Астанада жалпықалалық сенбілік өтті. Өз қаласының өркен жаюына бейжай қарамайтын барша тұрғын білегін сыбанып, бір кісідей сенбілікке жұмылды. Тіршілік оянып, жер көгере бастаған шақтағы бұл игі шара қаламыздың кейпін өзгертіп, түрлендіріп жіберетіні анық еді. Әсіресе Байқоңыр ауданының тұрғындары мен аудан аумағына орналасқан мекеме-ұйымдардың тазалыққа деген ықыласы айрықша болды.
Байқоңыр ауданында экологиялық айлықты ұйымдастыру және өткізу шеңберінде аудан аумағын жинауға барлық ұйым мен мекеме, кәсіпорындар, ШОБ және базарлар, әлеуметтік нысандар және басқа да мекемелер мен басқармалар түгел дерлік қатысты. Әрқайсысы жылдағы тәртіп бойынша өздеріне тиесілі аумақты жиып-теріп, тап-тұйнақтай етіп тазалап шықты.
Әкімдік аппаратының қызметкерлері сенбілік тиянақты атқарылуы үшін әуелі бірқатар ұйымдармен бірлесіп, іргелес және бекітілген аумақтарда қажетті іс-шара түрлерін көрсете отырып, 5000-нан астам хабарламаны құлақтандыру және тарату бойынша ауқымды жұмыс жүргізді.
Нәтижесінде, аудан бойынша сенбілікке барлығы 10 мыңнан астам адам қатысты. Көшелер бойындағы қоқыстарды жинап, тиеп әкетуге 100-ден аса арнайы техника жұмылдырылды.
Үлкен сенбілік шеңберінде аудан тұрғындарының бәрінің жан-жүрегін жылытып, қуанышқа бөлеген ізгілігі мол бір шараны арнайы айтып өткіміз келеді. Байқоңыр ауданының орталық алаңдардың бірі – Жұмабек Тәшенов көшесі бойындағы саябаққа ағаш отырғызу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов бастаған елорда депутаттары, аудан әкімі Ерлан Жаулыбаев арнайы келіп, өз қолдарымен көшет екті.
Астананы жасыл желекпен абаттандырудың игілікті шарасына Байқоңыр ауданының аумағындағы Үндістан, Түрікменстан елшіліктерінің өкілдері, қалалық басқарма басшылары, Жазушылар одағының мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, сондай-ақ «Жас сарбаздар» жасөспірімдер әскери-патриоттық орталығының өрендері және ауданның белсенді тұрғындары қатысты. Бұл көрініс бізге қазақ халқының біртуар тұлғасы Жұмабек Тәшеновке көрсетіліп жатқан тағзым құрметіндей әсер етті.
Негізі, жалпықалалық сенбілігі аясында «Байқоңыр» ауданының барлық дерлік аумағында ағаш отырғызылып, жанға жылы игі шара ауқымды түрде ұйымдастырылды. Көрсетілген саябаққа барлығы 100-ден аса көшет егіліп, оның аумағы қоқыстардан тазартылды. Сенбі таңын серпінді сенбіліктен бастаған, ізгі іске қатысушылардың барлығына ыстық тағам ұсынылып, көңілді концерттік нөмірлер қойылды. Бұл мәдени-рухани шара келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Бұлармен бірге Ж.Тәшенов, М.Ғабдуллин, А.Пушкин және 191 көшесіне, оған қоса Қарулы Күштердің «Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» РММ және Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектеп аумақтары бойынша 1205 бірлік көлемінде жасыл желек отырғызылды.
Сол күні Байқоңыр ауданы аумағындағы жалпы сенбілікке барлығы 10 мыңнан аса адам қатысып, 1200-ден аса ағаш отырғызылды.