Мақаламыздың тақырыбы романтикаға тұнып тұрғанымен, өте өзекті мәселенің бірін қозғауға мәжбүрміз. Бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары жастарды да жағалап жүргенін, тепсе темір үзетін жастағы азаматтарымыздың өмірі кенеттен үзіліп жатқанын көріп жүрміз.
Махаббат – биохимиялық үдеріс
Сонымен кейінгі бірнеше жылда елімізде өлім-жітім қайта азайып, пандемияға дейінгі қалпына оралды деуге болады. Ұлттық статистика бюросы берген мәлімет бойынша 2022 жылы 134,7 мың адам қайтыс болса, бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда біршама аз екен. Бірақ жалпы қайтыс болғандардың 22,6%-ы қан тамырлары кеселдерінен екен. Тіпті бұл кеселдің кесірі онкологиялық дерттердің өзін жолда қалдырады (10,3%). Тыныс жолдары ауруларына 9,7% тиесілі болса, қалған 40,1% қайғылы оқиға немесе 54 мың өлім бүкіл кесел біткеннен келеді екен.
Ал енді сау адамның жүрегін сырқат қылатын себептер қандай дегенде, түрлі мамандардың пікіріне жүгініп көргеніміз жөн. Мәселен, Алматыдағы Президент Іс басқармасы медициналық орталығы – Орталық клиникалық ауруханасы басшысының орынбасары Данияр Аманғалиев: «Дәрігерлер махаббатты биохимиялық үдеріс деп есептейді. Керек десеңіз, функционалдық МРТ да ғашықтықты көреді. Адамда ғашықтық сезімі болғанда жағымды әсер тудыратын дофамин – нейромедиатор бар органның «жанданып» тұрғаны кескіннен байқалады. Рентген адамның – қимыл, есту, көру және эмоциялық сезімін көрсетеді. Мысалы, «жүрегім қарс айырылды», «жүрек драмасы», «сен менің жүрегімдесің» деп айтып жатамыз, неге бауыр, асқазан немесе көкбауырмен байланыстырмаймыз? Махаббат сияқты басқа да күйзеліс, қорқыныш, құса болу, торығу сезімдері – бұл жүрек қағысы, бас айналу және әртүрлі химиялық реакциялар тудыратын эмоциялар», дейді.
Осы орайда хирург кез келген уайым адреналин сияқты гормондар бөліп, ол қан тамырларын тарылтатынын, нәтижесінде, жүрегіміздің шаншығанын, ауырғанын, жиі соға бастағанын, яғни жүрекке салмақ түскенін сезуге болатынын айтады.
«Жүрекпен қабылдау дегеніміз де – осы. Ғашықтық сезімін де жүрекпен байланыстыру әлмисақтан бар. Айтқандай, қазақтар жақынын «бауырым» дейді, себебі бауыр да аса маңызды ағза болып саналады, әйтсе де сүйікті адамын көбіне жан дүниесімен байланыстырады. Әрине, махаббаттың да пайдасы бар, адамды құстай ұшырады. «Beatles» да «Сізге ең керегі – махаббат» деп ән салмай ма? Басқа эмоцияларға қарағанда, адамдардың махаббаттан көретін зияны аз. Алайда «жаралы жүрек синдромы» қауіпті болуы мүмкін, адамдар табыспаған сезімдерімен, соның ішінде тіпті, инфаркпен де дәрігер-кардиологтерге келеді, бұл дегеніміз – күйзеліс, уайым, торығу, невроз. Өз басым жүрекпен емес, ақылмен жақсы көруге кеңес беремін. Сезім санада пайда болады, ал жүрек болса, ағзадағы өзгерістерді көрсетеді, ол махаббатты түсінбейді, қорқыныш, күйзеліс, қауіптілік, үрейлену кезіндегідей гормондардың бөлінуі әсерінен оның соғысы жиілейді. Психологиялық жағдайы бірқалыпты, байсалды әйелдер мен ер адамдар да осындай шағыммен жиі келіп жатады. Қазір де Қозы Көрпеш пен Баян сұлулар бар шығар? Бірақ бүгінгі таңда неше түрлі ақпарат, еліктіретін дүниелер өте көп, осы эмоциялардың бәріне көз де қатысатындықтан өз ағзаларымызды қадағалағанымыз, сақтағанымыз жөн», деді Д.Аманғалиев.
Жастардың 47%-ы жүрек ауруын түсінбейді
Ал енді ғалымдарға сөз берсек, жастар инфарктан жиі зардап шеккенімен, бұл кеселдің дамуына қандай қауіпті факторлар әсер ететінін бағамдай бермейтінін алға тартады. Нақты мысал келтірсек, Огайо штаты университетінің зерттеушілері 45 жасқа дейінгі 2 мың адаммен сауалдама жүргізгенде, 47%-ы жүрек ауруының қаупі бар екенін білмейтінін көрсеткен. Қатысушылардың үштен бірі инфарктың не екенін де білмеген.
«Жастардың жүрек ауруына шалдығу қаупін сезінбейтіні алаңдатады, бірақ бұл – таңғаларлық жағдай емес. Олардың көпшілігі инфаркт тек егде жастағыларға тән деп ойлайды, шындығында олай емес», дейді Огайо штатының Векснер Медициналық орталығының профилактикалық кардиология бөлімінің директоры, доктор Лакшми Мехта.
Тағы бір дереккөз жыл сайын елімізде 40 мыңнан аса адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болатынын, жастар арасында кенеттен қайтыс болу оқиғалары жиілегенін көрсетеді. Кенеттен қайтыс болғандардың 90%-ында жүректің қызметі бұзылған. Мұндай жағдайлардың саны жыл сайын артып келеді және тәуекел аймағында жастар бар. Статистикаға сәйкес, өлім шамамен 13%-ға өскен, оның 24%-ы – кенеттен болатын өлім.
