Тарихтан ойып орнын алған қайраткер
Дүниеден Эдуард Амвросиевич Шеварднадзе өтті. Тек грузин халқының көсемі емес, әлемдік деңгейдегі үлкен қайраткер. КСРО-ның күйреп, өздерінің тәуелсіздігіне қолы жеткен халықтар оны ұмытпайды. Ол – әлемдік саясатқа да ықпал еткен үлкен орны бар тұлға.
Ол жайында, әсіресе, бұрынғы КСРО елдерінде әртүрлі пікір айтылуы да заңды. Сол кеңестік жүйені құп көргендерге бұл тұлғаның ұнамайтыны анық. Ал сол жүйе күйремей, көп халыққа тәуелсіздіктің келмейтіні де шындық еді. Біраз жұрт оның сол кеңестік дәуірдің сүйкімсіздеу бір басшысы Михаил Горбачевке жақындау болғанын жақтырмай айтады. Өмірден оны да алып тастай алмайсың.
Шеварднадзе әлемдік аренаға кездейсоқ шыққан адам емес. Ол өмірдің қилы баспалдақтарынан өткен. Көп балалы отбасында өскен. 10 жасынан хат тасушы болып табыс тапқан. Тек жақсы оқыған. ЖОО-ға түскенде, ондағы комсомол ұйымын басқарған. 25 жасында қалалық комсомол ұйымына, одан кейін республика комсомолына басшылық етеді. Бұл жол оны республиканың ішкі істер министрінің орынтағына алып барады.
Сол қызметтен республиканың саяси басшысына көтерілуіне қисын таппай қиналатындар бар. Оны да түсінуге болар. Сол тұста, әсіресе, Кавказ елдерінде қылмыс, сыбайластық деген өріс алды. Солармен күресте білегі мықты адам керек болды. Таңдау Шеварднадзеге түсті де, ол Грузия Компартиясының тізгінін ұстады. Ол қызметін барлық талапқа сай алып жүрді. Коммунистік идеяның шырқап тұрған кезінде тіл туралы соған кереғар талапты республика конституциясына алғаш енгізген де Шеварднадзе еді.
Оның әлемдік аренаға шығуы – КСРО-дай кеңестік империяның сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалуы болды. Оған шақырған – КСРО-ның жаңа басшысы М.Горбачев. Олардың бұрыннан таныстығы болған. Грузияға көрші Ставраполь өлкесінің басшысымен әңгіме кезінде «әбден іріп-шіріген дүниені алмастыру керек» дегенді оған айтқан да Шеварднадзе еді дейді жұрт. Горбачев билікке келе салысымен ескі танысын Кремльге шақырды.
Бұрын дипломатиялық жұмыста болмаған Эдуард Шеварднадзе өзінің демократиялық қадамдарымен кеңес еліне басқа жақпен арадағы «темір шымылдықтың» түрілуіне жағдай жасады. Шығыс Еуропадан кеңес әскерлері әкетілді. Сыртқы істер министрі «жаңаша ойлау» саясатын жүзеге асырушылардың біріне айналды. Жұрттың сырт жақта басқа дүние барлығына көзі жете бастады.
Сол тұста Шеварднадзеге «ақ түлкі» деген лақап ат таңылған. Сірә, оның басқамен тіл табысуға шеберлігі үшін айтса керек. Бұл сыртқы істер министріне де кәдеге жарады. Сыртқы жұрт кеңес еліне басқа көзбен қарай бастады. Ол әлемдік қайшылықты айтарлықтай жұмсартқан қайраткер ретінде тарихта қалады.
Жаңаша ойлаудың арқасында КСРО күйреп, біраз елдің тәуелсіздікке қолы жетті. Бұл жаңа өмірдің ой-шұқыры да көп еді. Кей елдер аяқтарын шалыс басып та жатты. Соның бірі Грузия еді. Ел басқарар тұлға табылмай, кездейсоқ келген Гамсахурдианы қуған грузин саясаткерлері басшылық тізгінін ұстау жөнінде Эдуард Шеварднадзеге қолқа салды. Кейін оның: «Егер мен Грузияға келмесем, оның опат болатынын білдім», дейтіні бар. Ол елін 10 жыл басқарды. Рас, абыроймен кеткен жоқ, төңкеріс кетірді. Бұл да уақыттың таңдауы. Оның қарсыластары да көп болды, оның өміріне екі рет қастандық та жасалды. Аман қалып, бүгінге жетіп, ақ өліммен өмірден өтті.
