• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Сәуір, 2023

Демонополизация: Қанша актив кері қайтарылды?

241 рет
көрсетілді

Өткен жылдың 26 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бүгінге дейін ел Үкіметі Бас прокуратурамен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару үшін шетелдермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүйелі негізде жүргізіп келеді.

Жуырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы уақытқа дейін шетелге заңсыз шығарылған 670 миллиард теңгеге жуық актив қайтарылғанын мәлімдеді. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасып келеді.

Бас прокуратура берген мәліметке қарағанда, заңды жолмен алынған (сатып алын­ған) мүлік тәркілеуге жатпайды. Оны тек­серу үшін прокуратура органдары қа­жет­­­ті және жеткілікті дәлелдер жинауға тиіс. Аталған орган сотталғандардың, оның ішін­­де сыбайлас жемқорлық қылмыстары, жым­­қыру, жалған кәсіпкерлік және салық тө­леу­­­­ден жалтару үшін қылмыстық жауап­кер­­ші­лікке тартылғандардың мүлкін тәркі­леу­дің заңдылығын мүлтіксіз қадағалап отыр.

Осыған орай соңғы уақытта дүйім елді елең еткізген жаңалықтарға тоқтал­сақ, солардың бірі – Болат Назарбаевқа тиесілі «Барыс» көлік базарының мемлекетке қайтарылуы. Алматы қаласының прокуратурасы базар орналасқан жер телімін сатып алу-сату шарттарына қа­тыс­ты істің 17 сәуірде сотта қарал­ға­­нын мәлімдеді. Сотта Қарасай ауданы прокуратурасының жалпы ауданы 37,6 гектар жер телімдерін сатып алу-сату үлгісіндегі шарттарын жарам­сыз деп тану жөніндегі талап-арызын қанағаттандыру туралы шешімі («Ба­рыс» автонарығы) жария етілді. Өткен жылы қабылданған шаралардың нәти­жесінде қаражатты тәркілеу, жер телім­де­рін, жылжымайтын мүліктер мен көлік­­терді қайтару арқылы мемлекетке 9,2 мил­лиард теңгеден астам шығын өтелді.

Тағы бір шулы жаңалықты 24 сәуірде Маңғыстау облыстық прокуратурасы таратты. Олардың мәліметінше, құны 1 млрд теңгеден асатын комбинат мемлекет меншігіне қайтарылған. 2019 жылы қатты тұрмыстық қалдық­тарды қайта өңдеу және көму комби­наты «Тазалық-С» ЖШС сенім­гер­лік басқаруына берілген. Жаңа­өзен қаласының прокуратурасы анықтағандай, ЖШС оған комбинатты беруге негіз болған міндеттемелерін орындамаған. Атап айтқанда, комбинат арнайы техниканың жеткілікті санымен қамтамасыз етілмеген, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірісі кеңейтілмеген, полимерлі құбырлар өндірісі іске асырылмаған.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша Жаңаөзен қаласының әкімдігі мамандандырылған ауданаралық эко­номикалық сотына сенімгерлік шартты тоқтата тұру туралы талап арыз беріп, ол толығымен қанағаттандырылды. Апел­ляциялық сатымен бұл шешім өзгеріссіз қалдырылды. Нәтижесінде, баланс­тық құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктік кешен жергілікті атқарушы органның коммуналдық меншігіне қайтарылды.

Сондай-ақ Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия отырысында мұнай-газ саласындағы маңызды инфрақұрылымдық объектілерді жеке меншікке берудің заңдылығы талқы­ланып, еліміздегі ірі мұнай компаниясы жеке адамдардың қолына өтіп кеткені жария етілді. Жиында мұнай-газ саласында жұмыс істейтін ірі компанияның осыдан бірнеше жыл бұрын сатылғаны айтылды. Комис­сия тапсырмасымен жүргізілген тексеру активтің төмендетілген баға­мен жекенің қолына өтіп кеткенін анықтады. Премьер-министр құзырлы мемлекеттік органдарға осы мәселені еліміздің қолда­ныстағы заңнамасы аясында пысық­тауды тапсырды.

Бұдан өзге Астана, Алматы қала­лары мен Алматы, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және басқа облыстардағы жер телімдерін, жылжымайтын мүлік объектілерін, өндірістік кешендерді мемлекет кірісіне айналдыру бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Биыл осы жұмыстар нәтижесінде 1,5 млрд теңге жиналды. Прокурорлар мүлікті иеліктен шығару туралы келісімшарттарды жарамсыз деп тану үшін 36 талап арыз беріп, оның 25-і қанағаттандырылды.

Мәселен, Жоғарғы сот Бас проку­рор­дың наразылығы негізінде Алматы қаласының апелляциялық сотының «Горный Гигант» шағын ауданындағы жер телімдері мен «RBK Bank» АҚ жымқыру ісі бойынша сотталғандардың көліктерін тәркілеуден босату туралы шешімінің күшін жойды. Нысандар мемлекетке қайтарылды.

Атырау облысында прокурордың өтініш хаты бойынша 1,5 млрд теңге­ден астам шығынды өтемеген азамат Б.-ны мерзімінен бұрын шартты түр­де босату туралы қаулының күші жойылды. Бас прокуратура бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Сонымен біраз қаражат шетелден елге қайтты және ел ішіндегі заңсыз алын­ған активтер мемлекет меншігіне өтіп жатыр. Енді ол қаржы қайда жұмсал­мақ? Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы Жарлығында бұл қаражатты жинақ­тайтын және олар­ды халықтың әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған әлеу­мет­тік және экономикалық жобалар­ды қаржы­ландыру үшін арнаулы мемле­кеттік қорды құруға бағытталған заң жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Сондай-ақ Президент қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұмсалатынын, атап айтқанда, жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдаланылатынын айтқан еді. «Тиісті Жарлыққа бүгін қол қоямын. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын», деді ол қараша айында өткен ұлықтау рәсімінде.

Ал қоғам белсенділері елге орал­ған қаражаттың тағы да қолды болып кетпей ме, шын мәнінде тиісті мақсатқа жұмсала ма деп алаңдаулы. Мәселен, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Instagram парақшасында «Жемқорлардың ақшасы желініп жатыр» деген жаңалықты естімес үшін Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш министрлігі тарапынан арнайы қадағалаушы сайт ашылуы керек деген ұсыныс айтты. «Халық қанша ақшаның қайда кетіп жатқанын кез келген уақытта онлайн түрде бақылай алатындай мүмкіндік болу керек. Бізге ашықтық қажет. Қоғамдық бақылау күшейсе ғана нәтиже, сапа болатыны сөзсіз», деді халық қалаулысы.

Өткен жылдан бері шетелдегі актив­терді қайтару үшін Үкімет жаны­нан құрылған арнайы комиссия жұ­мыс істеп жатыр. «Қайтқан малда қайыр бар» дейтін халықпыз. Бас­тал­ған игі іс науқандық сипатта өте шық­пай, өз жемісін береріне, заңсыз қара­жаттың бәрі қайтарылып, ел игілі­гіне жұмсалатынына сенім бар.