Бұл 1966 жылдың ақпаны еді. Алматыда жапалақтап қар қалың жауып тұрды. Бірақ соған қарамастан адамдар екіден-үштен Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына, Ғылыми кеңестің мәжілісіне келе жатыр. Мұнда профессор Қажым Жұмалиевтің талантты шәкірттерінің бірі – Сейфулла Құспанов «Проблемы перевода поэзии Абая» атты кандидаттық диссертация қорғамақшы. Біздер де, Академияның аспиранттары мен ғылыми қызметкерлері, мәжіліске келіп, залдың орта тұсына орналастық.
Әне-міне дегенше қорғау басталып та кетті. Сәлден соң Ғылыми кеңестің төрағасы, профессор Серғали Еспембетұлы Толыбеков:
– Cлово предоставляется первому официальному оппоненту, доктору филологических наук, профессору Заки Ахметову, – деді.
Мінбеге жарқ-жұрқ еткен көзілдірігі бар, қап-қара қою, бұйра шашты, әдемі, тіпті сұлу десе де болады, жап-жас қараторы жігіт шықты да, қағазға жазып алған пікірін орыс тілінде мәнеріне келтіре оқи жөнелді. Жұрт тына қалды. Оның себебі де бар еді. Осыдан дәл бір жыл бұрын, 1965 жылдың ақпан айында Академияның Біріккен ғылыми кеңесінде Зәки Ахметов «Казахское стихосложение» атты кітабы бойынша докторлық диссертация қорғап, 37 жасында ғылым докторы деген дәрежеге ие болған еді. Зәкеңмен сол жолы танысып, содан бері үзбей жұмыс бабымен де, іссапар жолымен де, отбасымен де тығыз араласып жүрдік. Алғаш рет «амандық – ағадан» деп, үйіне апарып, қонақ етті, әңгімелестік. Содан былай ағалы-інілі, ұстаз-шәкірт ретінде болдық. Зәки аға өзі туралы сирек айтатын. Әңгімесінің көбі – ғылым, мәдениет, әдебиет, Абай, Мұхтар болушы еді. Өзінің құрбы-құрдастары туралы да өте жақсы лебіз айтып жүретін. Олар да Зәкеңді қадірлеп, қастерлеуші еді, оған еш қызғаныш көрсеткен емес. 1975 жылы көктемде Зәки Ахметов Академияға корреспондент-мүше болып сайланды. Өзімен сайлауға бірге түскен Зейнолла Қабдолов Зәкең өткенде бірге қуанып, Зәки ағаның үйіне барғанда: «Зәкидің өтуі – орынды әрі заңды. Ол ғылымға бәрімізден бұрын келді. Мен шын жүректен қуанып тұрмын!» деген еді. Осындай ойды кейін Серік Қирабаев та айтты. Өзінің 75 жасқа толған мерейтойында Серағаң ғылымға өзі қатарлы бір топ жігіттің бір мезгілде келгенін айта келіп, Зәки Ахметовті ерекше атап өтті. «Зәки бізден бұрын ғылым кандидаты болды, – деді ол кісі. – Менің Спандияр туралы кандидаттық диссертацияма Мұхтар Әуезов – бірінші, Зәки екінші оппонент болған. Жалпы, Зәкидің Ленинградта алған ғылыми мектебі – өте мықты фундамент болды. Ол ғалым ретінде өзін ерте танытты».
