Павлодардағы 10 мыңнан астам тұрғыны бар Ленин кентінің атауы өзгерді, деп хабарлайды Egemen.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл тұрғындардан қала әкімі мен облыс әкіміне кенттің атауын өзгерту туралы өтініш түскен. Содан кейін 1 ай бұрын облыстық газеттерде 29 сәуірде қоғамдық тыңдау өтетіні туралы хабарлама таратылған.
- Жергілікті тұрғындармен жиындар өтті. Ақпараттандырдық. Топтар құрылды. Көп ұсыныс түсті. 20-ға жуық атау ұсынылды. Дегенмен жергілікті тұрғындармен өткен жиындарда 7 ұсыныс іріктелді. Оған Қазанғап, Бидайық, Атамекен, Ынтымақ, Қазына, Жетінші ауыл атаулары және атауды өзгертпеу нұсқасы кірді. Одан кейін бүгінгі қорытынды жиында екі атау: Қазанғап би және Атамекенді қарастыру туралы шешім қабылданды, - деді кент әкімі Маржан Алшымбаева.Қоғамдық тыңдауға кент тұрғындары, жергілікті қоғамдастық мүшелері, жақын ауылдардағы және қаладағы ауылдың тумалары, ауылға қатысы жоқ адамдар да барды. Жиналғандардың пікірі тыңдалды. Шешімді жергілікті қоғамдастық мүшелері шығарды.
Дауыс беруге жергілікті қоғамдастықтың 50 мүшесі қатысып, 49 адам Атамекен атауына дауыс берді. Енді заңнама бойынша атауды өзгерту жұмысына 3-6 ай уақыт жұмсалады.
Айта кетейік, Ленин кентінде 10 мыңнан астам адам, оның ішінде 20-дан астам ұлт және ұлыс өкілдері тұрады.