Бала күнімізде үлкендердің аузынан «қасиетсіз» деген реніш сөзді еститінбіз. Сонда «қасиеті бар адам қандай болады?» деп ойланатынбыз. Жер басып жүре келе қасиеті бар мен жоқты, текті мен тексіздің таразысына гір тасын қоюды өмір шіркіннің өзі үйретті, әртүрлі әлеуметтік топтың ортасына түсіп, қасиетсізден қашып, қасиеттіге жанастық, тексіздің сөзін «ит үредіге...» теңеп, тектіге тоқтадық.
Қансейітті студент кезінен білем. 70-жылдардың ортасында ҚазМУ-дың филология факультетінде оқыды, филфак пен журфактың еншісі бір, филфак мұғалім дайындаса, журфак қара әріпке шұқшиған газетші дайындайды, бірақ әдебиет деген алтын тамыр қалам ұстап, әуреге түскендерді бір-біріне үйір ғып тіл табыстырды, әдебиет деген ақбоз үйдің ішінде бірге ғұмыр кешуді пешенеге жазып, сүрлеуімізді бірге салдық.
Әдебиетші қауым сөз бола қалса, қай классиктің қай күні дүние есігін ашып, көз жұмған сәтіне дейін бірге жүргендей жатқа айтып, жаназасын шығаратын бір алмас қылыш жігіт болды. Сұңғақ бойлы, қоңқақ мұрын, кең жауырын, тіпті күреске салса да жамбасы жерге тиместің өзі болар ма еді. Студент-жастардың семинарлары мен құрылтайларында сөз сөйлеп, баяндама жасап, ғылым жолына түсіп, білім мен зердені алақанына уыстап жүрген сұңғыла студент Қансейіт Әбдезұлы еді. Білгенін айтудан жалықпай, көргенін боямасыз баяндап, әдебиеттің алтын сүрлеуіне түскен жігітің қызыл дипломды қанжығасына байлап, әдебиет пәнін жасөспірімге ұғындырар ұрымтал ұстаздың өзі боп шыға келді. Қарап жүрген жоқ, өзінен төменгі курста оқитын үріп ауызға салғандай Гүлбаршынға оңашада сабақ үйретіп, жан сезімін қоса жеткізіп, махаббат туралы жыр-дастандарды жатқа айтып жүріп, қолына құс ғып қондырды. Екеуінен өрбіген үш қарлығаш қазір көзінің ағы мен қарасы, перзент парызына биік қарап, әке мен ана қасиетін бойына сіңірген ұлағат иелері.
Қансейіт ә дегеннен ғылымға бет бұрды. Аспирантураға түсті, әдебиеттің алтын көмбесіне инемен құдық қазғандай шұқшиып, сол көмбеге біржола сүңгіп кетті. Тәкен Әлімқұлов деген құпия қаламгер оның жан дүниесін олжалап, жолын кеңейтті, «Қайыс белдік»-ті тағып ап, «Қара жаяу» жігітің «Ақбоз ат»-тың белін майыстырып, Тәкен жүрген жолмен айқай далаға қарай тарта берді. «Ел мен жер» деген тұңғыш зерттеу монографиясын жариялады. Қазақ прозасына өзіндік өрнек салған Тәкен оның әдебиеттегі әкесіне айналды, әр сөзі мен әрбір эпизодын екшеп, електен өткізіп, мәні мен мағынасын кітапқұмар оқырманға сыр ғып жеткізді, халық Тәкеннің қиялы мен сөз қатпарларын Қансейіт арқылы терең тани түсті. «Тәкен Әлімқұлов және қазақ прозасы», «Тәкен Әлімқұлов және 1960-1980 жылдардағы қазақ әдебиеті», «Жазушы және заман шындығы» атты зерттеу кітаптары жарық көріп, қазақ ғылымына қазына боп қосылды.