1976 жылы жазда Зәки Ахметов Академиядағы Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-секретары болып сайланды. Жұмысқа құлшына кірісіп кетті. Сол жылы қыркүйекте Алматыда Бүкілодақтық түркологиялық конференция өтті. Бұл 1926 жылы Бакуде болған түркологиялық съезден кейін өткен жалпы түркілік жиын еді (Ол съезге Ахмет Байтұрсынұлы қатысқан болатын). Алғашында Мәскеуге «түркологиялық съезд» өткізу туралы ұсыныс жасалған-ды. Бірақ Кремль біздерге «съезд» дегенді қимай, конференция деңгейіне түсіріп жіберді (Ол кезде жыл сайын Халықаралық славистер съезі өтіп тұратын). Соған қарамастан конференция съезд деңгейінде өтті. Осы істің басы-қасында Зәкең болып, қыруар жұмыс атқарды. Конференцияға 300-ден аса шетелдік және Ресей ғалымдары, сондай-ақ басқа республикалардың оқымыстылары келді. Түркологтердің съезіне қатысқан Сумбатзадеден (Баку) бастап, әлемге мәшһүр түркологтер Дерфер (Германия), Ярринг (Швеция), Текин (Түркия), Циртаутас (Америка), Кононов, Баскаков, Ломидзе, Овчаренко, Короглы (Мәскеу), Шералиев (Баку), Азимов (Ашхабад), т.б. көптеген маман ғылыми баяндама жасады. Келген адамдардың бәрі де Зәки Ахметовтің біліміне, эрудициясына риза болып, таңғалысты әрі оны талантты, шебер ұйымдастырушы деп бағалап кетті. Шынында да, Зәки аға орасан білімді, эрудициясы мол, әдебиеттануды терең меңгеріп қана қоймай, қоғамдық ғылымдардың әр саласына жетік ғалым болатын. Әсіресе Шығыс пен Батыс мәдениетін ұштастыра зерттеп, адамзат өркениетінің заңдылықтарын жақсы білуші еді. Өз еңбектерінде осы қасиеттерін барынша айқын көрсете білетін. Оның осы ерекшелігін, білгірлігін КСРО әдебиеттанушылары толық мойындайтын, жоғары бағалайтын. Мұны мен бірнеше рет көрдім.
1982 жылы ақпанда Рымғали Нұрғалиев екеуміз Мәскеу түбіндегі жазушылардың «Малеевка» деп аталатын шығармашылық үйінде әрі демалып, әрі жұмыс істедік. Әр республикадан, Мәскеуден, Ленинградтан келген ақындар мен жазушылар, сыншылар мен ғалымдар, әсіресе, Мұстай Кәрім, Кирей Мерген, Александр Овчаренко, Юрий Корякин, Новиков, Николаевтар – бәріміз күнде жүздесіп, ара-арасында бір-бірімізді қонаққа шақырып жүрдік. Қазақтың дәмін татсын деп алып барған қазы-қартамызды дастарқанға қойып, біз де оларды қонақ еттік. Қызу әңгіме жүріп жатыр. Тақырыбымыз – әдебиет, өнер, мәдениет, ғылым мен саясат. Бір кезде КСРО Ғылым академиясының құрамындағы Әлем әдебиеті институтында Горькийді зерттейтін бөлімнің меңгерушісі, профессор Александр Овчаренко орнынан тұрып, бәрімізді өзіне қаратты да былай деді: «У нас в Союзе очень мало исследователей Лермонтова. Их можно сосчитать по пальцам. Один из крупных лермонтоведов страны – Заки Ахметов. Предлагаю тост за его здоровье. Казахи могут им гордиться!». Отырған жұрт шу етіп, қолдап кетті. Рымғали екеуміздің көңіліміз өсіп, қатты қуандық. Қуанбағанда ше? Овчаренко – дүние жүзіне белгілі ғалым. Ол жылына екі рет Америкаға барып, орыс әдебиеті бойынша дәріс оқиды. М.Горький шығармаларының академиялық толық басылымын басқарады. Осындай кісінің аузынан өңкей ығай мен сығайдың алдында әлгіндей бағаны естігенде, көңілің қалай өспейді?
КСРО-ның қай республикасына барсам да, әдебиет пен ғылым мәселесі сөз болса, әріптестер міндетті түрде Зәки Ахметовті сұрайтын еді, оның еңбектері мен өзі туралы әңгімелеп кететін. Мәскеуде, Ленинградта, Киевте, Кишиневте, Ташкентте, Ашғабадта, Фрунзеде, Якутскіде Зәки ағамен бірге халықаралық, бүкілодақтық конференцияға қатыстым. Сонда әдебиеттанушы ғана емес, тарихшы, өнертанушы, тілші ғалымдардың Зәкеңе деген ықыласы мен құрметі айрықша екенін талай рет көрдім.
