Елордада қазақ тілінде онлайн контент жасаушылардың VІ форумы өтті. Жылдағы дәстүрге сай танымал блогерлер мен медиа саласы мамандарының басын қосқан алқалы жиынға биыл «Жасанды интеллект дәуірі: қазақ медиасын қайта зерделеу» тақырыбы арқау болды.
Форумға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі ғаламтордағы мемлекеттік тіл аясының кеңеюі үшін жасалып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды. Министрдің айтуынша, қазіргі күні мемлекеттік медиадағы қазақ тілінің үлесі 83 пайызға жеткен.
– Мемлекеттік тілдің БАҚ-тағы үлесі арта түсті. Мысалы, өткен жылы мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 83 пайызды құрады. Атап айтқанда, телеарналардағы қазақ тілінің үлесі 77 пайызға жетсе, баспа БАҚ-та – 85 пайыз, интернет-ресурстарда 87 пайызға жетті, – деді ол.
Дархан Қуандықұлы медиа нарықта қазақтілді БАҚ-қа жарнама берушілер қатары да артып келе жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, отандық ресурстарда PR мақалаларды орналастыру көлемі өсіп жатыр.
– Осы ретте, интернет-жарнаманы реттеу, әлеуметтік желілердегі интерфейс пен жарнамалық алгоритмдерді, монетизациялау жүйесін қазақ тілінде жасау өте маңызды. Аталған мәселе министрлік әзірлеп жатқан «Интернет жарнама және онлайн платформалар туралы» заң жобасында қарастырылып жатыр. Жалпы, бұл заң жобасы бірінші кезекте азаматтардың құқығын қорғауға, онлайн ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамытуға бағытталған. Бүгінде БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр, – деді министр.
«Qazaq Forum» отандық контент жасаушылар форумы қазақ тіліндегі жаңа медианың дамуына серпін беретін жиын екенін айтқан Дархан Қыдырәлі министрлік тарапынан әлемдегі соңғы үрдістерді ескере отырып, жаңа цифрлық медиа мен креативті индустрияны дамыту жөніндегі жұмыстарды жандандыру көзделіп отырғанын жеткізді. Қазіргі күні «Meta», «TikTok», «Google», «Mail.Ru Group», «LinkedIn», «Netflix» компанияларымен келіссөз жүргізіліп, тығыз қарым-қатынас орнатылған.
– Келіссөздер нәтижесінде «Мета» компаниясына қарасты Instagram, Whatsapp, Facebook, Messenger-дің еліміз бойынша ресми өкілдері айқындалды. Сондай-ақ «TikTok» корпорациясының аймақтық кеңсесі ашылды. Facebook пен TikTok-тің интерфейсін қазақшалау бойынша келісімдер жасалды. TikTok компаниясымен 13 жасқа толмаған балалардың платформаны пайдалануын және зиянды мазмұнды контенттерді бірлесіп анықтайтын боламыз. Мұның бәрі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді министр.
Форумға қатысқан спикерлердің айтуынша, қазіргі күні ел халқының 45-50 пайызы әлі күнге дәстүрлі медианы тұтынады. Яғни теледидар көріп, радио тыңдап, газет-журнал оқитын адамдар қатары азайған емес. Осыған орай Ақпарат және қоғамдық даму министрі соңғы уақытта қол жеткізілген жағымды жаңалықпен бөлісті. Бұдан былай халық газет-журналға жазылу үшін пошта бөлімшесіне барып жүрмейді, үйінде отырып-ақ kaspi.kz қосымшасы арқылы жазыла алатын болды.
– «Kaspi Bank»-пен әріптестік байланыс орнатып, баспасөзге онлайн жазылу бойынша келісімге келдік. Мұндай қадамдар жазылушыларға оңтайлы жолдар ұсынып, олардың қатарын арттырады деген сенімдеміз, – деді министр.
Оның айтуынша, әзірге қосымша арқылы 18 басылымға жазылуға мүмкіндік бар. Соның ішінде оқырмандарымыз «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарайтын «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» және «Ana tili» газеттеріне де онлайн жазыла алады. Аталған газет-журналдарға жазылу үшін Kaspi.kz қосымшасына кіріп, «Төлемдер», оның ішінде «Басқасы» деген батырманы басып, «ҚР Баспа басылымдары» деген бөлімге өтесіз, әрі қарай қажет басылымды таңдап, төлем жасай аласыз.
Биылғы «Qazaq Forum»-да «Монетизация. Неге бәрі мұз?», «Immersiveness. Қазақстандық журналистика жаңа трендтерге дайын ба?», «From TV to YouTube: бейімделу, тенденция және жаңа мүмкіндіктер», «Танымдық контенттің әлеуеті» тақырыптарында панельдік сессиялармен қатар, «Подкасты қалай жүзеге асыру керек?», «Медиа желіде жасанды интеллекті қолдану тәсілдері» атты шеберлік сыныптары өтті.