Құнды құжаттар оқырманмен қауышқанда ғана тіріледі. Сол үшін заманауи оқырманға қолайлы жағдай жасауымыз шарт. Осы орайда Астана қаласы мемлекеттік архивінің «Arhiv habarşysy» ғылыми-көпшілік және ақпараттық журналының электронды нұсқасы жарық көрді.
Оқырмандар назарына еліміздің тарихы бойынша отандық ғалымдардың бірегей ғылыми ізденістері, сондай-ақ шетелдік авторлардың бірқатар назар аударарлық жарияланымы ұсынылды. Мәселен, бұл нөмірде тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев Сұлтан Байбарыс туралы әңгімелейді. Тарихшы ғалымдар Жарас Ермекбай, Асқар Мақыпов, Харис Вафин сталинизм жылдарында халықтар мен ұлттық-этникалық топтарды елімізге жер аударудың ерекшеліктерін ашып көрсетеді. Қырғызстаннан келген автор Гүлназ Шыныкеева жаһандану дәуірінде өз еліндегі этнодемографиялық үдерістердің ерекшеліктерін ұсынды.
Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының бас сарапшысы Алмат Мәліков ортағасырлық араб тілді әдебиеттегі Ақ Орда мен Көк Орда билеушілерінің сипаттамаларына салыстырмалы талдау жүргізеді. Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің аспиранты Станислав Валевко «1914-1917 жылдардағы Орынбор губерниясындағы революциялық оқиғалар» тақырыбын көтереді. Тарихшы Бүркітбай Аяған Нидерландта Қазақстанға қатысты табылған архив материалдарын сипаттайды.
Ұлттық архивтің директоры Сағила Нұрланова мен қауымдастырылған профессор Ардақ Қапышев Астана қаласының мемлекеттік архивінің деректеріне сүйеніп, Ақмола өңірінің этникалық ерекшеліктерін көрсетеді. Тарих ғылымы саласындағы жаңа ғылыми жаңалықтарды осы санға енгізген тағы да басқа авторлар бар.
Енді «Arhiv habarşysy» журналының кезекті шығарылымы отандық және шетелдік ғалымдарды, архившілерді, студенттерді, еліміздің тарихына қызығушылық танытып, зерттеп жүрген қарапайым азаматтарды бейжай қалдырмайды деп үміттенеміз. Журналды осы сілтемеге өтіп қарай аласыздар – https://disk.yandex.ru/d/ZFbCL505s-WbjA.