ММУ-да 1989 жылы 2 маусым күні мен докторлық диссертация қорғайтын болдым. Бірінші оппонентім – академик Зәки Ахметов, екінші оппонентім – профессорлар Халық Короглы (ММУ-дан), Сергей Азбелев, (ЛМУ-дан). Олар бәрі уақытында келді. Бірақ Ғылыми кеңестің мүшелері – түгел емес. Сағат екі болды. Үш кісі әлі жоқ. Бұл кезең – қайта құрудың үдеп тұрған шағы болатын. Андрей Сахаров бастаған демократтар күн ара Лужникиде 100 мың кісі жинап, митинг өткізеді. Оның үстіне КСРО халық депутаттарының съезі жүріп жатқан. Тікелей телетрансляция елді теледидарға байлаған. Әлгі үш кісі соның қайсысында екені белгісіз, әлі жоқ. Сағат 14-тен 15 минут кетті. Мен қауіптене бастадым. Зәкең маған қарап күліп қояды. Кеңестің төрағасы Василий Иванович Кулешов сағатына қарады да: «Кворума нет. Может быть, защиту отложим?» – деді орынбасары Владимир Прокопьевич Аникинге бұрылып. Содан соң В.Кулешов басын көтеріп, залға көз тастады. Абырой болғанда – Зәкеңді көре қалғаны! Көрсе сап, В.Аникинге: «Ой, здесь Заки Ахметович сидит. Неудобно перед ним. Давайте начнем. Остальные члены подойдут!» – деді де, Ғылыми кеңестің мәжілісін ашық деп жариялап жіберді. Ал, В.Кулешов деген кісі жанды менсінбейтін, тәкаппар адам-тын, ММУ-да орыс әдебиеті кафедрасын меңгеретін және КСРО ЖАК-ында сараптау комиссиясының төрағасы болатын. Ол – классикалық орыс әдебиетінің тарихына, орыс әдеби сынына арналған іргелі зерттеулердің авторы, бүкіл Одаққа беделді профессор еді. Міне, соның өзі Зәки ағаны мойындап, құрмет тұтатынын ашық көрсетті.
Шынын айту керек, кеңес өкіметі кезінде Мәскеу мен Ленинград оқымыстыларына өзіңді таныту, мойындату – өте қиын іс болатын. Ал Зәки ағаны жоғарыдағы атақты ғалымдардың жоғары бағалауына, сөз жоқ, ол кісінің өте жоғары теориялық дайындығы, энциклопедиялық білімі, логикасының күштілігі, зерттеулерінің іргелі сипаты негіз болды деп ойлаймын. Соның ең негізгі дәлелі – әйгілі «Казахское стихосложение» атты зерттеу монографиясы.
Жалпы, Зәки Ахметовтің аталған еңбегінде қазақ әдебиеті теориясының поэзияға қатысты ең іргелі проблемалары зерттелген. Атап айтқанда, қазақ өлеңінің құрылысы, халық поэзиясындағы ән мен өлең түрлері, қазақ өлеңі құрылымын дамытудағы Абайдың рөлі, қазіргі өлең мен өлең құрылымындағы жаңашылдық...
Зәкең поэзия теориясын, өлеңтану (стиховедение) мәселелерін өмір бойы зерттеді, әр кезде оның әртүрлі аспектісін қарастырып отырды. Тіпті бертінгі кездің өзіңде қайта-қайта поэзия теориясына көңіл бөліп, 1994-1995 жылдары қазақтың «жыр» өлшемін түрік өлеңімен және «Манастың» өлеңдік құрылымымен салыстырмалы түрде зерттеп шықты. Сондай-ақ 2002 жылы «Основы теории казахского стиха» атты монография жариялады. Мұнда ғалым қазақ өлеңін басқа қырынан қарастырды. Мәселен, қазақ поэзиясындағы өлең құрылымының жүйесі, тармақтың ырғаққа бөлінуі, силлабиканың ырғақтық әрі буындық негізі сияқты бұрын жеткілікті деңгейде зерттелмеген проблемалар өз шешімін тапты. Зәкеңнің ең соңғы еңбегі де поэзияға арналған. Ол «Поэзия шыңы – даналық» деген атаумен Зәки аға дүниеден көшкеннен кейін, жақында жарыққа шықты.