Тарихи тұлғалар тағдырын арқау еткен туындылар қазақ әдебиетінде аз емес. Осы тақырыпқа арналған біраз шығарманың көркемдік ерекшелігі мен орындалу шеберлігіне арналған «Тарихи тұлғалар және қазақ әдебиеті» атты кітап – құнды дүние. Көркем әдебиетте тарихи тұлғалардың жиынтық бейнесін сомдауда қазақ қаламгерлері едәуір жеңістерге қол жеткізді. Олар кімдер еді? Біз қандай кейіпкерлерді жанымызға жақын тұтып, рухани нәр алдық? Бұл жерде де Тәкеннің орны бөлек. Сыншы Тәкен тақырыбын бастан-аяқ саралап, жіліктеп, кейіпкерді көз алдыңа тартып, қасыңа отырғызады. Олар: «Телқоңырдағы» күйші Сүгір мен Сүгірдің әкесі, «Сейтек сарынындағы» Сейтек, «Жиендіктегі» домбырашы Тәпсір, «Қараойдағы» ақын Махамбет, «Ұрыдағы» Мәлке, «Көк қаршығадағы» Ақан сері, «Ел мен жердегі» Сәкен, «Қара қобыздағы» қобызшы Ықылас, «Күйшідегі» Төлеген Момбеков, «Күрең өзендегі» Назар бейнелері. Бұл кітап жоғары оқу орындарына оқу құралы ретінде пайдаланылса, болашақ ұстаздар – ертең шәкірт алдына шығар жас мұғалім осылай терең білім кәусарымен сусындап барады. Бұл кітап тек Тәкен Әлімқұлов емес, қазақ тарихында, қазақ қоғамында әр ғасырда өмір сүріп, әр қилы тағдыр кешкен батырлар мен билер, көсемдер мен шешендер тұлғасын айшықтауымен де құнды. Қорқыт пен Ықылас, Құрманғазы мен Дәулеткерей, Біржан сал мен Балуан Шолақ, т.б. айтулылар бейнесіне қанығып, айызың қанып отырады. Алда-жалда Қансейітке: «Осы Тәкеннің «Орталық шабуылшы» деген әңгімесінің кейіпкері кім еді?» десең, компьютерге, әйтпесе қалта телефонға үңілмей-ақ табанда тоқетерін айтып береді, орталық шабуылшының қорғаушыдан допты қалай алып, қақпаны қалай көздегені өз алдына бір әңгіме. «Бұл жерде қазақтың «Қайрат» боп қатарға қосылуы ғой бізге керегі» деп аңқылдап айтып, ақырына дейін жеткізеді. Өзі жанкүйер, өзі шахматшы, жанрға жаңалық енгізген біртүрлі болмыс Тәкеннің әр басқан қадамы мен табан ізі Қансейіттің көкірегінде сайрап жатыр. Ол сәт сайын жаңарып, жаңғырып тәкентану деген ілім кәрі Қаратаудай биіктеп барады. Тәкен Әлімқұлов кешегі Тәттімбет пен Ақан, Махамбет пен Сәкен, Ықылас пен Сүгір сияқты тарихи тұлғалардың кесек образдарын сомдаса, Қансейіт – Тәкеннің қаламгерлік-адами әдеби образын жасаған сыншы. Бір сыншы Паустовский көтеріңкі романтикалық лепке әуес болса, Тәкен ішкі монологқа, диалогқа көбірек әуес дей келіп, Әлімқұловты Паустовский сияқты аса үздік суреткерлер қатарына «қосылып қалған екен» деген ұғым тумаса керек деп сақтандырғандай болады. Мен айтар едім, Тәкен Константин Паустовскийден бір де кем емес. Орыс қоғамында олардың аттары жүйрік болды, оларды түпнұсқадан таныса, біз аударып-қотарып танылдық. Ал аударма дегенің қотыр жол, қотыр жолға тас төсегенмен жып-жылтыр асфальт бола алмайды. Осы біз қашанғы Әуезовтің маңдайын Сократтың маңдайына телиміз? Әуезовтің маңдайы қазақтың пешенесіне біткен маңдай емес пе? Осыны айтып та Қансейіт біраз тер төкті, оның Тәкенге төккен тері адал.
Әдебиет – Қансейіттің маздап жанған ошағы. Осы киелі ошаққа тамызық тастап, отын лаулатып, жұртты жылытып отыру – оның ең ізгілікті ісі. «Тарих және тағдыр», «Кейіпкер және тартыс» атты кітаптары әдебиет тарихы мен кейіпкер болмысын таразылауда әдебиет ғылымына қосқан зор үлес дер едік. Қазақ әдебиеті тарихына арналған бірнеше оқу құралы да болашақ баспалдағында тұрғандарға даңғыл жол, ілгері тартар ізгі ниет.
Әдебиет пен өнер айтылмай қалған алмағайып заманда өзіне дәріс беріп, өмірдегі жолын айқындаған ірілердің басқан ізін жаңғыртып отыруды ол ешқашан есінен шығармайды. Солардың атын атап, мерейтойы өте қалса, есімін ел тезіне салу да екінің бірі бара бермес салмағы зілдей тірлік. Зейнолла Қабдолов, Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекілбаевтардың атын атап, баспасөзде еңбегін ел есіне салу да осы бір кең пішілген жігіттің еншісінде. Ол шәкірттік парыз бен адамдық, кішілік жолдан ешқашан айныған емес. Өмірі орта жолда кілт үзілген айтулы сыншы Сайлаубек Жұмабековті «Тірілермен тірімін» деп айдар тағып жазған мақаласы бақилық досты шын көңілмен іздеп, мұрасына қамқор болып, есімін еске алайық, тұтанбай қалған отты бірге үрлейік деген сарынмен көңіліңді құлазытса, бір жағынан, өлінің жоқтаушысы бар екен деген ой жаныңды жылытады. «Қарағай тектес, сынса да морт сынатын» сын сардарының әдеби өмірден ерте кеткеніне өкініш білдірсе де, оның рухани екінші өмірі басталғанын көңілге медет тұтып, жазған-сызғанын жария етіп жаңғыртуды кім жанашыр болса, соның есіне салады. Ал «Алаштың рухани көсемі» атты мақаласының орны бөлек. Ахмет Байтұрсынұлы туралы аз айтылған жоқ. Мына мақалада ол қазақ әдебиеттану ғылымындағы «Әдебиет танытқыштан» кейін де алаштық идея, Ахаң бастап берген қазақ әдебиетінің ілімі тоқтап, тоқырап қалмай, Көк тудың мәңгі желбірейтіндігіне иісі қазақты сендіре сөйлейді.
