Тәуелсіз еліміздің бәсекеге қабілетті мемлекет болуына, заман ағысымен қатар өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген, «Бейбіт күннің батырлары» деген атқа лайықты, білімді де білікті азаматтар бар арамызда. Солардың бірі – бiлiм беру iсiнiң үздiгi, «Құрмет» орденiнiң иегерi, Ордабасы ауданының Құрметтi азаматы, ұлағатты ұстаз Мәрия Зәйтүнқызы.
Мәрия Зәйтүнқызы 1943 жылы 9 мамырда бұрынғы Шаян, қазіргі Бәйдібек ауданындағы Алмалы елді мекенінде дүниеге келді. 1962 жылы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын пионер жетекшісі болып бастады. 1968 жылы Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетін бітірді. Халқыма пайдам тисін, елімнің дамуына өз үлесімді қосайын, білімді ұрпақ тәрбиелеуге өмірімді арнайын деген мақсатпен ұстаздық жолын таңдады. Еліміздің болашағы – жастардың көкірегі ояу, көзі ашық болуына, халқына аянбай қызмет етуіне зор үлесін қосты. Білімділігімен, біліктілігімен қатар, ізденімпаздық, ұйымдастырушылық қасиеті жоғары Мәрия Зәйтүнқызы мұғалім қызметімен шектеліп қалмай, директордың оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, директор қызметтерін де абыроймен атқарды.
1993 жылы Мәрия апай Білім және ғылым министрі Мұрат Жұрыновқа кіріп, Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында гимназия ашуға, оның ішін заманауи компьютерлермен жабдықтауға күш салды. Гимназия математика, физика, химия, информатика, ағылшын тілі пәндері бойынша тереңдетіп оқытуға бағытталған. Қаншама қаражат пен біліктілігі жоғары оқытушылардың басын бір жерге топтастыруды жоспарлап отырған Мәрия апайдың ұсынысымен танысқанда, министр: «ХХ ғасырдың утопиясын жасап жатырсыз ғой, шамаңыз келе ме?», деп күмәнданған екен. Бірақ барлық қиыншылықтарға қарамастан, министрлік пен әкімдіктен қолдау табылып, гимназия ашылды.
Тәуелсіздіктің туын енді ғана қолына ұстаған қазақ елі үшін 1991-1995 жылдар әлеуметтік және экономикалық тұрғыда өте қиын, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетініндей аса ауыр кезең еді. Мысалы, 1980-1991 жылдары жыл сайын 200-300 мектеп бой көтерсе, 1993 жылы республика бойынша 57 мектеп, ал 1994 жылы небәрі 13 мектеп бой көтермеген. Ал 1995 жылы бірде-бір жаңа мектеп бой көтермеген екен. Мәрия Зәйтүнқызы сол қиын кездің өзінде де бүкіл аудан бойынша біліктілігі жоғары мамандарды бір шаңырақтың астына жұмылдыра алды.
Мәрия апайдың мақсаты – қарабасының қамы емес, болашақ ұрпақты тәрбиелеу екендігі көз жанарынан, әрбір іс-әрекетінен, жалынды сөздерінен көрініп тұратын. Гимназия оқушылары да апайымыздың еңбегін ақтады десем, артық айтқаным емес. Мектеп-гимназия ашылған соң оның шәкірттері екі-үш жылдың өзінде-ақ физика, математика, химия және информатика пәндері бойынша облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп, жоғары нәтиже көрсете бастады.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей Мәрия Зәйтүнқызының туған жері үшін жасаған жақсылығы, қызметі ұшан-теңіз. 2002 жылы зейнетке шығып, өз қаражатына 400-дей жәдігер жинап, Ордабасы аудандық тарихи-өлкетану музейін ашты. Музейге келген әрбір адам Оңтүстік Қазақстанның тарихымен, мәдени мұраларымен танысып, құнды ақпарат алып, баға жетпес рухани байлыққа кенелетіні сөзсіз.
Зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысатын Мәрия апай аудандық Әйелдер кеңесінің төрайымы қызметін атқарды. Бұл қоғамдық бірлестіктің мақсаты – жақыныңа деген қамқорлық пен сенімділік, татулық пен бірлік, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сияқты отбасылық құндылықтарды дәріптеу, сондай-ақ салт-дәстүрлеріміз бен мәдени мұраларымызды жастарға ұғындыру, әйелдердің қоғамдық іс-шараларға белсенді араласуына ықпал ету сынды жұмыстарды атқару. Мәрия Зәйтүнқызы Әйелдер кеңесінің төрайымы ретiнде жыл сайын ауыл-аймақты аралап, осы тақырыптарда жиындар өткiздi. Оның басшылығымен аудандағы жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі, жетім балаларға көмек көрсетілді. Президент қорынан бөлінген қаржыға 200-ге жуық отбасына әлеуметтік көмек берілді. Өз тарапынан да үнемі демеушілік жасап отырады. Күні бүгінге дейін аудан әкімінің есеп беру жиындарында өзекті мәселелерді көтеріп, оларды оң шешуге ықпалын тигізіп жүреді.
2014 жылы «Әйел – қоғамның қуатты күші» кітабы жарыққа шықты. Онда қазақ қыз-келіншектерінің отбасындағы міндеттеріне қоса, қоғам үшін еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне зор үлесін қосып жүргендігі насихатталған.
2017 жылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беру мақсатында «Ұлттық тәрбие – Мәңгілік елдің негізі» кітабы жарық көрді. Бұл кітабында ұлт болашағы – Отанын сүйетін, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білген, ата-баба дәстүрін қастерлейтін, бәсекеге қабілетті, білімді жастар болғандықтан, ұрпақ тәрбиесінің маңыздылығын атап көрсеткен.
Мәриям апайымның бұдан бөлек, «Өнегелі өмір» және басқа он шақты кітабы, республикалық «Ақжелкен», «Еркенұр» журналдарына, «Қазақстан мұғалімі» газетіне, облыстық «Айғақ», «Ордабасы оттары», «Дөңгеленген дүние», «Шұғыла» газеттеріне мақалалары жарияланды.
Апайымыздың еңбегі жоғары бағаланып, бірнеше мәрте марапатталды. Атап айтсақ, 2007 жылы ел Президентінің Құрмет грамотасымен, 2012 жылы облыстың 80 жылдығына арнап шығарылған мерекелік медальмен, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына, 25 жылдығына, 30 жылдығына арналған мерекелік медальдармен, Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл мерекелік медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. 2020 жылы есімі Қазақстанның Алтын кітабына енгізілді.
Биыл 9 мамырда Мәрия апайымыз өмірінің биік белесіне көтеріледі. Шәкірт тәрбиелеудің өнегесін көрсеткен ұстаздың бейнеті зейнетке ұласып, білім саласына, әріптестеріне шуағын төге береді деп сенеміз.
Қайратбек ЖЕТПІСБАЕВ