Академик Зәки Ахметовті Одақ көлеміне мәшһүр етіп, мойындатқан – тек теориялық еңбектері ғана емес. Аса көрнекті ғалым деген атаққа ие қылған сондай-ақ оның әдебиет тарихы, әдеби байланыс, текстология мен аударма жөніндегі зерттеулері екені сөзсіз. Әсіресе оның Мәскеу мен Ленинградта жариялаған еңбектері, соның ішінде «Тургеневский сборник», «Лермонтовская энциклопедия», «История всемирной литературы», «История советской многонациональной литературы», «Краткая литературная энциклопедия», «Народы мира» атты өте беделді, маңызды әрі қомақты басылымдарда шыққан мақалалары мен очерктері, эсселері Зәки Ахметовті Кеңес Одағындағы ең көрнекті әдебиеттанушы ғалымдардың алдыңғы қатарына шығарды. Сөз жоқ, ол кісінің КСРО көлеміндегі ғалымдар арасында өте беделді болуының тағы бір себебі – орыстың классикалық әдебиетін, Пушкинді, Лермонтовты, Тургеневті жетік біліп қана қоймай, оларды Ресей ғылымының деңгейінде зерттегенінде де еді. Ол қазақ әдебиеті тарихындағы Шоқан, Абай, Шәңгерей, Мұхтар, Ғабит сияқты ұлы классиктерді де сол биіктік талабынан зерделей алды. Бұл да оның ғалымдық тұлғасын сипаттады. Зәки аға еңбектерінің ағылшын, армян, белорус, молдаван, татар, түрік тілдерінде бірдей төгілте жазып, сөйлеп, ойын мүлтіксіз жеткізе білуі де ол кісінің кең масштабты, жан-жақты білімі бар оқымысты екенін де жақсы айғақтады.
Зәкеңнің тұла бойы тұнған әдемілік еді, жаны да, тәні де, іші де, сырты да сұлу болатын. Нағыз эстет еді. Скрипкада тамаша ойнайтын. Елу жасқа келгенінде Өмірзақ Айтбаев, Мекерия Атымов, Қабиболла Сыдиықов төртеуіміз құттықтай үйіне бардық. Өте қонақжайлылықпен қарсы алды, небір қызықты әңгіме айтып, ақжарқын, ашық күлкісін бәрімізге сыйлап, тамаша отырды. Бір кезде скрипкасын алып, құлағының бұрауын келтіре бастады. Біз елең ете қалдық, аң-таңбыз әрі дән ризамыз. Маған домбыраны, Өмірзаққа мандолинаны алып келді. Біз құлақ күйін келтірдік. Содан соң Зәкең қазақ әндерін бірінен соң бірін ойнап кетті. Біз де қосылып кеттік. Халық әндері, Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Ахмет Жұбанов шығармалары орындалды. Өмірзақ ән салды, бәріміз айтамыз. Ара-арасында Зәкең аяғымен ырғақ тактісін, темпін күшейтіп қояды. Сәлден соң бізге ұлдары Мұрат пен Мұхтар аккордеон мен гитараны алып қосылды. Зайыбы Зия апамыз күліп, рахаттанып отыр. Өте жақсы бір кеш өткіздік.
