Оспанбек түбі сарт болса да, нағыз қазақтың оқығандарының көбіне бергісіз. Саяси іске қатынасып, қазаққа қызмет қылуды өзіне борыш санаған жігіт еді.
Оспанбектің қазаққа қылған қызметтерінің бірі мынау: Қарқаралыда пошта-телеграф канторында тұрған уақытта Ахмет Байтұрсыновтың үстінен хүкіметке қарсы адам деп көрсеткен шағым бойынша Семей жанаралы Қарқаралының үйезіне телеграм берген: «Ахмет Байтұрсынұлының үйін тінтіп, абақтыға жап» деп. Бұл телеграмды өзге шенеуніктерден Оспанбек бұрын біліп, жүгіріп маған келіп айтты: «Ақаңа барып, тезірек хабар бер. Хүкіметке қарсы қағаздарын тықсын!» деп. Мен барып Ахметтің бар кітап-қағаздарын алып, таң атқанша Қарқаралының тасына апарып, Оспанбек екеуіміз тығып едік. Ертеңінде Ахметті тінтіп, түк таба алмаса да, Семейге айдап жіберіп еді.
Шынжы Керейбаев
«Сарыарқа» газеті, 2 йануар 1918 жыл, №27
Әзірлеген
Абай Мырза, мұратанушы