«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы (ШЫХО) жұмысын бастады. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс пен туризмнің дамуына арқау болған бекеттің жұмысы жаңаша жанданбақ.
Бұрынғыдай емес, мұнда жүк тасымалдау ережесі өзгерген. Біріншіден, енді орталықтың Қазақстан бөлігінде такси жүргізушілері жүрмейді, адамдар тек автобуспен қатынайды. Екіншіден, тауар алуға келген жеке тұлға бір айда 31 кг-дан артық жүк алып кете алмайды. Заттардың жалпы құны мың еуродан аспауы керек. Сатып алушылар автобусқа 5 кг жүк қана алып кіреді. Қалғанын әуежайдағыдай жүк тасымалдау пунктіне тапсыруға міндетті. Болашақта мұнда тағы 14 жаңа жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, туризмнің бұл түріндегі негізгі мәселелердің бірі – шекарадан өту және кіру шарттары. Сол себепті «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы туристік бизнес өкілдері, БАҚ және блогерлер үшін «Жібек жолы» ақпараттық турын ұйымдастырған.
Ақпараттық тур аясында қатысушыларға «Қорғас» ШЫХО-ның қажетті ақпаратын алуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ орталыққа бару шарттарымен және инфрақұрылымдық нысандармен танысты. Шара соңында туроператорлар жаңа туристік өнімді әзірлемек. Одан бөлек «Қорғас» ШЫХО-да бар турларды жетілдіреді, оларды жаңа туристік нысандармен немесе қызметтермен толықтырады.
Ал өз кезегінде БАҚ өкілдері мен блогерлердің арқасында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялау арқылы халық арасында осы дестинацияның танымалдығы артады, осылайша туристердің қатысуын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Көпке аян, Ұлы Жібек жолы – шопингтің негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде бұл сауда жолы әлемнің түкпір-түкпірінен адамдарды тартуды жалғастырып отыр. Өткел залдарында үлкен кезектердің алдын алу үшін келушілерге билеттерді онлайн сатып алудың жеңілдетілген жүйесі іске қосылды. Билеттің құны бір адамға шамамен 3000 теңгені құрайды. Орталық ашылғаннан кейін күніне 3 мың адам қабылдауға мүмкіндік бар.
Тағы да айта кетейік, орталыққа өту Қазақстан азаматтары жеке куәліктерімен, шетел азаматтары халықаралық шекарадан өту тәртібімен рәсімделеді. Ел аумағында тұратын әр азамат орталықтан айына бір рет 31 кг тауарды баж салығынсыз әкете алады. Мөлшерден 5 келі ғана асуға рұқсат етіледі. Артық салмақтың 1 кг 4 еуродан төлемақы төлейді. Келушілерден багаж қабылдау сағат 9:00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асады. ШЫХО-ның Қытай бөлігіндегі сауда орындары 17.30-ға дейін жұмыс істейді. Автобустар 20 минуттық интервалмен жүреді.
Жетісу облысы