Жуық жылдардан бері шетелде қазақ мәдениеті орталықтары ашылып, сол арқылы еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, салт-дәстүрін өзге елдерге насихаттау, таныстыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл орталықтардың біразы тыңғылықты түрде халқымыздың мәдениетінің керегесі кеңеюіне септігін тигізіп жүргені анық. Солардың бірі – АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Абай орталығы.
Аталған орталық 2020 жылы Джордж Вашингтон университеті жанында құрылған. Сол уақыттан бері арнаулы жоба аясында ұлы ақын, кемеңгер Абай Құнанбайұлының шығармаларымен қатар, Қазақстанның тарихы, салт-дәстүрі және мәдениеті туралы америкалық сарапшылардың сұхбаттары мен академиялық еңбектері жарық көрді. Орталық жалпы Қазақ мәдени орталығы саналады.
Мазмұнды әрі қызықты контент ұсыну мақсатында «ХХ ғасырда Батыс саяхатшыларының Орталық Азияға жасаған сапарлары туралы құнды жазбалар» айдары ашылып, «Ұлы дала әуездері» подкастар сериясы тыңдармандарға ұсынылды. Орталықтың толыққанды қызметін www.abaicenter.org сілтемесіне өту арқылы оқуға болады.
Осыған байланысты ойларын ортаға салған Абай орталығының продюсері Айтолқын Құрманова: «Абай орталығы – жалпы алғанда, америкалықтар мен ағылшын тілді аудиторияны қазақ мәдениетінің өзгеше әлемімен таныстыруға бағытталған мәдени бағдарлама. Біз мұнда ең алдымен дүние жүзінің ғалымдарына еліміздің мәдениеті, тарихы, өнері, музыкасы, киносы мен әдебиеті жөнінде дұрыс түсінік беру, зерттеу жасауларына көмектесу мақсатында жұмыс істейміз. Олардың мұқият зерттелген және шынайы еңбектері арқылы біз қазақ мәдениетін зерделеуде бұрыннан келе жатқан жаңсақ пікірлер, мифтер, шындыққа жанаспайтын көзқарастар жөнінде тиісті түсініктер беріп, халқымыздың шынайы бейнесін танытуға тырысамыз. Біз бейнероликтер, подкастар, мақалалар, аудармалар жасаймыз және осы әс-әрекетіміз арқылы қазақ әлемінің өзгеше кеңістігін ашуға талпындық. Ұлттық үлгідегі фильмдер, шығармалар, күйлер мен рәміздер шетелдік аудиторияны ғана емес, Қазақстан халқының өзі үшін де қызықты саналмақ», дейді.
Біз сөз етіп отырған Абай орталығының дамуына қаржылай көмек беретіндер де аз емес. Солардың бірі – «Алтыналмас» АҚ басқарма мүшесі, Тұрақты даму жөніндегі бас атқарушы директоры Бахром Джалолов. Ол: «Абай орталығымен серіктестігіміз Қазақстанның тарихи-танымдық тұрғыдан тағылымды дүниелерін ағылшын тілді елдер арасында әлемдік деңгейде насихаттауға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Сондықтан «Алтыналмас» осы орталықтың жүзеге асырып жатқан жобаларын және ұлттық мәдениетті шетелде танымал ету жолындағы құлшыныстарына әрқашан қол ұшын береді», деген ойымен бөлісті.
Мұхиттың ар жағында орналасса да өз халқының рухани құндылықтарын Батыс әлеміне таныстыруды бірден-бір мақсат еткен Абай орталығы арнайы айдарлар ашып, қазақ әдебиетінің жауһарларын, мәдени мұраларын ағылшын тілінде жариялап келеді. Айталық, «Қазіргі қазақ әдебиеті: поэзия және проза», Абайдың, Мұхтар Әуезовтің туындылары мен Әнуар Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» атты романын, «Қазақстанның қолөнер және шығармашылық экономикасы» атты зерттеу еңбегін, Тәттімбет, Қазанғап, Дина Нұрпейісова сияқты күйшілердің шығармаларын ағылшын тіліндегі түсіндірмесімен бірге аталған орталықтың сайтына жүктеп, өзге тілдегі оқырмандарға ұсынды.