• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Үкімет 26 Сәуір, 2023

Жалған статистика жарға жығады

196 рет
көрсетілді

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Үкіметтің жұмысын сынға алды. Әсіресе, азық-түлік бағасы статистикасын дұрыс көрсетпей отырғанына наразы. Сондай-ақ шетелге шығарылған қаражат мәселесіне қатысты сауал жолданды. Бұдан бөлек, бірқатар заң жобасы қабылданды.

Атап айтқанда, «Amanat» фракциясы­ның мүшесі Елнұр Бейсенбаев Статистика бюросының жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, ресми мәліметте Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз.

«Дәл қазір халықтың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқым­дап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде дейді. Оған қоса, Статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 пайызға өсіпті. Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша «Amanat» партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы – 350 тең­ге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмырт­қаның бағасы 600 теңге екені анықталды. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 пайызға баға­ның шарықтағаны байқалады. Рас, қазір баға күн санап өседі. Мысалы, үш адам­нан тұратын отбасы бір апталық тама­ғына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Осы орайда, Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат ресми мәліметте орташа жалақы 339 мың теңгені, халықтың жан басына шаққандағы табысы 166 мың теңгені құрайтынына назар аударды. Оның сөзіне сүйенсек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орташа жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес.

«Кейінгі 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 пайызы, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді. Қазақстанда жұмыссыздар статис­тика­сы тек халықты жұмыспен қамту орта­лық­тарына арнайы өтініш бер­ген­дер­дің есебі­нен жүргізетіні анық. Сон­дық­тан жұмыс­сыздардың көбі есептен тасада қалып қояды. Ал ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрай­ды. Шындығына келсек, осы топтағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын NEET жастардың саны 380 мыңды, ал өзін өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат Үкіметтің шешім қабылдарда жіберетін басты кемшілігі жалған статис­тика пайдалану екеніне назар аударды. Оның айтуынша, статистика елдегі нақты ақпарат пен шынайы көрсеткіштердің бет-бейнесі болуға тиіс.

Өз кезегінде Депутат Ермұрат Бапи шетелге шығарылған қаржыларды қайтару мәселесін көтерді. Оның сөзіне сүйенсек, активтерді қайтару және оны халыққа табыстау – күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе. 

Депутат капиталды қайтару ісінде түсініксіз кібіртік көп екенін алға тартады. Мәселен, Латвия құқық қорғау органдары Қазақстанның жекелеген азаматтары салықтан жалтарып, Қазақстаннан заңсыз шығарылған активтер есебінен Прибалтика аумағында мүлік сатып алып жатқанын айтып күдіктеніп отыр.

«Ұрылар жымқырған қаржысын басқа жаққа тығып үлгерсін деп, бүгінгі билікте оларға мұрша беріп отырған біреулер бар сияқты көрінеді. Біз, ұрланған активтерді қайтару туралы заңды бірінші кезекте қабыл­дауды басты мақсат етіп отырмыз. Осы заңның арқасында біз капиталды қай­таруды неғұрлым тиімдірек бақы­лауға ала аламыз», деген депутат осы мәсел­еге бай­ланысты дайындалуға тиіс заң жоба­сы­­ның кешігіп жатқанына наразылық білдірді.

«Елден ұрланған миллиардтар туралы сөз болғанда тағы мынадай сұрақтар туады. «Қазақмыс» компаниясы қазақ халқына тиесілі қазба байлықтың 30 пайызына қалай ие болды? Сол секілді, «Еуразиялық топ» халықтық байлықтың 40 пайызын қа­лай иемденіп кетті? Аталған осы екі ком­па­­ния соңғы он жыл көлемінде қазы­на­ға қан­ша салық төледі? Осы кәсіп­орын­дар­дың өндірістік-қаржылық қызме­тін қада­ға­лауға тиіс «Самұрық-Қазына» Ұлт­тық қоры ка­питалды қайтару тақырыбында қан­дай әрекеттер жасап жатыр?», деді Е.Бапи.

Ал депутат Еділ Жаңбыршин инвести­циялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылуына наразы.

«Қаржының 1 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есеп­теңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкі­мет алған қарыздар осы жекеменшік банк­тер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржы­лық схемалар арқылы пайда тапқан банкир­лері­міз «Форбстың» тізімінен бір-ақ шық­ты. Ай сайын инвесткірістер мен қызмет көр­сету­ден түсіп жатқан миллиардтар, жеке­мен­шік банктерді Қазақстан экономика­сын да­мы­уға мүмкіндік беретін бизнес жоба­лар­­ды қаржыландыруға ынталандырмайды. Бұлар әбден қар­жы­­лық мо­нополист болып алған», деді Е.Жаңбыршин.

Сондай-ақ депутат олигархтарды және олар­дың банктерін халықтың, мемлекеттің қаражаты есебінен қаржыландырылып отыр­ғанын, бірақ оларды тексеруге мүм­кіндік жоқ екенін алға тартты.

«Сонда Үкімет, құзырлы органдар мен агент­тіктер қайда қарап отыр? Солар­мен бірге ме? Бір қызығы, жеке банк­тер сияқ­ты қызмет көрсете алатын бір­қатар мем­лекеттік қаржы институт­тары елдегі ақша активтерін орналас­тырудан шет­тетіл­ген және олар үлкен қаржылық шы­ғынға ұшырайды. Мемлекет оларды банкрот қылмас үшін қаржылай көмек жасап отыр. Осындай жағдай квазимемлекет­тік, Ұлт­тық операторымыз – «Қазпочта» ак­цо­нерлік қоғамында кездеседі. Қолда бар ақпа­рат­қа сәйкес, «Самұрық-Қазына» 2022 жылы ғана «Қазпочтаға» әлеуметтік шие­леністі төмендету үшін ескірген көлік базасын жаңарту мен жалақыны ин­дек­са­циялауға шамамен 11 миллиард тең­ге бағыт­тады. Соның өзінде «Қазпочта» өткен жылы 12 млрд теңгеге шығынға ұшырады. Бұл жағдайды қалай реттейміз? Шешім бар. Мысалы жекеменшік банктерге орна­ластырылған «Самұрық-Қазына» қоры­ның 6 триллиондай қаржылық ак­тив­терінің 10 пайызы ғана «Қазпочта»-ға ор­наластырылса, онда мемлекеттік ком­паниямыздың жылдық табысы шамамен 40 мил­лиард теңгені құрайды. Яғни «Қазпоч­та» до­нор компанияға айналады. Бюджет үнем­­деледі, «Самұрық-Қазына» дивидент алып, ел қазынасына қаржы құяды. Мем­ле­­кет қаржысы жеке банктердің диви­ден­тін кө­бей­туге жұмсалмайды», деді Е.Жаңбыршин.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобасы қабылданды. Депутаттар ЕАЭО шеңберінде несиелік тарих бойынша мәлімет алмасу тәртібі туралы келісімді ратификациялады.

Келісім шеңберінде ЕАЭО барлық елінің резиденттеріне басқа мүше мемле­кеттердің аумақтарында орналасқан банк­тер­де несиелік ресурстарға өтініш берген кез­де тең жағдайлар жасалады. Ол ре­зи­денттерге несие беру бойынша шешім­дер қабылдау кезінде тәуекелдерді сапа­лы ба­ғалау мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағыт­тал­ған. Бұл ЕАЭО шеңберінде транс­ше­каралық кредиттеуді дамытуға ықпал етеді.

Мұнан бөлек Мәжіліс Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтын құру туралы келісімді ратификациялады. Жоба өңірлік ынтымақтастық үдерістеріне қатысу, өңірде бірлескен жобаларды іске асыру үшін ОАӨЭЫ-ға мүше елдердің мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі функцияларға ие болады.

Депутаттар БҰҰ Мүгедектердің құқық­тары туралы конвенциясына Факуль­татив­тік хаттаманы ратификациялады. Қазақ­стан­ның оған қосылуы мүгедектердің құқық­тарын қорғау деңгейін арттыруға және елде инклюзивтілік қағидатын жүзег­е асыруға мүмкіндік береді. Құжат олардың әлеуметтік интеграциясына және мүгедектікке байланысты кемсітушілікті жоюға бағытталған. Құжат жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

«Бүгінде елімізде мүгедектігі бар азаматтар саны 700 мыңнан асты. Оның 59 пайызы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар, 14,7 пайызы – балалар. Бұл санаттағы аза­мат­тарымыздың өмір сүру сапасын жақ­сарту, оларды қоғамға қайта реинтегра­ция жа­сау – Үкіметтің күн тәртібіндегі өзек­­ті мәсе­ле­лердің бірі», деді Т.Дүйсенова.

Хаттама Конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайда жеке шағым­дарды қарау тетіктерін белгілейді, бұл Қазақстан Республикасы азаматтарының эконо­ми­калық, әлеуметтік және мәдени мүдделерін халықаралық қорғау құқығын қамтамасыз етеді.