Алашапқын өмір, күйзеліс пен зиянды әдеттер жүрек пен қан тамырлары ауруларын бара-бара жастарға да таңып жатыр. Бұл аурулардың өршуі бүгінгі өмір салтынан да туындайды. Мысалы, шылымқорлық қан тамырлары қызметін нашарлатып, жүректің ишемиялық ауруының даму қаупін арттырады. Аз қимылдау мен артық салмақ та жүрек кеселдерін өршіте түсетіні аян. Сондықтан дәрігерлер инфаркт белгілерінен хабардар болу мен жедел жәрдемге дер кезінде жүгіну өмірімізді ұзарта алатынын айтумен келеді.
Мысалы, Алматы қалалық кардиология орталығы кардиология бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Жәмила Алдабекова: «Бұрын жүрек аурулары көбіне егде жастағыларды айналдырса, қазір орта жастағы адамдарда аталған кеселдің өршуі байқалады. 35-40 жас аралығындағылардың кардиологқа бірінші рет келуі – сирек кездесетін жағдай емес», дейді.
Инфарктың басты белгісі
Сонымен қандай жағдайда кардиологке жүгіну керек деген сауалға жоғары санаттағы дәрігер: «Егер сізде ентігу, аяқтың ісуі, жүректің себепсіз жиі соғуы, қан қысымының 140/90-нан жоғарылауы, физикалық күш түскеннен кейін, яки психоэмоционалды күйзелістен кейін пайда болатын кеуденің сол жағындағы ауырсыну шағымдары болса, дәрігерге қаралу керек», дейді.
Мамандар инфарктың басты белгісі денеге физикалық күш түскеннен немесе психоэмоционалды күйзелістен кейін кеуденің сол жақ жартысынан сол қолға, жауырын астына, мойынға таралатын, 15-20 минуттан аса уақытқа созылып, осыдан кейін жанға қатты батып ауыруы дейді. Қосымша симптомдарына кенеттен ентігуді, қан қысымының төмендеуін, адамның есінен тануын жатқызуға болады.
«Бұған дейін бәріміз инфарктың себебі холестериннің жоғарылауынан деп келдік. Бірақ әлемдік ғылыми қауымдастықтың соңғы еңбектері тіпті қандағы холестерин деңгейі төмен адамдарда жүрек соғысы болуы мүмкін екенін көрсетті. Негізгі себеп – коронарлық тамырлардағы түйін немесе олардың спазмалары. Түйіншектер жоғары холестерин деңгейіне емес, ағзаның ұзақ мерзімді жүйелі ауруларына байланысты болуы мүмкін. Мысалы, ковид пандемиясынан кейін инфаркпен ауыратын науқастардың саны күрт өсті, өйткені коронавирус тек өкпеге ғана емес, тұтас бүкіл денеге, соның ішінде жүрек тамырларының ішкі қабығына әсер етеді», дейді кардиологтер.
Сонымен қатар қант диабеті, созылмалы аурулармен ауыратындардың мысалы, ревматоидты артрит, онкологиялық науқастардың жүрек тамырларының зақымдану қаупі жоғары. Сол сияқты қандастарымыз майлы етті сүйсініп жегенімен, көкөністерге аса әуес емес, бұл да денсаулыққа айтарлықтай әсер етеді. Әрине, жоғары холестериннің тұқым қуалайтыны бар, олар тұқым қуалайтын дислипидемиялар деп аталады. Сондықтан 30-дан асқаннан кейін жыл сайын холестерин мен оның барлық фракцияларын – липидограмманы анықтап жүрген маңызды.
Ең бастысы, мамандар әркімнен естіп алған, жүрек ауруына қарсы дәрі-дәрмекті өз бетімен қабылдауға болмайтынын айтады. Өйткені кардиологиялық қана емес, барлық препараттың дәлелденген әсер ету механизмі, белгілі бір көрсеткіштері мен мөлшері бар.
«Науқастар көбіне жарнамадан көріп, аспирин препараттары – тромбопол, тромбоасс, кардиомагнил, астромбин жүрекке жақсы әсер етеді деп жаңылысып жатады. Әрине, бұл дәрілер қанды сұйылтқанымен, оны өз бетінше қабылдау асқазан жарасын тудырады. Сондықтан егер препаратты теледидардан көріп, туыстарыңыз бен көршілеріңізден естіп, өз бетінше ішетін болсаңыз, керісінше зиян тигізуі мүмкін», дейді дәрігерлер.
Мамандар басқа да сұрақтарға жауап бере келе, жүрек ауруларын неврологиялық аурудан қалай ажыратуға болатынын айтты. Өйткені екеуінде де жүрек шаншуы мүмкін. Егер ауырсыну бірінші рет пайда болса, онда сіз медициналық қызметкерлерге, емханаға барғаныңыз жөн немесе жедел жәрдем шақыру керек. Неврологиялық ауырсынулар тұрақты, қозғалыс кезінде күшейеді. Кеуде қуысын қолмен басқан немесе тыныс алған кезде ауырсыну күшейсе, онда неврологиялық кеселдерден күдіктенген жөн. Бірақ дерттің нақты диагнозын мамандар ғана қоя алады.
Сондықтан кардиолог Жәмила Алдабекова «ауру – астан» деген мәселені аттап өтпей, жүректің жұмысына пайдасы зор азық-түліктерді де тізбелеп шықты.
Қорыта айтқанда, білетін адамды, мәселені түсінетін маманды тыңдаған жөн. Бір ғана Алматы қалалық кардиология орталығына жылына 15 мыңдай науқас түсетіні бәрімізді ойландыруы керек.
АЛМАТЫ