• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Табиғат 26 Сәуір, 2023

Қызғалдақтың ғұмыры

619 рет
көрсетілді

Жаратылыстану ғылымы «бабасы балдырдан бастау алды» дейтін өсімдіктердің де өмірде өз орны, өз тағдыры бар. Оның ішінде әлемге әр берген, сұлулық пен сән берген гүлдердің орны, тіпті бөлек. Жердің жүзін жайнатқан – гүлзарлар мен гүлді алқаптар. Адамзатқа жарқын өмір сыйлап тұрған да осы – жасыл әлем. Адам мен табиғат – егіз. Бірде Еуропаның ерекше табиғатын тамашалауға барған бір танысым тотыдай түрленген тоғайдың кіреберісіндегі тақтайшада «Сіз менің жүрегімдегі тамырларды жұлмаңыз!» деген жазуды оқып қайран қалғанын айтқан-ды. Сол бір лепе көктем шықса, қазақ топырағын масатыдай құлпыртқан қызғалдақтың тағдырын еске түсірген еді.

Дала гүлінің түп-төркіні – Тұран топырағы

Сакура гүлі десе – Жапония, үйеңкі жа­пырағы десе – Канада, пальма ағашы десе­ араб елдері еріксіз ойға оралады. Ал бү­гінде гүл мен Голландия егіз ұғымға айнал­­ды. Алайда сол Голландия жеріне жет­кен қызғалдақ гүлінің түп-төркіні Тұран­ топырағы екені, оның алғаш пайда бол­ған жері қазіргі Қазақстан аумағы екені ғылымда нақтыланған. Қазақстан – қыз­ғалдақтың отаны, Қазақстан гүлстан десе­ де артық айтқандық емес. Алайда біз­ барымызды бағалап, жоғымызды тү­ген­деп болғанша, кейбір пысықтау жұрт біраз асылымызды жан-жақтан жырымдап, жұлмалап жүргені де жасырын емес.­ Мәселен, тарихи тұжырымдарда қыз­­ғалдақ гүлі қазақ жерінен «Ұлы Жібек­ жолы» арқылы Ираннан Түркияға же­тіп, одан әрі Голландияға барғаны ай­ты­лады. Осылайша голландықтар «қыз­ғал­дақ елі» болып шыға келді. Онда қыз­ғал­дақ­тың қымбат болғаны сонша, үш түп қыз­ғал­дақтың құнына Амстердамның орта­лығынан бір зәулім үй сатып алуға бола­ды екен. Қазір мұндай болмаса да қыз­ғалдақ гүлі құнын әлі жоғалтқан жоқ. Ал енді мына бір салыстыруға қараңыз, Ни­дерланд қызғалдақтары күтіммен өссе, біз­дің қызғалдақтар табиғи. Қайсысы құн­ды­ екені түсінікті. Алайда біз сол қолда бар­ алтының қадірін біліп жүрміз бе? Енді соны­ тармақтап, тарқатып көрейік.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу уни­вер­ситетінің профессоры, педагоги­ка­ ғылымдарының кандидаты Бағлан Маха­ме­­до­ваның айтуынша, дала қызғалдақтары елі­міздің көп жерінде кездеседі.