Қансейіт – көсемсөзші. «Таным көкжиегі» деген кітабын оқып, осы жігіт филфакты емес, журфакты бітірсе де, тәп-тәуір журналист атанып, «Қазақ әдебиеті» мен «Жас Алаштың» жұлдызы боп жүрер ме еді деп қаласың. Өмірдің күнгейі мен көлеңкесіне үн қосып отыру – көкірегі сергек зерделі қаламгерге тән құбылыс. Ол айтпаса тұра алмайды, көзімен көріп, қолымен ұстаған нәрсенің ақ-қарасын ажыратуға асығады, кей кездері жүгенге бой бермес жер тарпыған тарпаң ба дерсің.
Ғылым бар да, көркем шығармаға сын айту бар. Сыншының қолында майшам болу керек, өйткені жазушы сыншыға мойынсұна бермейді. Ол сын қайығында отырып та ескегін еркін еседі, жоқтан бар жасауға әуес емес, өзі дәрісін тыңдап, өсиетін бойына дарытқан Зейнолла Қабдолов жүрген соқпақпен аяғын еркін алып, тек әдебиет теориясына ғана бағынып, әділ сөзін кесіп айтып салады. Оның бір қасиеті – шындықты шымбайға тигізіп жеткізу, ұстазы Қабдолов айтқан «әдебиет – ардың ісі»-нің алдында өзін асқақ ұстау.
Қансейітте марапат аз емес. Ресей Ғылым академиясының әдебиеттану саласындағы М.Шолохов атындағы алтын медалінің иегері, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Халықаралық Ш. Айтматов академиясының академигі. Ол үшін ең қымбаты – өзі білім алып, жұртқа ілім үйретіп жүрген, Әуезов пен Қабдолов лекция оқыған аудиторияда болашақ ұстаздарға дәріс беруші профессор деген лауазым. Ол – филология ғылымдарының докторы. «Қызмет қолдың кірі» деп, ғылым десе жанып жүре беретін бойында қасиеті бар осы бір аңқылдаған азаматқа да жетінші ондық «сен енді жас шалсың» деп сорайып, мойнын созып тұрғандай. ҚазМУ мен ЖенПИ-де декан, Абай атындағы ҚазПИ-де проректор боп жүрген кезін еске алса, өзін уақыт шіркіннің алдында, ғылым-киенің артында жүргендей сезінеді. Жүрек шіркін болашағыңа білім бер деп дүрс-дүрс соғады. Аудиторияда лекция оқу оның ең қымбат сәттері, сағынышы дер едік.
...Бірде бір топ қаламгер Өтеген батыр бабаның басына бардық. Ас соңынан ұрпақтары бата сұрады. Сонда Қансейітті білетін бір ақсақал: «Батаны осы жігіт берсін, Төле би бабаның тікелей ұрпағы ғой» деп иегімен нұсқады. Бәріміз солай қарай бұрылдық. Ол кеше мен бүгіннің алтын тамырын байлап, кекселікке бет бұрған кейіпте қасиетті сөз айтты. Үлкен сөз, тыңдаған құлақтың құрышын қандырар тәлімді тағылым. Бата бере білу де – бір қасиет.
Байқаймын, Қансейіт – киені бойына дарытып, пір тұтқан болмыс. Киеде қасиет бар. Үлкеннің үлкендігін, кішінің кішілігін бағалап, жақсылық болса жариялап, жамандық болса жаны күйзеліп отырады. Қасиет дегеніміз осы емес пе? Төле би бабаның атап айтып кеткен лұғаты да осы емес пе? Абыз бабаның жетінші ұрпағы ұлт үшін шыр-пыры шығып жүріп, жетінші ондықтың үзеңгісіне аяқ іліктірсе, санасында әркез ұлтты тұтастандырып, болашаққа бағамды сөз айтқан Төле би бабасының рухы тұрады. Жақсы сөзімен ел-жұртын соңынан ерткен адам – қадірлі. Қатар жүріп кісі қадірін айту да парыз.
Қуандық Түменбай,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты