Қазақстанда қуғын-сүргін жылдары депортацияланған корей этносының төртінші буыны өмір сүріп жатыр. Ата-бабаларымыз сонау 1937 жылы Қиыр Шығыстың шекаралық аймақтарынан жер аударылып келген.
Қазақтар өз жерінде корейлерді жанашырлықпен қабылдады. Сол қиын жылдары көмек пен қолдау көрсетті. Ал корейлер қазақ халқының қонақжайлылығын ұмытқан жоқ. Біз бәріміз тонның ішкі бауындай бірге өмір сүріп келеміз және біз этностық тегімізге қарамастан біртұтас халықпыз.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында этносаралық саясатты құрудың оңтайлы формуласы іске асырылды. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағы астына біріктірілген ұлттық мәдени бірлестіктер болатын. Түптеп келгенде, бұл – еліміздің табысты дамуына негізделген «бірлігіміз әр алуандықта» қағидатының көрінісі еді.
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін посткеңестік республикалардың барлығы дерлік этносаралық қатынастардың прогрессивті бағытын ұстанды және этностардың, тілдер мен мәдениеттердің теңдігін өз конституцияларында жариялады. Бірақ кейін көргеніміздей, мұндай декларацияларды іске асырудың тиімді тетіктері жасалмады, сондықтан да этносаралық қақтығыстар туындады. Қазақстан бұған жол бермеді, бізде тұрақтылық тетігі Қазақстан халқы Ассамблеясы болды. Осының арқасында біздің еліміздегі этносаралық келісім саясаты шынымен де тиімді болып шықты.
Андрей ШИН,
Алматыдағы корей ұлттық орталығының төрағасы,
«Шин-Лайн» компаниялар тобының президенті