Бірде Мәскеудің Чистопрудный бульварында қыдырып, Пушкиннің 190 жылдығына арналған іс-шараларды қызықтап жүрдік. Әңгіме тақырыбымыз әр алуан. Бір сәтте «Зәке, скрипканы қайдан үйрендіңіз?» – деп сұрадым. «Ой, ол бір қызық жағдай, – деп Зәкең біраз естелік айтты. – Мен Алтайдың оңтүстік батысындағы Айыртау деген сілеміне орналасқан ауылда туған екем. Қиыншылық болған соң ата-анам Лениногорға көшіп барыпты. Мектепте сонда оқыдым. Әкем ісмер кісі еді. Етік тігетін. Көрші үйде бір ауып келген еврей ме, білмеймін, зиялы адам болды. Содан, әкем келіскен екен, музыка сабағын ала бастадым, бірте-бірте скрипка тартып, нота бойынша ойнайтын болдым, ресми түрде музыкалық оқу орнында оқығам жоқ. Әкем көп сөйлемейтін, мінезі салмақты, іске тыңғылықты адам болатын. Ал анам ақжарқын, көпшіл, әзілқой, ашық, мінезді еді, ән де салатын. Сол бала кезден скрипка тартам, студент кезімде де, аспирантурада оқығанда да тастағам жоқ. Қазір уақыт та жоқ, қол да бұрынғыдай жүрмейді», – деп аяқтай бергенде: «Зәке, Зия апаймен қалай таныстыңыз?» – деп сұрап қалдым. – Өй, оны кейін тағы бір реті келгенде айтармын!» – деп, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберді.
Бір бойында ғылым, әдебиет, өнер тоғысқан Зәки Ахметов не нәрсенің болса да әдемі болуын қалайтын. Ол әдебиетті – өнер, өлеңді – эстетика деп түсінетін. Поэзияны өте жақсы білумен қатар аса бір зеректікпен танитын, қызғана қорғайтын. 1975 жылы Академияға бір жігіт Абайдың «Қансонарда» өлеңінің варианты деп бір текст алып келді. Екінші жолы «Таудан түлкі табылар аңдығанға» болып келеді екен. Осыны оқи сала Зәкең: «таудан» емес, «тастан». Абай «таудан» деп айтпаған, айтуы да мүмкін емес. Өйткені ақынның айтпағы – түлкінің қолға оңай түспейтіні. Таудан түлкі аңду – еш қиын емес. Ал тастан аңду, тастың арасынан табу – қиын, әрі поэзия үшін бұл өте ұтымды!» – деп қайырып тастады.
Абай шығармаларына Зәки аға өте сақтықпен қарайтын. Ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге 1957 жылы Абай шығармаларының екі томдық жинағын баспаға даярлап, шығарғаны белгілі. Сонда Мұхаңның әр сөзге қаншалықты мән бергенін, қандай мұқият текстологиялық жұмыс жүргізгенін өз көзімен көргенін, Мұхаңның: «Абай өлеңін көбейтеміз деп, көбіктендіріп алмайық, сақ болыңдар деген» сөзін жиі айтатын. Мұхтар Әуезов сияқты Абай поэзиясын түгел жатқа білетін Зәкең ұлы ақын шығармаларын 6 рет жинақ етіп құрастырып, ғылыми түрде жарыққа шығарыпты. Осының өзі оны, үлкен текстолог маман ретінде толық мінездесе керек.
Зәки Ахметов – ішкі мәдениеті өте жоғары, мейлінше кішіпейіл, жаны таза азамат еді. Көрініп қалуға, жақсы көрінуге ұмтылмайтын (Содан да болар, бірде- бір орден алмапты). Кісінің қас-қабағына, көңіл күйіне үлкен мән беріп, жағдайын түсінуге тырысатын. Жақсылық істеуге даяр тұратын, адамдарға өзі секілді қарап, үлкен сенім артатын. Кейде сенгіштігі өзіне зиян әкеп жатса да, сабырлық танытып, ұстамдық көрсетуші еді. Алайда 23 жасында ғылым кандидаты, 37 жасында ғылым докторы болған, Кеңес Одағына атағы тараған талантты ғалым Зәки Ахметовтің өмір жолы ылғи да шуақты болған жоқ. 1986 жылғы Желтоқсанның ызғары оған да тиді. Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті әрі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып тұрған кезінде Г.Колбиннің қаһарына ілігіп, нақақтан-нақақ жапа шекті. Қызметтен алынды, депутаттық мандатын тапсыртып, өкілеттігін тоқтаттырды. Ол аз болғандай, 1987 жылы жазда Зәкеңнің партиялық мәселесін қаратты. Институттың партия жиналысына салып, оған қатаң сөгіс жариялап, есеп карточкасына жазу талап етілді. Бір жақсысы – институттың партия ұйымы оған барған жоқ. Рас, партия жиналысы өте қызу әрі ауыр өтті. Қатаң сөгіс беруге мен қарсы шықтым. Осы тұста Борис Ерзакович, Зейнолла Серікқалиев, Ләйла Әуезова Зәкеңнің кінәсі жоғын дәлелдеп, принциптілік көрсетті.
