тікелей тәжірибесі бар кәсіп­керлердің айтуынша, цифрлық таңбалауды енгізу тұтынушы үшін аяқкиімнің түпкілікті құ­нына әсер етпеген.

«Міндетті таңбалау енгі­зілгеннен бері аяқкиім таң­балаумен айналысып, оларды бөлшек сауда дүкендерімізде сатамыз. Біз тек тауарларды таңбалау және қадағалау ақпа­раттық жүйесі мен 1С жүйелерін интеграциялау модулін енгізу кезінде ғана шығындалдық. Тиісінше, сатылымдағы аяқ­киімнің бағасын 1 теңгеге де көтермедік. Осылайша, таң­ба­лаудың енгізілуі түпкілікті бағаға әсер еткен жоқ. Бірыңғай оператор бізбен үнемі байланыста және біз олардан таң­балау жүйесінің жұмысы бойын­ша егжей-тегжейлі жауаптар аламыз, өз ескертулеріміз бен ұсыныстарымызды айтамыз»,  дейді «Sman» және «Bayman» тауар белгілері бар «Bayman Group Qazaqstan» компаниялар тобының қойма және логистика жөніндегі директоры Олжас Сүгіров.

Бұған дейін Қазақстанға «Юничел» сауда белгісімен аяқ­киім әкелетін «Каспий-обувь» ЖШС өкілдері де жүйедегі жұмыстардың қолжетімділігі туралы пікір білдірген болатын:

«Біз аяқкиім өнімдерін таң­балау енгізілгеннен бас­тап, яғни 2021 жылғы қара­шадан бері тауарларды таң­балау және қадағалау ақпарат­тық жүйесінде жұмыс істейміз. Таңбалау үдерісінің барлық кезе­ңін қарастырдық және процедураларға сәйкес бір­қа­­лыпты жұмысты жүйе­леп алдық. Жұмысымыз Ресей Фе­дерациясымен өзара та­ныл­ған кодтардың функциясы ар­қылы да жетілдірілді: уақыт ай­тарлықтай қысқарды және аяқ­киімді әкелу үдерістері же­ңіл­детілді. Өнімді таңбалау жү­йесін оң бағалаймыз және аяқ киім нарығындағы бәсекелестік әлдеқайда әділ болады деп үміт­тенеміз. Біздің компания таң­балау үшін артық шығынға тап болған жоқ», деген еді «Каспий-обувь» ЖШС басшысы Лариса Ситарова.

Тауарларды цифрлық таңба­лау және қадағалау жүйе­сінің басты мақсаты Қазақ­стан­дағы сауданы ашық ету еке­нін еске сала кетейік.

«Қазір тауарларды таңба­лау және қадағалау жүйесінде аяқкиім саудасымен және өнді­рісімен айналысатын кәсіп­керлердің жоғары белсенділігі байқалады. Бұл адал бизнестің заңда белгіленген ережелерге сәйкес жұмыс істейтінін көр­сетеді. Таңбалау және қада­ғалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету және аяқкиім өнеркәсібінде 50 пайызға жу­ық­тайтын көлеңкелі экономика статистикасын азайту. Нарық­тың ағаруы саналы кә­сіп­керлердің дамуына және халықтың әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Бұған бизнес те жа­­уапты», дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі Индустриялық даму ко­­митеті Жеңіл өнеркәсіп бас­қар­ма­сының басшысы Айжан Әді­лова.

Аяқкиім өнімдерін цифрлық таңбалау және қадағалау 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап енгізілді. Осы кезеңнен бастап кәсіпкерлер бейімделу кезеңіне қатысты көптеген жеңілдік ал­ды. Ал 2023 жылғы 1 сәуірден бас­тап аяқкиімді таңбалау және қада­ғалау ережелері толық күші­не енді. Заңнамада аяқкиімді таң­­балау ережелерін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылмаған.