Елімізде АЭС салу төңірегіндегі мәселе сонау тоқырауға ұшыраған тоқсаныншы жылдары басталған. Аталған жайт арагідік айтылып қалып жүрді де, соңғы үш-төрт жыл бедерінде белсенді талқылана бастады. Біз әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішіндеміз. Еліміз алғашқы АЭС құрылысын жүргізу үшін Оңтүстік Корея, Жапония, Франция және Ресей мемлекеттерінің ұсыныстарын қарап, зерделеп жатыр.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Бізде инвестицияны былай қойғанда, таза атом энергиясы жоқ болса, экономикамызды құлдыратып аламыз, аймақтағы көшбасшылығымыздан айырыламыз. Сондықтан бізге электр энергиясы, атомдық таза энергия қажет. Оның маңызын кәсіби тұрғыдан түсіндіру керек» деген болатын. Осы тапсырмаға орай, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС және Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен белгілі экологтер, атом және физика саласының мамандары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдері, су ресурстары мамандары, эко-белсенділер мен ғалымдардың қатысуымен «Экология және атом энергетикасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шараны Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі Стратегия, ғылым және халықаралық қатынастар департаментінің директоры Серік Кененбаев ашты.
«АЭС салу барысында және оны пайдалануда экологиялық талаптарды сақтау ең күрделі мәселе. Бүгінгі таңда атом энергиясы тиімділігі тұрғысынан үздіксіз энергия өндірудің жалғыз ғана көзі. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының зерттеуіне сәйкес, өмірлік цикл деңгейіндегі жел энергиясын қоса алғанда, АЭС – генерацияның барлық түрі арасында көміртек қалдығын ең аз мөлшерде қалдыратын энергияның баламасы саналады. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет шешім қабылдауымыз өзіміз үшін қажет», деді Серік Барменбекұлы.
«Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин «АЭС құрылыс жобасы» тақырыбындағы атқарылып жатқан істер турасында баяндады. Ол сонымен қатар елдегі электр энергиясын тұтынудың артуына және декарбонизацияға көшуге байланысты жақын арада энергетикалық дағдарыс орын алатындығын, жаңартылатын энергия көздерін, жел және күн стансаларын дамытумен қатар атом энергетикасын жетілдіру қажеттігін айтып өтті.
Инженер-энергетиктер одағының бас директоры Марат Тұрғанбекұлы еліміздегі энергетикалық теңгерімнің дамуын, қыс мезгілінде электр энергиясы тапшылығының артуын атап, атом электр стансасы бұл тапшылықтың орнын толтырар еді деген ойын білдірді.
Энергетика министрлігі «Ядролық физика институты» ШЖҚ РМК бас директорының ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мұрат Шәкенұлы Алматыдан 25 шақырым қашықтықта орналасқан институт аймағында жұмыс жасап жатқан реактор жайлы баяндап, реактор жұмыс істеген 55 жыл ішінде қалыптан тыс ауытқулар болмағандығын, жалпы зерттеу реакторының жұмыс істеу қағидаты VVR типті атом электр стансасымен бірдей екендігін, WWR-K реакторында ғылыми-зерттеулермен қатар қатерлі ісіктерді диагностикалау және емдеуге арналған медициналық мақсаттағы изотоптар мен радиофармацевтикалық препараттар, өнеркәсіп үшін иондаушы сәулелену көздері шығарылатындығын атап өтті.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Балқаш – Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Раушан Иманбет «Балқаш көлі «Ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектілерінің тiзбесiн және ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерiндегi шаруашылық қызметтi реттеу құқықтық режімiнiң ерекшелiктерін бекiту туралы» Үкіметтің 2004 жылы 21 қаңтардағы №59 қаулысына сәйкес, Балқаш көлінің бассейніне ең маңызды Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз және Бақанас өзендерімен қатар негізгі артериясы болып табылатын Іле өзеніне тоқталды. Іле өзенінің бассейні су жинау алабының шамамен 70%-ын және көлдің жалпы жерүсті ағынының 80%-ын құрайтындығын, оның негізгі ағын құраушы бөлігі ҚХР аумағында орналасқан. Аталған өзеннің орта және төменгі ағысында су жинағыш жеткілікті дамыған гидрографиялық көрсеткіш бар. Шарын, Шелек және Хоргостың оң жағалау бөлігінде Өсек, Борохудзир сияқты ірі салалардың болуына қарамастан, Іле өзенінің ағысы шамалы ғана ұлғаяды.
