• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 30 Сәуір, 2023

«Өзенмұнайгаздың» өрескел қателіктері

268 рет
көрсетілді

Жаңаөзенге барған «ҚазМұнайГаз» компаниясының арнайы жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» бен басқа да мердігер компаниялардың тарапынан болған бірқатар кемшілікті анықтады. Сондай-ақ компания тарапынан сатып алу бойынша өткізілген тендерлердің де заңдылығы тексерілмек.

Жұмыс тобының жетекшісі, «Қаз­Мұнай­­Газ» АҚ басқарма төрағасының орын­­­басары Дәулетжан Хасановтың айтуынша, «Өзенмұнайгаз» компаниясында қыз­меткерлерді жалған жұмысқа орналас­ты­ру фактілері анықталды. Мәселен, ақ­таулық белгілі айтыскер ақын штатта­ алды­мен, теолог, кейіннен қоғаммен бай­ланыс жөніндегі маман қызметінде тір­кел­ген.

«Штатқа персоналды кезектен тыс не­месе біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін және жөндеуге қатысты арнайы мамандықтар бойынша жеткілікті жұмыс тәжі­рибесі жоқ адамдарды қабылдау факті­лері бар», деді Д.Хасанов.

Оның айтуынша, бірқатар жүк көлік­­терінің GPS деректерін уақыт кесте­ле­рі­мен­ салыстырғанда, мәліметтің сәйкес кел­ме­гені анықталған. Яғни автомобильдер нақты жүріп өткен уақыт аралығын табель­дерде асыра көрсеткен. Тиісінше, атқарылған жұмыс үшін төлем де асыра бағаланған.

Сондай-ақ мұнай өндіретін жабдықты жал­ға алу қызметінің құны бірнеше есе жоғары етіп көрсетілген жағдай да кез­де­сіпті. Мысалы, сервис көрсететін ком­па­ниялардың бірі «Өзенмұнайгазға» әмбе­бап­ электр орталықтан тепкіш сорғыны тәу­лігіне ұңғымаға 96 мың теңге бағамен жал­ға берген. Өңірдегі басқа мұнай өнді­ру­ші компанияның дәл осындай сорғыны жал­ға беру бағасы бұдан 2 есе арзан, тәу­лі­гіне 39,7 мың теңгеге тең.

ҚМГ басқарма төрағасының орынбасары сатып алу саласынан тағы бір мысал келтірді. Атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» ұңғымаларды жөндеуге арналған 14 дана көтергіш агрегат сатып алған. Мәміленің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асып жығылады. Жеткізу мерзімі – 2022 жыл­дың­ 31 желтоқсаны. Тексеру барысын­да­ көр­­сетілген мерзімде 14 агрегаттың бі­реуі ғана жеткізілгені анықталды. Есеп бе­ру құжаттамасында оны жаңа деп көр­сет­кен. Бірақ тексеріс нәтижесінде оның компоненттері әлдеқашан ескіргені, көп­те­ген бөлшектерінің жоқ екені, қуат конструкциялары пайдалануға қауіпті екені анық­талды. Мұны жасыру үшін тот басқан кор­пусы мен шассидің металл конструкциялары қара түске боялған.

Жұмыс тобы өндірістік және эколо­гия­лық қауіпсіздік нормаларын бұзған жағ­дай­­ларды жою үшін «Өзенмұнайгаз» бен мұ­най сервис компанияларына ұсы­­ныстар мен тапсырмалар берді. Мы­салы, бірқатар ны­санда ғимараттар мен құрылыстар бо­йын­ша жобалау­ құ­жаттары жоқ, желдету жүйе­сі қауіп­сіз­дік техникасының талапта­ры­на сәй­кес­ келмейді. Ұңғымаларды жөн­деу жұ­мыс­тары кезінде экологиялық нор­ма­лар сақталмайды, оның ішінде ұңғы­ма­ларды жерасты және күрделі жөндеу кезін­де қорғаныш пленкалары жоқ, үйін­ді­лер қойма ретінде пайдаланылады, ластанған топырақ уақтылы алынбайды.

Д.Хасанов Жаңаөзен кәсіпорындары қыз­меткерлерінің шағымдарын тексеру­ мә­селесіне жеке тоқталды. Белгілі бол­ған­дай, «Өзенмұнайгаздың» кейбір мер­дігер ұйымдарында зейнетақы ауда­ры­мын 2-3 айға кешіктірген. Көлік қыз­ме­тін ұсынатын мердігер ұйымдардың қыз­меткерлері арнайы киіммен және тамақ­пен­ қамтамасыз етілмейді, үстеме жұмыс уақы­ты асып кеткен жағдайлар тіркелген. Әрбір аталған факті бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.

«Жалпы, жұмыс жалғасады. Бұл анық­тал­ған жергілікті бұзушылықтардың кей­бір­ мысалы ғана. Жаңа фактілер тура­лы біз жұртшылықты хабардар­ етіп отырамыз.­ Анық­талған бұзушылықтардың әрбір тарма­ғы бойынша құқықтық баға беріледі. Бүкіл жауапты құқық бұзушылықтардың ауыр­лығына байланысты жазаланады. Тиісті­ құжаттарды құқық қорғау органда­ры­на тапсырамыз», деді Д.Хасанов.

Сондай-ақ Бас прокурордың тапсырысы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ-да тендер өткізу кезінде заңдылықтың сақталуы және ашықтықтың қамтамасыз етілуі мәселелері зерделенбек.