Қоқыстар мен зиянды қалдықтар қоршаған ортаны құртып барады. Әсіресе, ірі қалалардың маңы қоқыстан, ауасы түтіннен көз ашпай отыр. Бұған қатысты қордаланған түйткілдерді тиісті құзырлы мекеменің өкілдерді талқыға салды.
Орталық коммуникациялар қызметінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері – Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы А.Абдуалиев, Экологиялық саясат және тұрақты даму департаментінің директоры А.Ширанов, Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры М.Ошурбаев қатарлы лауазым иелерінің қатысуымен болған брифингте елді толғандырып отырған экологиялық проблемалардың бірі – қалалардағы атмосфералық ауаның ластануы тілге тиек етілді. Мәселен, Алматы және Астана қалаларында ластануының негізгі үш себебі айтылды. Жылу электр орталықтарындағы қазандықтарынан шығатын түтін, автокөліктердің түтіні және жеке сектордан бөлінетін зиянды қалдықтар. Ал Теміртау, Өскемен секілді өндірістік қалалардың ластануына зауыт-фабрикалардан бөлінетін қалдықтар екені, Ақтөбе мен Атырау қалаларында ескірген кәріз-тазарту құрылыстары экологиялық ластанудың негізгі ошағы болып отырғаны айтылды.
Брифингке қатысқан құзырлы мекеме өкілдерінің айтуынша, аймақтардағы экологиялық проблемаларды шешу үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және табиғат жанашырларымен бірлесіп бірнеше талқылау өткізген, соның аясында 485 іс-шараны қамтитын Жол карта бойынша жұмыс жүргізіп жатқан көрінеді. Спикерлердің сөзінше, қазір сол іс-шаралардың 33%-дан астамы (158) аяқталған. Мәселен, қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша 2021 жылы Астанада атмосфералық ауаға шығарылатын қалдықтардың көлемі 86,756 мың тонна болса, 2022 жылы 54 мың тоннаны төңіректеген, демек 30 мың тоннаға азайған.
– Экология және табиғи ресурстар министрлігі былтыр ірі өндірістік кәсіпорындардағы қалдықтардың көлемін төмендету бойынша қадағалау жұмыстарын бастады. Сонымен бірге жеке секторларға газ тарту және жылу электр орталықтарын жаңарту, жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді спикерлер.
Олардың айтуынша, ғарыштық бақылаудың (космомониторинг) көмегімен 2022 жылы 5 683 рұқсат етілмеген қоқыс төгілген орын (полигон) анықталып, 4 331-ы жойылыпты, бұл оның – 77%-ы екен. Демек, спикерлер келтірген сан-цифрға қарағанда, әлі де жойылмаған қоқыс полигоны табылып қалатын тәрізді. Өйткені спикерлер рұқсат етілмеген полигондарды анықтау жұмыстары биылғы наурыз айынан бастап қайта жалғасқанын және алда нәтижелері жарияланатынын айтты.
Сонымен бірге бейберекет қоқыс тастап, заң талаптарын бұзатындар үшін салынатын айыппұл көлемін ұлғайту мәселесі де назардан тыс қалмады. Мәселен, жеке тұлғалар заңсыз қоқыс тастаған жағдайда 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл дегеніңіз қазіргі мөлшермен 34 мың 500 теңгеден 172 мың 500 теңге шамасында болады екен.
Брифинг барысында спикерлер елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар жаңа бастамалар туралы да айтты. Айталық, Экологиялық кодекстің қолданысқа енгізілуіне байланысты жаңа реформаларға, оның ішінде ең үздік технологиялар жөнінде және қоршаған ортаға залал келтіргендер үшін айыппұл төлету жұмысын күшейтуге назар аударды. Сонымен қатар Бюджет кодексіне өзгерістер енгізілгенін, оның 64-бабына сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін экотөлемдер енді қоршаған ортаны жақсартуға жұмсалатыны айтылды.