Тұрмыстық қалдықтардан қашып құтыла алмасақ та, оны азайтудың жолдарын қарастыру күн өткен сайын көкейкесті сипатқа айналып келеді. Әсіресе ешқашан шірімейтін, өздігінен топыраққа сіңіп кетпейтін пластиктерді екінші рет кәдеге жаратпаса, онда ертең адамзат баласы жүретін жер таппай қалуы да ғажап емес. Сондықтан трансұлттық компаниялар осынау өзекті мәселеге араласуға мүдделі болып отыр.
Мәселен, дәл осы күндері Алматыда «Plastic in Art» атты өңделген пластиктерден жасалған бұйымдар көрмесі ашылып, өнердегі пластиктің «екінші өмірі» оның әдемі әрі берік және кәдеге жарайтын жері көп екенін көрсетті. Кәдімгі пластмасса қақпақтар мен баклашкаларды кәдеге асырған қызықты дизайнерлік шешімдерді тұтынушылық жауапкершіліктің өткір мәселесіне деген жаңа көзқарас десек те болады.
Жоба ұйымдастырушылары биылдан бастап «3.2.1. Старт!» акциясын жастар арасында жандандырып, пластиктерді бөлек жинауға, оны өңдеуді дамытуға және насихаттауға бағыттайтын болады. Дәл осы өзгерістер компанияларға 2030 жылға қарай пластиктерді 100% жинап алу міндеттемесін орындауға көмектеседі деген үміт бар.
Осы бастамаға демеушілік көрсетуге мүдделі болып отырған Coca-Cola Icecek Kazakhstan компаниясы 6 қалада 10 жетекші университеттің студенттерін тартып, олармен бірге одан әрі қарай қалдықтарды екінші рет пайдаға жарату үшін сұрыптау мен жинау идеяларын әзірлеуді көздеп отыр.
«3.2.1. Старт!» 8-жобасына қатысушыларды пластиктер жинау, өз университеттерінде сұрыптау мен қайта өңдеу кестелері жөніндегі тапсырмалар күтіп тұр, ал ең жақсы идеялар байқауды ұйымдастырушылардың қаржылай қолдауымен ЖОО-да жүзеге асырылмақ. Ең үздік идеялардың авторлары маусым айының аяғына қарай марапат ретінде пластиктерді қайта өңдеуден өткізе алатын қымбат жабдықтардың толық желісіне ие болады.
«Біз студенттермен бірлескен күш-жігеріміздің, Қазақстанның эко-қауымдастығының, бизнес және мемлекет өкілдерінің арқасында пластиктерді бөлек жинап алу арқылы қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудың қызықты жолдарын таба алатынымызға нық сенімдіміз. Бүкіл әлем айналмалы экономикаға ұмтылып отыр және оны елімізде дамытудың барлық мүмкіндігі бар», дейді CCI Kazakhstan компаниясының корпоративтік байланыстар мен тұрақты даму жобалары жөніндегі директоры Әлима Исембаева.
Ал көрмеге келушілер қалдықтарды неге сұрыптау қажеттігі, мұны үйде қалай жасауға болатыны, жиналған шикізаттар қайда баратыны туралы білетін болады. Ең бастысы, ұйымдастырушылар пластиктерге шикізат ретінде қарауды, оларға қалай «екінші өмір» сыйлауға болатыны туралы баяндады. Мысалы, көрмеде ұсынылған Trashback-тен мөлдір ваза жасау үшін 29 пэт-бөтелке қайта өңделген, ал бір NOA футболкасына 15 бөтелке қажет болған. Көрменің ең көрнекті экспонатының бірі «3.2.1. Старт!» жобасының алдыңғы маусымында жеңіске жеткен Rocket Plastic командасы ықыласпен жасаған сәкісі десек болады.
Осы арада тұрғындардың белсенділігінің, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігі мен PlastNet желісінің қолдауының арқасында 3 мың тоннадай пластик жиналғанын, оның бір бөлігінен алғашқы 6 пластик сәкі жасалып, олардың Алматы қаласына сыйға тартылғанын, бұл сәкілерді М.Горький атындағы саябақтан көруге болатынын айта кетуіміз керек. Ал қалғаны қайта өңдеуге жіберілген.
АЛМАТЫ