Ұлттық ойындардың баланың зеректігі мен ептілігін ұштауға әсері зор. Осы бағытта Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында орта білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына «Тоғыз ай – тоғыз іс-шара» атты жоспарын ұсынды. Осы тоғыз оқу айында оқушылар тоғыз түрлі іс-шараға қатысады.
– Бұл жоспар биылғы наурызда оқушылар арасында өткен «Күй күмбірі» республикалық домбырашылар челленджінен басталды. Барлық іс-шара ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие үдерісіне бірыңғай көзқарасты қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева.
Айталық, іс-шара белгілі бір тәртіппен өтеді. Мәселен, қыркүйек – «Сергіту сәті», қазан – «Әнұран айту», қараша – «Асық ату», желтоқсан – «Шығарма жазу: болашаққа хат», қаңтар – «Қазақ есебі», ақпан – «Оқуға құштар мектеп», наурыз – «Домбырашылар», сәуір – «Тоғызқұмалақ, шахмат ойыны», мамыр – «Жасыл мекен» деп әр ай тақырыпқа бөлінген.
Қазір елімізде ұлттық ойындарға қызығушылық арта түскенін байқаймыз. Соның бір көрінісі ретінде асық ату спортын айтуға болады. Биыл Мемлекет басшысы Степногор қаласында спортшылармен кездескенде асық ату спортына ерекше маңыз беріп, осы спорт түрін халықаралық деңгейге көтеріп жатырмыз деп атап өтті.
Республикалық Асық ату федарациясының президенті Жомарт Сабыржанұлының айтуынша, жалпы асық ату спорты өте ыңғайлы. Бұл спорт түрімен жылдың төрт мезгілінде айналысуға мүмкіндік бар. Оған керемет спорт алаңы мен қымбат құрал да қажет емес. Қаражат жағынан да шығын аз. Бастысы, асық ату спорты кез келген адамды мергендікке, шапшаңдыққа, өзін ортада ұстай білуге, бір-біріне құрмет көрсетуге, өзгенің ұсынысы мен қатесін түсінуге, оның көзқарасымен санаса білу секілді адамдық қасиетке тәрбиелейді. Медицина жағынан да пайдасы мол.
Бүгінде еліміздегі 16 облыста аккредиттелген асық ату федерациясы жұмыс істейді. Сондай-ақ асық атудан 1 124 жаттықтырушы бар болса, оның 84-і штаттағы жаттықтырушылар. Кейінгі жылдары асық атумен айналысатындар көбейген. Қазір олардың саны 77 864-не жетті. Ел аймағында 2 239 асық ату спортының үйірмесі бар. 2017 жылы Корей Республикасының Чеджу қаласында үкіметаралық материалдық емес мәдени мұраны қорғау комитетінің 12-сессиясында асық ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра ретіндегі қорғау тізіміне кірді. Сонымен қатар 2018 жылы республикалық Асық ату федерациясы ұлттық спорт федерациясы ретінде Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан танылды. Бүгінге дейін асық ату спорт түрінен 60-тан аса спорт шебері дайындалды.
– Біз жыл сайын 20-ға жуық спорттық іс-шара өткіземіз. Соның ішінде 3-уі халықаралық турнир болса, 10-ы – ел чемпионаты. Былтыр қыркүйекте Румынияның Константа қаласында 30 елдің командасы қатысқан әлем кубогінде еліміздің асық ату спортының кұрамасы бірінші орын алды. Сондай-ақ өткен жылы Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында да біздің құрама биіктен көрінді. Соның нәтижесінде сегіз спортшымыз алғаш рет «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Сонымен қатар ел құрамасы үш рет Қырғызстандағы «Дүниежүзілік көшпелілер ойындары» мен «Ордо» ойындарына қатысып, жүлдегер атанды. Енді 2024 жылы елімізде өтетін 5-ші «Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының» бағдарламасына асық ату спорты (ұлдар, қыздар) кіріп отыр. Қазір соған дайындалып жатырмыз, – деді Жомарт Сабыржанұлы.