Жалпы, Іле трансшекаралық өзенге жатады. Қазіргі уақытта ел Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендерді бөлу туралы келісім бойынша арнайы жұмыс топтары жұмыс істейді. Оның ішінде қаралатын мәселелердің бірі – Іле өзенінде су бөлу. Келіссөздердің негізгі мақсаты – су объектілерінің экожүйесін сақтауда суармалы егіншіліктегі шығындарды азайтуды, су үнемдеу технологияларын енгізу, каналдардағы суды есепке алуды цифрландыру, ылғалды аз қажет ететін дақыл түріне көшу жайы. Сонымен қатар су заңнамасында ерекше мемлекеттiк маңызы бар су объектiлерi аймағын қорғау мақсатында Су кодексінің 129-бабында санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық жағдайды сақтау мен жақсартуға бағытталған қызмет түрлерiнiң басымдылығын, су объектiлерiнiң экологиялық жүйесiне шаруашылық қызметтердің әсерiн ұдайы азайту қарастырылғандығын, жалпы атом энергетикасын Балқаш көлі жағасына орналастыру мәселесіне байланысты, Іле трансшекаралық өзенге жатқандықтан бірінші су бөлісу жағдайын жан-жақты қарастыру керек деген ойын жеткізді.
Азаматтық қоғамдастықты дамыту қауымдастығы өңірлік бағдарламасының директоры, эколог Қайша Атаханова, «Әлеуметтік-экологиялық қор» қоғамдық қорының өкілі Құралай Қарақұлова және «ЭКО ФОРУМ»ҮЕҰ сарапшысы Гүлсім Кәкімжановалар атом энергетикасын дамыту үшін алдымен экологиялық зерттеулерді толығымен жүргізіп, кездесетін тәуекелдердің алдын алу жолдарын нақтылау қажет деген пікірлерін білдірді.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметінше, арзан әрі газбен жұмыс істейтін 1000 МВт қуатқа ие электр стансасы атмосфераға жылына 13 мың тонна түтін, көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары 165 тонна зиянды түтін шығарып, оған қоса 1000 МВт қуатқа ие ЖЭС жылына 8 миллион тонна оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді және айтарлықтай зиянды түтін шығармайды.
Қалай десек те, бүгінгі күні атом энергетикасы болжамды баға тұрғысынан үздіксіз өндірудің жалғыз көзі болып тұр. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының зерттеуі бойынша өмірлік цикл деңгейінде жел энергиясын қоса алғанда, АЭС генерациясы барлық түрінің ішіндегі көміртек қалдығын ең аз мөлшерде шығаратын энергияның баламасы саналады. Атом технологиялары күн, жел, гидроэнергетика мен басқа да төмен көмірсутекті шешімдермен бірге болашақ энергия балансының ғаламдық негізін құруға тиіс. Еуроодақ 2050 жылға қарай экономиканы көміртектен арылту керектігін, ал кейбір елдер 2030-2040 жылдарға дейін осы мақсатқа жетуге дайын екендіктерін мәлімдеген.
Атом энергетикасы көптеген дамыған елдің энергия жүйелерінің негізі, ал ЖЭК ең жоғары жүктеме кезінде қажет. Атом энергетикасы объектілері үлкен аумақты қажет етпейді. Мәселен, атом энергетикасынан таза энергия өндіру үшін жел энергиясына қарағанда, әлдеқайда аз жер көлемі керек.
«Экология және атом энергетикасы» дөңгелек үстеліне қатысушылар әлі де болса елімізде АЭС құрылысы туралы шешімді қабылдау жан-жақты талқылауды қажет ететінін айтады. Алайда барлық қауіпті ескере отырып, негізгі бес басымдыққа тоқталады. Олар – білікті маман дайындау, жоғары оқу орындарында білім бағдарламаларын кеңейту, мамандардың өз ұлтымыздың өкілі болуын қадағалау, қоршаған ортаның қауіпсіздігін қатаң қамтамасыз ету мәселелерін айқындау және еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсартуына бірден қол жеткізу.