Билікте кім болмай жатыр. Кезінде құдіреттей болғандардың ілуде бірі болмаса, көпшілігі ұмытылған. Шеварднадзе ұмытылмайтындар қатарында.
Ықпалын саудалағаны үшін айып тағылып отыр
Қазір Францияның бұрынғы президенті Николя Саркозидің аты саяси ортада көбірек аталып жүр. Кеше билікте болған кезде беделін, ықпалын саудалапты деген айып тағылып, оған қарсы кәдімгідей іс қозғалған.
Бұл әңгіме біреулерге қызық көрінсе, екіншілеріне саяси күрестің бір жолы сияқты екен. Содан да оның барысына көп адам көз тігіп, құлақ түретіндей. Ақпарат құралдары жамырай жазып, көрсетіп жатыр. Үлкен елді басқарған үлкен қайраткердің тағдыры еріксіз назар аудартады.
Өлі арыстаннан тірі тышқан артық дегендей-ау, күні кеше әлемнің бір үлкен елін басқарған қайраткерді бір полиция бөлімшесіне алып барған (шақырған емес!) көрінеді. Бұл Франция тарихында да алғаш рет ел басшысы болған адамды осындай әрекетпен мәжбүрлеу екен. Сонда оны 15 сағат ұстап, тергеушілер жауап алған.
Енді Францияның бұрынғы (2007-2012 жылдардағы) президентіне қандай кінә тағылып отыр, соған келейік. Тексерушілер оған қызмет бабын өз мүддесі үшін («ықпалын саудалаған») пайдаланған және коммерциялық құпияны бұзу фактісін жасырған деп айыптап, соған дәлелдерді анықтамақ. Тергеу бұрыннан айтылып келе жатқан Саркозидің сайлау науқанына Ливияның бұрынғы көсемі Муаммар Каддафи 50 миллион еуро аударды деген әңгімені қозғаған. Сондай-ақ, Саркози сол сайлау науқанына «Л’Ореаль» компаниясының иесі Лилиан Бетанкурдан 150 мың еуро да алған көрінеді. Өткен жылы прокуратура соңғы жұмысты жапқан да еді. Ал енді бұл жұмыс оны қараған кезде сот Жильбер Азибер президентке оның телефонының тыңдалатынын айтып қойыпты деген айыппен қайта көтеріліп отыр. Сол үшін Саркози оған Монако жақтағы жақсырақ жұмысқа ауысуына ықпал етуге («ықпалды саудалау») уәде еткен дейді.
Айыптың үлкені – осы. Тергеушілер соны дәлелдесе, іс насырға шабады. Бұл ретте Саркозидің адвокаты Тьерри Эрцог, басқа да адамдар куәге жүрмек. Тіке сұраққа сот Азибер де басқа қатардағы пенделердей жалған жауап бере алмайды. Ал Каддафидің ақшасынан, Бетанкурдың демеулігінен бұрынғы президенттің құтылуы әбден мүмкін. Қисынға қарағанда, сол ақшасы үшін Саркози Каддафиді қорғауға тиіс болса, сол монархты құлатуға Францияның белсенді қатысқаны белгілі. Ал Саиф әл-Ислам Каддафидің Саркозиге 50 миллион бердік деуін бас сауғалау деп те қабылдауға болар.
Бұл – Саркози туралы әңгіменің заңдық жағы. Ал саяси жағы бұдан басым болмаса, кем емес-ау. Жақында Саркози, қазіргі биліктегі солшылдардың осал тұстарын есепке ала отырып, саясатқа қайта оралмағын, нақтырақ айтқанда, 2017 жылғы президент күресіне түспектігін мәлімдеген. Содан кейін-ақ оның бұрынғы «қылмыстары» айтыла бастады. Саркозидің жақтастары – оңшыл центристер мұнда саяси астар бар, биліктегі солшылдардың әрекеті деп шу шығарды. Оған солшыл үкімет басшысы Мануэль Вальс тойтарыс беріп, мұнда саясат жоқ, «Францияда ешкім заңнан жоғары тұрмайды, оның алдында жұрттың бәрі тең» дегенді айтты. Бүгін емес, Саркозиге қарсы істер неге кеше қозғалмаған дейді біраз жұрт.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».