Қостанайда полицейлер үйде қамалып қалған 3 жасар баланы құтқарды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, анасы қызын үйде жалғыз қалдырып, дүкенге кеткен. Пәтерде шәйнек газплитаға қосулы болған. Кішкентай қыз үйдің есігін іштен жауып алған. Анасы қайтып келгенде пәтерге кіре алмаған.
Оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипажы жіберілген. Келген полиция қызметкерлері Абай Фазылов пен Алмас Сафин пәтерге балкон арқылы кірген. Пәтер екінші қабатта орналасқан.
Полицейлер пәтерге кіріп, бүлдіршінді анасына аман-есен табыстады. Қыздың анасы полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.