Әділетсіздікке тап болған Зәки аға, әрине, іштей қынжылды, бірақ мойыған жоқ. Ол өзін нағыз ғалым, шынайы интеллигент, үлкен жүректі азамат ретінде көрсетті, ешкімді кінәлаған жоқ, ғайбат сөзге бармады. Өзінің сүйікті ісі – әдебиетті зерттеуге түгелімен берілді, содан өзіне жұбаныш тапты. Талантына қоса орасан еңбексүйгіштігі арқасында тағы төрт монография жазып, ондаған мақала жариялады. Нәтижесінде, 1995 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Зәки аға – шын мәнінде шығармашылық адамы еді. Үнемі ізденіс үстінде, ойда жүретін. Жұмыстан шаршаған кезде далаға шығып, ылғи 1-2 сағат таза ауада жүреді (Жалпы, өзі жаяу жүргенді жақсы көретін). Сол әдеті бойынша 17 желтоқсан күні Астанада басылып жатқан кітабының гранкаларын оқып отырып, кешкі сағат 17-лерде таза ауа жұтуға асығыс киініп, далаға шығып кетіпті. Содан үйге оралған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша, апақ-сапақта ғайып болды. Қайда? Неге? Түсініксіз... Қайда кетті? Жұмбақ... Әлде өзі айтып жүретін Мұзтауға қыран боп, самғап кетті ме? Әлде көк аспанға ұшып, жұлдызға айналып кетті ме?.. Әйтеуір, бәрімізді өкіндіріп, өзегімізді өртеп кетті... Өкіндіретіні – Зәки Ахметовтің адами да, ғылыми да әлеуеті мол еді. Атқарамын деп жүрген жоспарлаған жұмысы да көп-ті. Соңғы жылдары өте жемісті еңбек етіп, бірінен соң бір кітап шығарып, мақалалар жазып жүрді. Көптеген ғылыми конференцияда баяндама жасады. Дулат Бабатайұлының шығармашылығы, оның әдебиет тарихында алатын орны туралы өте салиқалы баяндама жасап, Семей елін риза еткен болатын. Дулаттың, Шәкәрімнің, Сұлтанмахмұттың ғылыми жинақтарын даярлауға басшылық жасады. Әсіресе, 2003 жылы тойланатын Махамбеттің 200 жылдығына орай ақынның 4 томдығына шұғыл кірісіп, үлкен іс атқарып жүрген-ді. Осының бәрін аяқтай алмай кеткеніне өкіндік.
Өзегімізді өртегені – Зәкидей абзал, жүзінен нұр тамған, жаны таза азаматтың күтпеген жерден мерт болуы. Ондай адамның өмірі бұлай қиылмауға тиіс еді. Амал не, тағдыры солай болды. Көңілге медеу болатыны ғалымның өте құнды ғылыми мұрасы қалды, көптеген шәкірті бар, солар оның ісін жалғастырады деген сенім бар. Ал оның еңбектері еліне, халқына, Отанына әлі де ұзақ уақыт қызмет етіп, пайдалы болатыны күмәнсіз. Ендеше, оның есімі ұмытылмайды.
Сейіт Қасқабасов,
ҰҒА академигі