Бүгін елордада классикалық шахматтан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қытайлық гроссмейстер Дин Лижэнь ресейлік Ян Непомнящийден басым түсіп, шахматтан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь арасында жоспарланған барлық 14 партия аяқталып, шахматшылардың күштері тең түсті. Сол себепті жеңімпаз тай-брейкте анықталды.
Тай-брейкте шахматшылар рапидтен төрт партия ойнады. Оның үшеуінде екі спортшы тең түссе, соңғысында қытайлық спортшы жеңіске жетті. Осылайша Дин Лижэнь шахматтан 17-ші әлем чемпионы атанды.
Матчтың жалпы жүлде қоры екі миллион еуроны құрайды. Жеңімпаз тай-брейкте анықталғандықтан, Дин Лижэнь соманың 55 пайызын, ал Ян Непомнящий 45 пайызын алады.