– Қызғалдақ – лалагүлдер тұқым­да­­­сы­на жататын көп жылдық шөптесін пияз­­­шық­ты өсімдік. Қызғалдақ гүлінің сұр­пы­ мен түріне қарай гүлдеу мерзімдері де­ әртүрлі. Көбінесе наурыз-мамыр ай­ла­­рында гүл ашады. Барлық түрі 20-25­ күн аралығында гүл жарып тұрады. Қыз­­ғал­дақтың түсі ақтан қараға дейінгі ара­­лықта алуан түрлі болып келеді. Көп­ жағдайда әр сабағында бір тал ғана гүл жарады. Бұл дала гүлін зерттеу жұ­мыстары ХVІІІ ғасырдың соңында бас­тал­ған. Академик Питер Симон Паллас же­текшілік еткен экспедиция 1771 жылы Солтүстік Қазақстан аймағында алғаш рет қызғалдақты зерттеп, баспа бетінде жария­ла­ды. Қазақ жеріндегі қызғалдақтарды зерт­т­еу ісі көптеген атақты адамдардың есімімен тығыз байланысты. Мәселен, кейбір зерттеушілердің бірнеше жылға созылған экспедициялары мен саяхаттары өте қиын жағдайда аяқталған. Олардың және өзге де ғалымдардың есімі Алматы, Санкт-Петербург және Батыс-Еуропа елдеріндегі ірі академиялық коллекцияларда, гербарийлік жапырақтар этикеткасын­да­ сақталған. Лемон, Шренк, Борщов қыз­ғал­дақтары ғылыми ортаға жақсы таныс. Ал­маты қаласындағы Ботаника институ­тын­да Қазақстан аймағынан А.Шреж, Г.Карелин, И.Кирилов 1840-1842 жыл­да­ры­­ жинаған қызғалдақтардың ең ескі­ гер­ба­­­рий­лік жапырақтары сақталған, дейді агро­­биология саласының сарапшысы.

Ал ғалым Анна Иващенко «Қазақстан қыз­­ғалдақтары және жуа тұқымдас өсім­дік­тер» деген еңбегінде қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін жазады. «Қазақ халқы ежелден бері дала гүлі – қызғалдақты ерекше құрметтейді, оның көр­кіне қызығып қана қоймай, шипалы­ қасиеті бар өсімдік ретінде, әсіресе оңтүстік өңірінде көптеп қолданған», депті ғалым.

 

Насихаты нашар

Қызғалдақ гүлі ықылымнан ақын­дар­ды­ да, ғалымдарды да, патшаларды да­ таңғалдырып, толғандырып, өзіне ынтық­ты­рып келеді. Содан да болар, Шығыстың шайыры Ғафиз қызғалдақтың қыздай нәзіктігіне, сиқырлы сұлулығына қарап, тіпті раушан (роза) гүлі де оған тең келмейді деп жырлайды. Деректерге сүйенсек, Орталық Азия аймағынан табылған Х-ХІІІ ғасырлық қыш бұйымдарда қызғалдақ суреттері салынғаны анықталған. Мысалы, Айша бибі және Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің кірпіштерінде кездесетін өрнектер соның нақты айғағы іспетті. Көшпенділерде қызғалдақ бейбітшілік, тыныштық пен жаңаруды білдіреді екен. Ал құлпытастарда салынған қызғал­­дақ бейнесі өмірдің өтпелі екенін бейне­лей­тінін айтады білетіндер. Қазақ қол­өнерінде де қызғалдақ бейнесі көп ұшы­ра­сып жатады. Бұл – тарихи іздер. Ал қа­зір ше, қазақ қызғалдағының қоғамда қан­ша­лықты беделі бар? Бір ғана мысал, француз жазушысы Оливье Блейстің «Қыз­ғалдақ саудагері» шығармасы кезінде Гол­ландияның атағын жаһанға жайды. Шіркін, бізден осындай бір әдеби мұра та­была ма? Қиындау... Әйтеуір дәтке қуат, елімізде жыл сайын қызғалдақ фес­ти­вальдері өткізіліп тұрады. Мұндай гүл мере­келері қызығушыларға қызғалдақ тура­лы деректермен танысуға, олардың сұлу­лығын тамашалауға таптырмас орай. Бұл бір жағынан экотрузимнің бірден-бір көзі болып отыр. Осы ретте Қазақстан қызғалдақтары мен сарғалдақтарының әлі де болса насихаты нашарлау түсіп жатқаны көзге ұрып-ақ тұр.

 

«Қызыл кітаптағы» қызғалдақ

Флористердің зерттеулеріне сүйенсек, елімізде қызғалдақтың 64 жабайы түрі бар екен. Әзірге 34-і зерттеліпті. Ал оның 11-і – эндемек. Яғни бұл елімізде ғана кездесетін түрі. Кейбірі сиреп бара жат­қан қызғалдақтардың қатарына жатады.­ Қа­зір соның 18 түрі «Қызыл кітапқа» ен­ген. Табиғатқа зиян, ал мемлекетке залал кел­тірмес үшін мұндай қызғалдақтың түр­ле­рін­ біле жүрген де артық болмас.

Қызыл кітаптың дерегінше, Грейг қыз­ғал­дағы – шоғы қып-қызыл, ал сабағы қо­ңыр­шаң келген. Бұл қызғалдақты алғаш Ресей бау-бақша қауымдастығының директоры Самуил Грейг Қаратау етегінен та­уыпты. Қызғалдақтың аты да сол кісінің есімі­мен аталған. Бұл қызғалдақ ғылымда ХІХ ғасырдан белгілі болған. Селекцияда жиі қолданылады. Голландияға тараған 200-ге тарта элиталы қызғалдақтың сор­ты да дәл осы қызғалдақтан алынған көрінеді. Қазір бүкіл Еуропаға тарап, бота­ни­калық бау-бақшаның көркіне айналып отыр­ған да – осы қызғалдақтың тұқымы. Жапы­рағы жалпақ таспа тәрізді, кейде жиегі иректеліп келеді. Гүлі дара, қызыл, қызғылт сары түсті, көктемде гүлдейді. Бірақ бұл қызғалдақтың жабайы түрін табу өте қиын. Түркістан облысы мен оңтүстік өңірде, дәлірек, Ақсу-Жабағылы мен Қаратау қорығында, Берқара бауында кез­деседі.

Тағы бір ерекше гүл – Борщов қыз­ғал­дағы. Орыс ботанигі Илья Борщов тап­қан, атауы оның құрметіне қойылған гүл. Қазір бұл қызғалдақ Байқоңыр ай­ма­ғының рәмізі саналады. Бұл кейде Торғай, Арал өңіріндегі құмды шөл­дер­де, Қызылқұмда кездеседі. Қу даладан­ құл­пы­р­ған қызғалдақ көрудің өзі бір қызық құ­былыс секілді. Сондықтан шөлейт далада, құмды жерде өсетін қызғалдақтар көк­темде көзге оттай басылады деседі.

Ал Биберштейн қызғалдағы басқа қыз­ғалдақтарға қарағанда біршама кең тара­ған. Қап тауы мен Қырым, Румыния жер­лерінде де кездеседі. Қызығы – бұл кез кел­ген жерде өсе береді, күй талғамайды. Ұзын­дығы – 15-30 см. Сәуір айында гүлдеп, шілде айында жеміс береді.

Шренк қызғалдағы да – ең танымал гүл­дердің бірі. Бұл гүл еліміздің солтүстік ай­мақтарында өседі. Суық қыс пен ыстық жаз­ды жақсы көреді. Гүлі ірі, ақ, қызыл не сары­ түсті. Мамырда гүлдейді, маусымда­ же­місі пісіп жетіледі. Бұл қызғалдақ та Грейг қызғалдағы сынды қазіргі голланд­ қызғалдақтарының түп атасы саналады.­ Бұл баданамен емес, гүлі дәні­мен көбейеді. Ботаниктердің айтуын­ша,­ мұндай қызғалдақты жұлып алса, оның­ қайтып өсіп шығуына кемі 10 жыл уақыт кетеді.

Кауфман қызғалдағы – Қаратау, Талас Ала­тауы мен Өгем жотасында тараған қыз­ғалдақ түрі. Жапырағының саны 2-3-тен аспайды, ұзынша немесе эллипс сияқ­ты. Гүлі қызыл және күлгін түсті. Нау­рыз­дың­ аяғы мен сәуірде гүлдейтін сәндік өсім­дік. Селекцияға көп пайдаланады. Зерт­теушілердің дерегінше, бұл гүлдің қазір­ әлемде 200-ден аса сұрпы бар.

Тағы осы секілді екігүлді қызғалдақ, бір­гүлді қызғалдақ, зинаида қызғалдағы, көк­ қызғалдақ, қысқааталық қызғалдақ, кеш гүлдейтін қызғалдақ, Альберт қыз­ғал­­­­дағы, Колпаковский қызғалдағы, Ко­­роль­­­ков қыз­ғалдағы, Леманновский қыз­­ғал­дағы, Островский қызғалдағы, Ре­гель­­ қызғалдағы, қатарлы 18 қызғалдақ «Қы­зыл­ кітапқа» еніпті.

 

Қоғам және құқық

Өсімдіктер әлемі өркениетпен итжы­ғыс­ өмір кешіп келеді. Өсімдіктерсіз өрке­ниет­ те жоқ екенін ерте түсінген елдер қор­шаған ортаны қорғауға өте ықтият қарай­ты­нын байқаймыз да, өзіміздегі жағдайға қарап, еріксіз қынжыламыз. Талай елдің тала­йына бұйырмаған табиғи байлықты баға­лай алмай отырғанымыз өтірік емес. Оның көрінісі көктем шыға жайқалып өскен қызғалдақтар мен сарғалдақтарды жұлып, оның фотосуретін әлеуметтік желіге жарыса жариялаудан басталады. Бақсақ, ол адамдар бұл гүлдердің «Қызыл кітапқа» енгенін, ол мемлекеттің ерекше қорғауындағы өсімдіктер екенін, оны жұлған жағдайда заңмен айыпталатынынан әлі де бейхабар екені аңғарылады. Әйтпесе ақыл-есінде ақауы жоқ адам жасаған қылмысын қалай жалпақ жұртқа жар салады? Егер қасақана табиғатқа зиян тигізсе, Батыс елдерінің тілімен айтқанда бұл экотерроризм болып саналады.

Ботаниктердің айтуынша, қызғалдақ – өте нәзік гүл. Өсуі мен тарауы, жеміс беруі мен тұқым тастауына ұзақ уақыт кетеді. Қызғалдақ гүл тұқымдастары сияқты баданамен көбеймейді. Көбінде дән мен тұқым арқылы тарайды. Ал дән жерді жарып өсіп шыққанша 4 жылдан 7 жылға дейін уақыт кетеді екен. Сондықтан өсіп келе жатқан қызғалдақты жұламын деп, тамырын мүлде құртып жіберуіміз кәдік. Сөйтіп, сұлулықтың жұртын сипап қалуымыз әбден мүмкін екен. Әзірге қорғансыздың күйін кешіп тұрған нәзік жаратылысты сақтауға деген экомәдениет қалыптаспай жатқан секілді. Ендеше, оны қорғау үшін амалсыз заңға иек артатынымыз анық.

Осыған байланысты Түркістан облы­сын­дағы қазіргі қызғалдақ маусымының ахуа­лын біліп көрген едік. Түркістан облысы­ әкімінің баспасөз қызметінің айтуын­ша, гүл жұлғандардың қатары биыл­ да байқалған, сол үшін оның алдын алу­ шаралары жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Түркістан облыстық орман шаруа­шы­лы­ғы­ және жануарлар дүниесі аумақтық инс­­пекциясы қызметкерлері полицейлер­мен­­ бірлесіп, оңтүстік өңірде өскен Грейг қыз­­ғал­­дақтарын қызықтауға келген аза­мат­­­тарға тиісті түсіндірме жұмыстары жүр­­­­г­і­зіліп жатыр», дейді Түркістан облы­сы­­ әкімінің баспасөз қызметі.

Ал қызғалдақ жұлғандарды қандай «сый»­ күтіп тұрғанын заңгер Думан Көп­баев­тан білдік. Оның айтуынша, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар мен өсімдіктерге зиян келтірген азаматтар жауапкершілікке тар­тылады. Қазақстан құқықтық кодек­сі­нің 339-бабына сәйкес, қылмыстық жауап­­кершілік қарастырылған. Аса сирек кез­десетін жануарға зиян тигізу, таби­ғатқа залал келтіру 3 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуге немесе­ сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына тар­тылуға апарып соғады. Табиғатқа қарсы­ жасалған қастандықтың түрі мен кел­тір­ген­ зиянына байланысты 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да та­ғайындалуы мүмкін.

«Кез келген адам қызғалдақты жұ­лу­­­ кезінде қолға түссе, Қылмыстық ко­­­­дек­стің 339-бабымен қылмыстық жа­­уап­кершілікке тартылады және Қазақ­­стан Республикасының орман заңна­ма­сын бұзу­дан келтірілген залалдың мөл­шерін есеп­теуге арналған базалық мөл­шер­ле­ме­­лерді бекіту туралы Үкіметтің 2007 жыл­ғы 31 мамырдағы №441 қаулысының 3 бөлігіне сәйкес айыппұл төлейді», деп нақ­ты­лап ескертті заңгер.

Өткен аптада дәл осындай жазаға ілігіп, қылмыстық іздеу салынған азамат­тар­ жайлы ақпараттар тарады. Мұның соңы не болары әлі белгісіз, алайда 2021 жылы Түркістан облысында қызғалдақ жұл­ған бір ер азамат 9 млн теңге айыппұл арқа­лағаны ел есінде. Ал бұл айыппұл қазіргі мөлшермен есептегенде, 3 мың АЕК дегеніңіз 10 млн 350 мың теңге болады екен. Баяғыда бір қызғалдақ жұлған адамның басын шабатын жаза тағайындаған көрінеді Османылының патшасы. Бұл жазалардың қай-қайсы да гуманистік түсінікке томпақ келетіні әләзір үкім екені рас. Ендеше оның оңтайлы жолын бір білсе, осы кісі білер деп, қызғалдақ гүлдерін фотосуретке түсіріп, оны қорғауды насихаттап жүретін табиғат жанашыры, экобелсенді Қайрат Кәрібаевтан сұрап көрдік. Оның айтуынша, жазаны күшейтпей-ақ, экологиялық сана қалыптастыратын үгіт жұмысын үдетсе, мұның түк те қиындығы жоқ көрінеді.

– Қазір қызғалдақ өсетін кейбір алқап­тарды шаруашылықтарға беріп жібер­ген. Ол жерді жыртып, әртүрлі дәнді-да­қыл егеді. Бұл – бір. Екіншіден, гүл жұл­ғандар «оны мал да жеп жатыр ғой»­ деген қарсы уәж айтады, алайда қыз­ғал­дақты ешқандай мал жемейді. Бірақ қыз­ғал­дақтар мал аяғымен тапталып жатыр. Тіпті бұл да – проблеманың басы емес. Ең қиыны «екіаяқтылар» болып тұр. Хал­қы­мыз­дың экологиялық түсінігінің төмендігі қиын­дық туғызып отыр. Қазір базарда да қыз­ғалдақтар толып тұр. Соны алсын да иіскей берсін. Ештеңеге зияны жоқ өсім­дік­ті адамдар не үшін жұлатынын түсіну қиын.­ Ол жұлғаннан кейін 15 минутта солып қалады. Бізде осыны халыққа дұрыс жеткізетін үгіт-насихат аз. Экологиялық сауатты балаларға жастайынан сіңіруіміз қажет. Қызғалдақты қорғау заңда бар болғанымен, оны жұрттың бәрі біле бермейді. Көп жағдайда адамдар оны білместікпен жұлады. Әйтпесе оған ешкімнің жауыздығы жоқ. Әйтсе де обалы не керек, кейінгі үш-төрт жылда бұл біршама реттеліп келеді. Қызғалдақ гүлі өсетін алқаптардың маңына, әсіресе жолдың жиектеріне ескерту тақтайшалар іліну керек. БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ақпараттандыру жұмысымен бірге, тәртіп сақшылары бақылап тұрса, одан нәтиже шығар еді, дейді Қ.Кәрібаев.

Әр өсімдік тек сұлулық үшін емес, адамзаттың тағдырымен тамырлас екені халық санасына берік орнамай, «Қызғалдақ – Қазақстан көркі» деген ұран жеткіліксіз тәрізді...